Кезінде дүрілдеген Шұбартаудың халі қалай?

Кезінде дүрілдеген  Шұбартаудың халі қалай?

 

Шыңғыстаудың күнгейінде жатқан өңірге қайта аудан мәртебесі берілсе екен...

 

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын күллі қазақ елі қуана қарсы алды. Шын мәнінде де жұрттың көңілінен шыққан бұл Жолдауда айтылған ойлар мен жайлар елдің ертеңін толғандыратын әрбір азаматты бей-жай қалдырмасы анық. Жолдаудың әсіресе сегізінші тарауында айтылғандай «Еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру туралы» тұжырымдар мен идеялар, кезінде экономикалық негіздеусіз жасала салған ықшамдаулар мен қысқартулардан болған зардаптарды жоюдың жолдары осы Жолдауда айқын көрсетілді. 

Осы орайда Ұлылардың бесігі, мәдениеттің алтын қақпа есігі болған бұрынғы Семей өңірін қайта түлетіп, оның аумағында Абай облысын құру туралы байлам өңірдің адамдарын ғана емес, барша қазақ елін ерекше қуантқан тарихи маңызы бар жаңалық болды. Иә, Ел Президентінің бұл шешімі көрмегенді көріп, тоталитарлық жүйенің не бір сұмдығын басынан өткерген өңірдің адамдары үшін үлкен рухани қолдау болды. Енді егемен елдің ертеңіне лайықты үлес қосатын Абай елі бәйгеге қосылар сәйгүліктей баптанып жатқан тұста оның ойы мен қырына үңіліп, мүмкіндігін бағамдау маңызды іс. Осы ретте оңтайландыру кезінде тараған аудандарды қайта қалпына келтірудің маңызы ерекше деген ойдамыз.

 

Бір жапырақ анықтаманың құны қанша?

Семей облысы тарап, Өскемен өңіріне қосылып, Шығыс Қазақстан облысы құрылғанда оңтайландырудың өткір қайшысына ілініп, қысқартылған аудандардың бірі Шұбартау ауданы болды. Ол шығысында іргелес жатқан Аягөз ауданына қосылған тұста оның ауылдары жаңа аудан орталығы Аягөз қаласына 350-400 шақырым қашықтықтан қатынауына тура келді. Бұл жағдай сол кезде жұртта қалған жұртшылыққа оңай соқпады. Бір ғана жағдайды айтайық. Мәселен бір жапырақ қандайда анықтама қағазын алу үшін алыстағы  ауылдан аудан орталығына сабылған жұрт тек барып-қайтқан жол үшін 3-4 мың теңге ақша төлеуіне тура келді. Оған барған шаруасы бітпей қалған жағдайда жатын орын мен тамағына кететін тағы да 2-3 мың теңгені қосыңыз. Қолындағы он шақты қой-ешкісі мен 4-5 ірі қарасына қарап отырған қарапайым халық осындай қиындықтарға шыдай алмай ақыры ата қоныс, туған ауылдарын амалсыз тастап қалаларға көшуге мәжбүр болды. Сол көш тоқтаса енді тоқтар деген ойдамыз.

Біз тарағанға дейінгі Шұбартау ауданының қай маңда орналасқандығын да айта кеткенді артық көрмедік. Себебі арамызда әртүрлі жағдайларға байланысты Шұбартауға жолы түспеген азаматтардың болуы әбден мүмкін ғой. Сондықтан мақаламызда «Шұбартау Шыңғыстаудың күнгейінде» жатқандығын баса айтып отырмыз. Ондағы ойымыз Ұлы ақын Абай Құнанбаевты, ойшыл дана Шаһкәрім Құдайбердіұлын, заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезовты білмейтін қазақ баласы кемде-кем. Олар туған қарт Шыңғыстың өңірін де халық жақсы біледі. Демек сол өңір арқылы Шұбартау жерін картадан жеңіл тауып алсын деген ойда болдық.

