Дүниежүзілік бокс қауымдастығының (WBA) комитеті орта салмақтағы суперчемпион Геннадий Головкин мен осы санаттағы чемпион Эрисланди Лара арасында жекпе-жек өткізуді міндеттеді. Осыған байланысты Головкин мен Лараның жекпе-жекке қатысты бір келісімге келуі үшін бір айдай уақыты бар. WBA хабарламасында уағдаластыққа берілген уақыт 23 қазанға дейін деп көрсетілген. Негізінен, WBA ережелері бойынша чемпион атанғаннан кейін 120 күн өткен соң ресми үміткер белгіленіп, ол өз титулын қорғауы үшін сол спортшымен рингке шығуы керек. Егер белгіленген мерзімге дейін Головкин мен кубалық боксшы Лара жекпе-жек туралы өзара келісімге келе алмаса, Головкиннің пайдасына 75-тен 25 пайызға дейінгі арақатынаста жүлде қоры бөлініске түсетіндей шартта промоутерлік сауда тағайындалады.