Qazaqstan ұлттық арнасының Apta бағдарламасына берген сұхбаты барысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі: «Елімізде соңғы кездері кибершабуылдар көбейіп кетті. Ғалымдар «постшындық» деп атаған гибридтік соғыс қазіргі кезде бүкіл әлемде қатты өршіп тұр. Мұндай мылтықсыз майдан кезінде дабыра-дабыл, анықталмаған ақпарат, дәйексіз деректер көп жағдайда жұртты шатастырады, оқырманды адастырады. Сондықтан біз осындай ақпараттық шабуылдың қазір Қазақстанға да бағытталғанын көріп отырмыз. Бұл туралы Президент те Семейдегі сөзінде атап өтті. Шын мәнінде, бұл ақпараттық соғыс кезінде елдегі бірлікті, берекені, жалпы тәуелсіздікті тұғырлы ету үшін тек жазарман қауымға ғана емес, тұтынушыға да үлкен жауапкершілік жүктеледі. Өйткені біз сол ақпаратты тарату арқылы кейде заңбұзушылық жасап отырғанымызды немесе тексерілмеген деректі таратып отырғанымызды аңғармай қалуымыз мүмкін. Осыған байланысты жалпы ақпараттық соғыс кезеңінде кез келген азаматқа үлкен жауапкершілік жүктеледі. Кибершабуылдың көбею себебі де жоқ емес. Өткенде DoS-шабуыл деп техникалық жағы да айтылды. Содан кейін кибершабуылдардың да үдегенін көріп отырмыз. Мысалы, кеше Павлодарда арнайы бір фейк-ақпарат тарады. Оны да шетелдік азамат таратқанын білдік. Соңғы бір айды алып қарасақ, отыз күннің ішінде Діндер съезі өтті, Рим папасы келді. Қазақстан Президентінің Нью-Йоркке, Лондонға сыртқы сапарлары өте үлкен резонансқа ие болды. Сондықтан Қазақстанды біреулер тұрақсыздықтың аралына айналдырғысы келетін сияқты. Мұның сайлауалды кезеңмен тұспа-тұс келуі де ойландырмай қоймайды. Сол үшін мұны арнайы жүйелер жасап жатқанын байқау қиын емес», – деді.