Иә, Шұбартау Шыңғыстаудың күнгейіндегі өңірдің атауы. Бұл өңірден де небір айтулы адамдар шыққан. Оған ақын Абай айтқыштығын ерекше бағалып, «Керейдің қызыл желі» атаған Бегеш шешен, Абайдың ақын шәкірттерінің бірі әнші, композитор Уәйіс Шондыбайұлы, халық ақыны Төлеу Көбдіков, көрнекті композитор Еркеғали Рахмадиев, қазақ әншілерінің атасы Бекен Жылысбаев, бүгінгі күннің Мұхтары делініп жүрген қарымды қаламгер Мұхтар Мағауин, айтулы ақын Несіпбек Айтұлы сынды ел таныған таланттарды тілге тиек етсек те жеткілікті.

Оңтайландыру жылдарында тарап, Аягөз ауданына қосылған бұл өңірдегі ауданның бұрынғы аты да Шұбартау. Оның жері қарт Шыңғыстың күнгейіндегі қоңыр бұйраттардан  басталып,  Солтүстік батыс бөлігінің бір шеті сонау бір жылдарда атом жарылысының ауыр азабын басынан өткерген аяулы мекен Абыралы өңіріне, одан батыс пен оңтүстік батысқа қарай бүгінгі және бұрынғы Қарағанды, Жезқазған облыстарының Ақтоғай, Қарқаралы, Тоқырауын, Балқаш тәрізді өңірлерімен шектеседі. Ал солтүстігі ұлы ақын атындағы Абай ауданымен, шығысында Ақшатау арқылы ежелгі Аягөз жерімен шендесіп , оңтүстік шығысы мен түстігінде бұрынғы Көкше теңіз, қазіргі Балқаш аталатын айдынға тірелетін атырапты алып жатқан ұлан дала сол бұрынғы Шұбартау аталған ауданға тиесілі жер. 

 

Көлемі 3,5 млн гектар жерді қамтитын осынау жортқан аңның тұяғы, ұшқан құстың қанаты талатын  Арқаның сар даласы бір кезде төрт түлік малға өріс, сол малды бағып-қағып, өз төлі есебінен өсірген жұрттың құтты қонысы болған  бақ мекен, байсын жер. 

 

Мал да азайды, жер де тозды, ел де көшті

Тәуелсіздік алған жылдарда осы өңірдің басынан бағы таяды деп кім ойлаған. Ондай ой үш ұйықтаса ешкімнің түсіне кірмеген болар. Енді ғой сол төрт түлік малға өріс, оны өсіріп күн көрген жандарға жайлы да құтты қоныс болған осы бір шұрайлы өлкенің шын мәніндеде бағы тайып, базары тарқап тұр. Бір кездері қоңыраулатқан қанша ма қос жылқы, жүздеген табын сиыр, мыңғырған қой-ешкі өрген осы өңірде қазір малдың басы мүлде азайған. Бұрынғы жылдармен салыстырар болсақ жоқтың қасы деуге болады. Иә, ол кездегі жайлауға шыққанда жер қайыстырып жататын төрт түлік мал бүгінде жоқ. Жаз жайлауда әр белдің астында қазылған артезиян құдықтардың қасында, әрбір бұлақтың басында айдаладан менмұндалап тұратын ақшаңқан кигіз үйлерді бұл өңірден қазір көрмейсің. Малды ауылдардың бары қараша үй, немес итарқа қос тігіп, бұрынғы кеңшар орталықтарының айналасынан алысқа онша ұзай қоймайды.

Шалғайдағы Шұбартау. Жабылған ауданның жағдайы алаңдатады

Бір айта кетер жай осылай қысы-жазы қолтығы жазылып, алысқа, кең салқар дала, соны өріске шығып, ендеп жайылмаған малдың тұқымы да аза бастай ма қалай?! Ал енді жылдар бойы мал жайылмаған, жан баспаған құла түздің шөбі де қау болып өспейтін көрінеді. Керісінше жыл өткен сайын сиреп, сұйылып, жердің реңі  өзінен-өзі қаша бастайтыны байқалады. Көпті көрген көне көздердің  айтуынша оның себебі шөптің жел ұшырып жерге түскен тұқымын сол жерге таптап сіңіретін төрт түлік малдың тұяғы көрінеді.

