Кемертоғандағы Наурыз тойы

Кемертоғандағы Наурыз тойы

Көктем келіп, айналамыз жылынып, жер-жерде  Наурыз тойы өтіп жатыр. Сондай мерекелік отырыстың бірі – Алматы облысы Қарасай ауданы  Іргелі ауылдық округіне қарасты   Кемертоған ауылы, 17 квартал тұрғындарының ұйымдастыруымен өткен  «Қош келдің, әз Наурыз!» атты тойы. Іргелі әкімшілігінен Іргелі ауылдық округі Аналар кеңесінің жанынан құрылған «Дархан дария» атты  ардагер ата- әжелер ансамблі қонаққа  келіп, өздерінің ән-шашуын жолдады.  Аналар кеңесінің төрайымы Раиса Мутанқызының айтуынша, бұл ансамбль 2022 жылы құрылып, жұмыс істей бастапты. «Ансамбльдің мүшелері жасы 65-80 аралығындағы зейнетке шыққан ата-әжелер. Жаңа көрдіңіздер, олардың қалай тамаша ән айтып, би билегендерін. Әсіресе жасы 80-ге таяп қалған әжеміз мың бұрала билегенде және көмейіне бұлбұл қонақтаған Нұрдәулет апайымыз Б. Төлегенованың «Бұлбұл» әнін шырқағанда таңғалмаған жан қалмады. Олар өздерін қартайдық деп санамайды, бойларында күш-жігері, қажыр-қайраты мол. Үйде отырып қалмай,  өнерлерін халыққа паш етіп, қуаныш сыйлағанды тәуір көреді. Ал ауылымыз туралы айтар болсақ, осы округте 4 ауыл бар. (Іргелі, Көксай, Кемертоған ауылдары және «Асыл арман» тұрғын үй кешені). Кемертоған – үлкен ауыл. Халқы көп. Әлі де кемшін тұстары жетерлік. Мектебіміз қашық, жол салынып бітпеді, жарық толық тартылмады... Бірақ сонда да халқының береке-бірлігі мықты, қазақилық басым, салт-дәстүрлерімізді берік ұстанып келеді», – дейді Раиса апай.   

  17 квартал тұрғындары биыл Наурыз мейрамын  тұңғыш рет кең көлемде тойлап отыр. Бұған ақыл қосып, ұйытқы болған осы ауылдың үлкені,  5 жылдан бері тұрып келе жатқан Сәуле Ертаева екен. Бұл кісімен  үнемі ақылдасып қолдап, өзінің  оң қолы болып жүрген  Ерлан Мыңтаевтың да еңбегі зор. Наурыздың сценарийін жазып, ауылдың бүлдіршіндері мен  оқушыларын жинап,  концерт дайындаған А. Жұбанов атындағы дарынды балалар мектебінің ұстазы, осы ауылдың тұрғыны Қазақбаева Ақлима Дотақызына да әкімшілік пен ауыл халқы үлкен алғыстарын жаудыруда.  

«Сәуле тәте, Ақлима,   сіздерге үлкен рақмет! Алла разы болсын, еңбектеріңіз өте көп, бағалаймыз. Ауылдағы ауызбіршілікті нығайту мақсатында ұйымдастырылған Наурыз мейрамы жыл сайын бола берсін. Отбасыларыңызға амандық, шаттық, береке тілейміз, бала-шағаларыңыздың қызығын көре беріңіздер!».   «Ерлан аға, Ербол аға және де ауыл ақсақалдары, бүгінгі іс-шараны сәтті өткізулеріңізбен! Бүгінгі ұйымдастырған өнегелі істеріңізге қарап ойландым... Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты ұлықтау арқылы ұрпақ тәрбиесіне кішкене болса да өз үлестеріңізді қостыңыздар.  Осындай қазақылықты көріп өскен өскелең ұрпақ өздеріңіздей өнегелі, көзі ашық, салт-дәстүрді берік ұстанған,  саналы ұрпақ болып өседі деп ойлаймын. Сіздермен дидарласпасам да, әлеуметтік желі арқылы баршаға үлгі болатын істеріңізге қарап, тамсанып отырамын. Елім, жерім деген бұрынғы қазақ әйелдерін еске салдыңыздар.  Істеріңіз баршаға үлгі, өнеге болды. Ауылдың мақтанышысыздар!  Дендеріңіз сау, отбастарыңыз аман, абыройларыңыз үстем болып, келесі Жаңа жылда аман-есен жүздесуді бұйыртсын!». Осылай деген ауыл халқы ұйымдастырушыларға көл-көсір ізгі тілектерін білдірді.

