Қазақстанда болып жатқан әрбір жаңалық әлем назарынан тыс қалмайтыны белгілі. Оған таң қалудың да қажеті жоқ шығар. Дейтұрғанмен, намысқой қазақтың ұрпақтары айдай әлемге тек қана жақсы атымызбен танылуды армандайтынымызды несін жасырайық. Өкінішке орай біздер солай армандағанымызбен, кейде керісі келіп жатады. Кейбір шетелдіктер біздің мал сойып жегеніміздің өзін жақтырмайтын секілді. Алайда адамзат баласы қажеттілігі үшін ет тұтынатындығын ескерсек, бұл әңгімелерді елеудің керегі шамалы сияқты. Алайда қасапханадағы қатыгездіктерге өзгелерді қойып, өзіміз де риза емеспіз... Бұлар бөлек әңгіме. Біздің айтпағымыз жануарларға көрсетіліп жатқан қатыгездіктер туралы. Былтыр Ақтаудың жағажайларының бірінде суға шомылып жүрген адамдар жағаға жүзіп келген итбалықты байқап қалып, оған жабыла кетіп, таяқпен және таспен ұрған. Осы көріністі видеоға түсіріп алған біреулер желіге жариялап кеп жіберген замат, бірден еуропалықтардың назарына іліккенін қайтерсіз? Олар да үнсіз қамайды. Сол жақта отырып, қазақтардың мұншалықты қатыгез екендігін бетімізге былш еткізіп айта салды. Негізі бұдан бұрын да Ақтау жағажайларының бірінде итбалықты ұрғандар туралы жаңалықтардан берілген еді. Ал осы жолғысы кәдімгідей «халықаралық аңыс қозғайды» деп ешкім ойламаған екен. Сосын Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы өз пікірін білдірді. «Жақында Маңғыстау облысының Ақтау қаласында балалар итбалықтарды таспен және таяқпен ұрды. Бұл жабайылық. Балаларды кінәлаудың қажеті жоқ, өйткені мектепте және үйде ешкім бұлай жасауға болмайтынын түсіндірмеген. Мен иттерді ұрып-соғып, қылқындыратын үйреншікті жағдайларды айтып та жатқан жоқпын. Менің ойымша министр Аймағамбетов осы мәселеге қатысты ойлануы керек»,- деді Мемлекет басшысы. Кейін «жануарларға қатыгездік жасағанар жауапкершілікке тартылды» деп жатты, онан «қатысушылардың толық болмағандығы себепті іс тоқтатылды» дегенді тағы оқыдық...
Бізде соңғы кездері жылт еткен жаңалықты желіге салып жіберіп, артынан өкініп отыратындар көп. Сондай «аңғал» адамдардың қолымен итті, мысықты тірідей өртеген адамдардың әрекеттерін көріп жағамызды ұстайтын едік. Осы мәселелерді көзде ұстаған болуы керек. Жақында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан дайындалған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң жобасы» Парламентке ұсынылды. «Жануарларды қорғау туралы жеке заң қатыгездік, иттерді таластыру, жануарларға анестезиясыз операция жасау, сабау, оларды заңсыз аулау сияқты адамгершілікке жатпайтын әрекеттерге тосқауыл қояды деп күтілуде. Жануарлар қорлаудан нашар қорғалған. Сондықтан қолданыстағы Әкімшілік кодекске және Қылмыстық кодекске бірқатар өзгерістер енгізілетін болады. Сол өзгерістерге сәйкес жануарларға жауапкершіліксіз қарағандарға тағайындалатын жаза түрлері қатаңдатылады», – дейді министрлік сайтындағы хабарда. Ал заң жобасын талқылаған депутаттар заң жобасын жұмысқа қабылдауға және ол бойынша тиісті қорытынды дайындайтындарын жеткізді.