Қысқасы жердің ажары мен көркі төлімен өсетін төрт түлік мал екен. Ендеше бұрын мыңғыртып мал өсіріп, жыл сайын тонналап ет өндіріп, еш  артық шығынсыз елдің ырысы мен байлығын еселеп, тұрмысын жақсартуға лайықты үлестерін қосқан Шұбартау сияқты шалғай өңірлердегі бұрынғы аудандарды дәл қазір қайтадан ашып қалпына келтірудің пайдасы ұшан теңіз десек еш артық айтқандық емес. Оған қазіргі кезеңде елдің эконмикалық қуаты жетеді. Егер біз алдағы уақытта ашылатын жаңа облыстармен қатар одақ тарап, елдің күретамыры қиылғандай күйге түскен тұста тараған аудандарды дәл қазір қайта қалпына келтірер болсақ еліміздің таяу жылдарда таңғажайып табыстарға жетісері сөзсіз.

Жалпы  оңтайландыру, ірілендіру кезінде халық біршама аласапыран күндерді бастан кешірді. Соның салдарынан сергелдеңмен жүріп, барымызды жоғалтып, байлығымыздан айрылып қалған жағдайымыз бар. Оны несіне жасырамыз. Айталық адамдары туып өскен жерінен амалсыз басқа жаққа қоныс аударған ауылдардың көбі артынша «болашағы жоқ» ауылдар деген негізсіз сылтаулармен сыпыра жабылды. Оның айқын да нақты мысалын оңтайландырылып, ірілендірілген аудандар мен ауылдардың өмірінен көруге болады. Сөйтіп, барымыздан айрылдық. Қаншама баспаналар қаңырап бос қалды, қирап, бүлінді. Мүлде жойылып кеткендері де болды. Мәселен бір кездері 50 мың қой, мыңдап жылқы және ірі қара өскен Жорға елді мекені тап осындай жағдайды бастан кешті.   

Ал енді сол кездерде көшкен халық қайда барды дейсіз бе? Олардың біразы ірілендірілген аудандардың орталығына барғанымен, басым көпшілігі Алматы, Астана сияқты халық қалың шоғырланған үлкен қалалар мен облыстардың орталықтарына ағылды. Осындай ішкі урбанизация кезінде оларды ол жерлерде салулы төсек, салқын үй күтіп тұрған жоқ еді. 

Аудандар ашылса осындай ауыр тұрмыстың тауқыметін тартып жүрген  ағайынның барлығы дерлік өздерінің ауылдарына, ежелгі ата мекендеріне қайтатыны айдан анық. Ондай жағдайда олар ауылдарына оралып, өкіметке көп салмақ салмай-ақ өздерінің жағдайларын өздері жасап алатындығы белгілі. Себебі көбінің ауылдық жердегі бұрынғы баспаналары сол қалпында сақтаулы. Тек күн көріс көзі, жұмыс орны ашылса тіршілік қайта қайнап сала берері сөзсіз. Олар ауылға қайтса құрылыс алаңдарында жұмыс қызады. Ауылдағы адамдарда жақсы тұру үшін үйлерін әрлеп, жөндейді. Тұрмысын түзеп, қаладағыдай тірлікке талпыныс жасайды. Бірдің ісі жүзге, мыңға үлгі болады. Жолдарды жөндеп, үйлерді өңдеп, егін салып, малды көптеп өсіреді. Қоныстарын сайлап, қораларын жөндеп таңның атысы мен күннің батысында тынымсыз еңбек етеді. Сөйтіп, аз уақыттың ішінде ауылдың ажары артып, келбеті өзгереді. 

 

Шұрайлы жайылым, су көзі мол өңір – төрт түлік өсіруге қолайлы

Осы тұста тілімізге тиек етіп отырған Шұбартау ауданының аты бір кездері бүкілодақ көлеміне белгілі болып, даңқы алысқа кеткен тұстарда  қол жеткен табыстары мен көрсеткіштеріне үңілер болсақ назар аударарарлық. Айталық 1970-1990 жылдардың аралығында Шұбартаудағы қой саны 350-400 мың, ірі қара 14-15 мың, жылқы 15-20 мың аралығында болғандығын білеміз. Аудан сол жылдарда әр жылы мемлекетке жеке секторды қоспағанда 7-8 мың тонна қой етін, 5-6 мың тонна сиыр етін, 2-2,5 мың тонна жылқы етін тапсырып отырған. Бұл дегеніңіз таратылған аудандар қайта құрылған жағдайда егемен еліміздің арзан да сапалы ет өнімдерінің экспортын анағұрлым арттыруына үлкен үлес қосатынын көрсетеді. 