 

    Ауыл ақсақалы  Абсеметов Еңдібай ата жылда Наурызда балаларға арнап алтыбақан құрды. Мерекелік дастарқанның әзірлігіне және  малды сойысуға, музыка мен техникалық жабдықтарға көмек беріп жүрген ауыл ақсақалы Қазақбаев Қаныш, Жылқыбаев Ербол, Бекмұратов Азамат, Төлтаев Бекта, ұстаз Бекенов Салауат, Айхан сияқты ауыл жігіттерінің еңбектерін атап кетпеске болмайды.  Сондай-ақ ауылдың көркеюіне атсалушы  Оразымбетов Нұрлыбек мырза қолынан өнер тамған іскер жігіттердің бірі. Ауылымызда елге еңбегі сіңген іскер кәсіпкер әйелдер де баршылық. Айталық, тоқыма тоқушы  қолы өнерлі Муттахай Амангүл,  неше түрлі дәмі тіл үйірер тоқаш, нандар  пісіруші Нұргүл, Ғазиза, Жанриза, Мөлдір ұстаз, дәрігер Рахия, дәрігер Ләззат, медбике Ардақ ұл-қыздарымен жабылып,  киіз үйді безендіріп, дастарқан жасасып, Наурыз тойдың әдемі өтуіне  бір кісідей жұмылып атсалысты. Далада балалар алтыбақан ойнап, арқан тартысып, түрлі ойындар ойнады. Әжелер оларға шашу ретінде тәттілер таратты. Кеш соңында Наурыз тойына қонақ болып келген ақпараттық қолдаушы біздің басылымның бас редакторы Ертай Айғалиұлы, ауыл әкімінің орынбасары Кенжебай Аркен Ұланұлы мен Егеубек Ескендір Егізбекұлы мырзалар тұрғындар мен қонақтарды мерекемен құттықтап, сәттілік тіледі. Келген қонақтар да   өздерінің өнерден құралақан еместігін білдіріп, әуезді әндерін шырқап, халықты билетті. Кемертоған ауылында  өткен Наурыз тойы, құдай қаласа, келесі жылы да дәстүрге айналып, жалғасын табады деген сеніммен халық көңілді тарқасты.  

Бет қатталып жатқанда: Іргелі ауылдық округі  Кемертоған ауылы 17 квартал тұрғындарының талап-тілектерін ескеріп, Қарасай ауданының әкімі Жасұлан  Тоққожаұлы Естенов мырза осы уақытқа дейін біраз мәселелерін шешіп бергенін айтты. Су мен жарықты Үкімет балансына өткізіп, тұрғындар төменгі тарифпен төлеуде. Ол халықтың сұрақтарының бәрін қарастырып, өз жауапкершілігіне алғанын және енді болашақта биыл 2025 жылдан бастап Кемертоған ауылының біраз көшелерінде жол жөнделіп, су құбырлары тартылатынын ескертті. Сондай-ақ әкім алдағы уақытта біздің газетке сұхбат беруге дайын екенін айтты. Жасұлан  Тоққожаұлы өзі Наурыз мерекесіне келе алмаса да тұрғындарды құттықтап, сәлемдемесін жеткізуді сұрапты. Бұл жөнінде бізге Кемертоған ауылы әкімінің орынбасары Кенжебай Аркен Ұланұлы мәлімет берді.

Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ
10.04.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 4846
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 5012
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 19971
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 18618
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 22071