Шұбартау Шыңғыстаудың күнгейінде… – Qazaq газетіСондай-ақ осы тұста кеңес өкіметінің отызыншы жылдарында Шұбартау өңірінде мал санының қанша болғандығын да жұрт назарына ұсына кеткенді жөн көрдік. Бұл ретте нақты статикалық деректерге сүйене отырып, ел мен жер жайында деректі кітап жазған Нәстілек Сәменбетов ағамыздың жазбасына үңілген едік. Ауылдың академигі дейтіндей көпті көрген, көп нәрсені көңілге түйген, бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып «Аягөз ауданының құрметті азаматы» атанып отырған шежіре ағамыздың айтуынша байларды жаппай конфескелеуден бұрынғы 1930 жылғы есеп бойынша Шұбартау өңірінде 336973 мың қой-ешкі, 49287 бас жылқы, 17214 сиыр, 16141 түйе болыпты. 

Бұл цифрды тек Нәстілек ағамыз ғана емес, 90 жастан асып дүние салған, ғұмыр бойы есеп-стат саласында жұмыс жасап, осы саланы ұзақ жылдар басқарған салиқалы қария Сейсебай Бауов аға да жазған. Сейсекең өзінің көрген-білгені, басынан кешкені жайлы жазған тамаша ғұмырнамалық кітабында ол туралы архивтен алынған нақты деректерді оқырман назарына ұсынған.      

Бір ғажабы Шұбартау өңірі бүгінде көзден бұлбұл ұшқан  ойсылқараның өсіп-өнген отаны болды дегенге кім сенеді. Бұрыннан қалған жұқана болса керек, алпысыншы жылдардың аяғы, жетпісінші жылдардың басына дейін көне көз қарттардың айтуынша бұл өңірде 350-400 басқа дейін түйе болыпты. Алайда, кеңес өкіметі түйе түлігінің пайдасына дұрысты баға бермеу себебінен оның тұқымы түбірімен жойылып кеткен. Әйтпесе, Шұбартаудың еңбеккер халқы аз шығынмен мол өнім өндіруге мүмкіндік беретін осы аса тиімді түлікті күні бүгінге дейін өсірер еді. Амал не, қазір ойсыл қараның отаны болған өңірде емге деп іздесең бір түйе таппайтын жағдайға жеттік. 

Жалпы түйе малын өсіруге бұл өңір өте қолайлы екендігін астын сызып тұрып айтқымыз келеді. Өйткені түйе малы сүйсініп жейтін ащылы-тұщылы көкпек пен изен, баялыш пен жантақ өсетін далалар көңілге осындай ойларды оралтады.

Әрине, малды көптеп өсіру үшін судың мол қоры керек. Жері шөл және шөлейтті аймаққа жатады дегенмен Шұбартау өңірі соншалықты сусыз да жер емес. Айталық Шұбартаудың жерінің Абыралы, Аягөз өңірлерімен шектесетін шығысы мен батысындағы екі кіндік қазығы іспетті Қамбардың Көкшетауындағы «Тұлпар» мен Ақшатаумен шендесетін «Сұлу шоқы» аралығында, олармен ортадағы қарт Шыңғыстың күнгейіндегі жерлерде жағасы жасыл құрақ, бұлқына аққан бұлақтар жетерлік. 

Бұл өңірде жаз жайлауда мыңғырған төрт түлік малдың мейірін қандыратын  сол тас бастаулардан басқа көктемде бұлқына, жұлқына ағатын ондаған өзендер, қар суымен молайып жаз бойы жағасы көк шалғын болып жататын шағын көлдер мен көлшіктер де аз емес. Оған дәлел ретінде Шұбартау жеріндегі «Еспе», «Сары», «Дағанды», «Малкелді», «Бабаң», «Құр», «Қорық», «Байқошқар», «Балқыбек», «Бақанас»,«Игілік», «Арсалаң», «Көксала», «Бүрген», «Айғыз», «Қурайлы» өзендері мен «Сандықтастағы» «Иттің көлі» тәрізді ондаған шағын көлдер мен көлшіктерді айтуға болады.

Шұбартау бұрын аудан болып тұрған кезде көктемде сай-саладан аққан қар суымен арналары асып-толып, жөңкіле ағатын жоғарыдағы өзендердің суларын қолайына қарай бұрып, алдын ала жасалған бөгеттер арқылы өзен жағалауларындағы жазықтарға шығарып, оны барынша тиімді пайдалануға тырысатын. Сол су жайылған жерлерден қысқа қажетті мал азығының мол қорын дайындайтын. Мәселен «Бақанас» өзенінің өн бойында осындай ондаған бөгеттер мен тоспалардың барлығы бізге мәлім.

Мысалы ертеректе Баршатасқа таяу тұстан канал қазып, суды жетелеп қырға шығарған. Сол сумен осы маңдағы 437 гектар жерге егін еккен. Ал енді өзеннің «Қос ағаш» ауылының маңындағы «Ақтоған» каналы арқылы алынатын сумен күні бүгінге дейін осы өңірдегі тұрғындар қажетті мал азығын дайындауда.

Жалғыз «Бақанас» емес, «Көксала», «Бүрген», «Айғыз», «Қурайлы» сияқты өзендердің бойындағы топырағы құнарлы жерлерден де сонау бір жылдардағы егістікпен айналысқан ерлік істердің ізін көруге болады.         

 

Бұл өңірден талай еңбек майталмандары жарқырап шыққан

Шұбартау туралы айтқанда ондағы еңбегімен ел құрметіне бөленген еңбек майталмандары туралы айтпай кеткеніміз жөн болмас. Сонау бір жылдары «Қой шаруашылығы – жастардың төл ісі!» деген бастама көтерген ауданның еңбеккер жұртшылығының игі ісі кезінде лайықты бағасын да алды. Айталық ертеректе бір ғана қарапайым еңбек адамы Рыздықбай Тілеуберлин ақсақал Социалистік Еңбек Ері атағын алған болса, шұбартаулықтар бастама көтерген жылдарда ондай еңбек майталмандарының қатары көбейе түсті. Соның бірі алғашқылардың бірі болып «Тұлпар» атты қой өсіруші комсомол-жастар бригадасын ұйымдастырып, оған ұзақ жылдар ұстаздық еткен Жанарбек Шүленбаевтың Социалитік Еңбек Ері атағына ие болып, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атануы. Сондай-ақ «Алтын жұлдыз» қой өсіруші комсомол-жастар бригадасына жетекшілік еткен Тілеуқабыл Өмірбековтей еңбек адамы да Социалистік Еңбек Ері атанды. 

Өйткені олар және олардың замандастары ен даладағы бір сарынды малшы өміріне үлкен өзгеріс, тың жаңалықтар  әкелді. Мал баққан қауымның заманауи үлгідегі мәдениетті өмірін қалыптастырды. Мал бағудағы ұжымдық еңбектің артықшылығын көрсетті. 3 адам Ленин орденімен және 5 адам 1және 11 дәрежелі «Еңбек Даңқы», жүздеген адам Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» сияқты тағы басқа да ордендер  мен «Еңбектегі ерліктері үшін» берілетін әртүрлі медалдардың иегері атанды.

Осы тұста әсіресе небәрі 18 бен 20 жастың ар жақ, бер жағындағы уыздай жастардың атақтары жер жарып, ел құрметіне бөленуі. Мысалы Социалистік Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жанарбек Шүленбаев сынды еңбек майталманының шәкірті Тілек Ықсанов небәрі 20 жасында сол кездердегі ең жоғары марапаттың бірі «Ленин» косомолы сыйлығының лауреаты атанды. Жәкеңннің тағы бір шәкірті Рағына Әбілахатова «Құрмет белгісі» орденін омырауына тақты. Тағы бір қой өсіруші косомол-жастар бригадасының мүшесі Зинат Сармурзина Берлинде өткен жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестиваліне қатысып, лауреат атанды. Қой баға жүріп ой баққан олар еңбек ете жүріп жоғары білім де алды.

Ал енді жастардың еңбекке деген құлшынысын, патриоттық сезімдерін оятып, Отан сүйгіштікке баулыған Шұбартау аудандық комсомол ұйымы сол жылдарда Еңбек Қызыл ту орденімен марапатталған-ды. Осы комсомол ұйымының бірінші басшысы болған Тілек Шәкәрімұлы Ахынов Мемлекеттік сыйлқтың лауреаты атанды. Мұндай атаққа бастама көтерген ауданды ұзақ жылдар басқарған Шаймағамбет Оразбекұлы Мақашев ағамыз да ие болған еді.

Мал шаруашылығының көптеген үздіктері түрлі съездердің делагаты, Одақтық, респуликалық, облыстық кеңестердің депутаттары болды. Одақтық және республикалық көрмелердің алтын, күміс медальдарының иегері атанды. Ондай құрметке бөленген еңбек адамдары мен білікті басшылар жүздеп саналады. Солардың бірі кезінде 55 мыңнан аса қой, мыңнан аса жылқы және ірі қара малын өсірген үлкен шаруашылықтың басшысы болған Біліс Оспанов. Ол асыл тұқымды еділбай қойын өсірудегі көп жылдық тәжірибесінің негізінде өндірістен қол үзбей жүріп-ақ ауылшаруашылығы ғылымының кандидаты атанды. Еңбек Қызыл ту және «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері болды. Аупарткомның екінші хатшысы, ауаткомның төрағасы, Жаңа Семей ауданының әкімі болып, ел ісін ілгері бастыруға үлес қосты.  

Өткен жылдардың тарихына зер салсақ Шұбартау ауданының еңбеккер жұртшылығы сол бір жылдарда қыстамаға кіретін қыруар малға қажетті жем-шөптің жеткілікті қорын өздері туып-өскен, құт-береке дарыған құнарлы даладан өндіріп келгендігін көреміз. Сондай-ақ жылма-жыл 30-35 мың гектар жерге әр түрлі дәнді дақыл егіп, оның әр гектарынан орта есеппен жыл сайын 10-15 центнер астық жинауға жетісті. Қазірде сол егістік алқаптар қаңбақ басқан, құйын ойнаған құла дүз, қу медиенге айналып, елсіз-күнсіз, қаңырап бос жатыр. Ал ірілендірілген Аягөз ауданында қазір жыл сайын 8-10 мың гектер жерге астық егіледі. Міне біздің аудандарды біріне-бірін қосудан тапқан пайдамыз. 

Қазақстандағы барлық аудандар сияқты Шұбартау ауданы да 1928 жылы құрылған. Содан бері өз тарихында екі рет тараған. Алғашқысы 1963-1965 жылдардың аралығы. Екінші рет 1997 жылдың мамыр айында таратылғаны. Екеуінде де ауданның теміржолдан шалғайлығы, облыс орталығынан алыс орналасқаны басты себеп болған. Біздер өтпелі кезеңде орын алған екінші таралымды дұрыс дейік. Енді елдің экономикасы нығайды, әлуеті артты. Қаладағы қандастарымыздың саны көбейіп, сапасы жақсара түсті. Бүгінде осындай дәулеті тасып, сәулеті артқан елміздің болашағымен алыс-жақын шет елдердің қай-қайсысы да санасады. Осы орайда барымызды бағамдап, байлығымызды арттыратын, қол жеткен жетістігімізді үстемелей түсетін игілікті істерге батыл қадам басқанымыз дұрыс деген ойдамыз. Сонда ғана Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырза айтып жүрген Жаңа Қазақстанды құра аламыз. 

 

Бұрынғы құрылыстар мұрттары  бұзылмаған күйде тұр

Аудан қайта құрылған жағдайда бұрынғы құрылыстардың негізгілерінің сақталуы да бұл мақсатты іске мүмкіндік береді. Бұл ретте елді мекендердегі мал өсіру үшін іргесі бетонмен бекемделген тас қоралар мен мал бордақылау алаңдарының мұрттары бұзылмаған қалпында тұрғандығын айтуымыз керек. Оларды көп шығынсыз-ақ жеңіл жөндеп, қатарға қосуға болады. Ал аудан орталығындағы бұрынғы әкімдік үйі, мектеп, бала бақша, аурухана, ішкі істер бөлімі секілді мекемелердің ғимараттары дерліктей сақталған. Бұл дегеніңіз ауданды ашуға көп қаржы кетпейтіндігін көрсетеді. Сондықтан да ел ертеңін ойлаған азаматтар батыл қадамға баруға тиіс. Сонда ғана елдегі жұмыссыздықтан, ол тудыратын наразылықтан құтылуға болады. 

Енді нарықтық кезеңде кез келген аудан өзін-өзі ақтауы үшін тек қана ауылшаруашылығын алға бастыру мен мал өнімдерін өндіруге ғана қарап қалмауы тиіс. Бұл ретте Шұбартау ауданының экономикасын көтеруге мүмкіндік беретін табиғи жер асты байлығының өңірде мол қоры бар екенін айтқан жөн. Мәселен мұнда әлемде сирек кезесетін «Гавра» аталатын қара тастың мол қоры бар. Сонымен қатар қызыл, көк, ақ түсті мраморлар, алтын мен күміс, жез бен мыс, көмір мен темір тіпті уран және басқа да Менделеев таблицасындағы байлықтың түрлері жеткілікті. Ақбастау, Құсмұрын, Жорға, Тасқора, Майлышат, Мұзбел, Шырық, Емелтау, Бәйтен, Қызыл тас деп аталатын жерлердегі осы қазба байлықтарды бүгінде жекеменшік шағын өндіріс орындары өз беттерінше жұлмалап, пайдасын көруде. Олардың мемлекетке заңды түрде қаншалықты салық төлейтін-төлемейтіндігі де белгісіз. Шұбартау ауданы ашылған жағдайда олар бір жүйеге келер еді де тұрақты түрде салығын төлеп аудан бюджетіне қыруар қаржы түсер еді.

Шұбартаудың аудан болып құрылуына мүмкіндік беретін тағы бір қолайлы жағдай бұл өңірде бұрын кеңшар орталықтары болған тоғыз елді мекеннің барлығы дерліктей бір кездегі стратегиялық жағдайға байланысты салынған үлкен тас жолдың бойында жатқандығы. Иә, «аспан асты елі» деп аталып жүрген алпауыт ел Қытай халық республикасы мен Нұр-Сұлтанды Қарағанды қаласы арқылы жалғастыратын Бақты мен Майқашағайдан шығатын ең төте жол осы өңірді басып өтеді. Ертісті орамай, Алатауды айналмай жүретін ең тура жол осы. Бірақ оны жөндеу неге екені белгісіз әлі күнге қолға алынбай келеді. Аудан ашылса жол да жөнделер, өңірге де, өмірге де өң кірер деген ойдамыз.            

Мінеки, біз осылай өзіміз жақсы білетін Шұбартау өңірінің бүгінгі және бұрынғы жағдайын жалпы оқырман қауымның, ел басқаруға ата салысып жүрген азаматтардың назарына ұсынғанды жөн көрдік. Ондағы ойымыз ел мен жердің келешегі үшін керекті күн тәртібіндегі келелі мәселеге үн қосу. Әрине бұл жөніндеі соңғы сөз, соңғы байлам елдің ертеңін ойлап жүрген азаматтардың еншісінде. Сол жақсылардан жақсы қолдау күтеміз.                   

 

Ақаш КӨКСЕГЕН, «Қазақстанның Құрметті журналисі», Аягөз ауданы, Шығыс Қазақстан облысы
21.04.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 38
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 95
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 29
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 38
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 43
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 37
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 90
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 95
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 290
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 284
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 905

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8982
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8377
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11602
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9360
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10586