КИЕЛІ ӨНЕР – ҰСТАЛЫҚ ДАРЫҒАН ӘУЛЕТ

КИЕЛІ ӨНЕР – ҰСТАЛЫҚ ДАРЫҒАН ӘУЛЕТ

Боғда – алып шың.  Боғда тауы Тәңір тауы деп аталады. Шыңжаң өңіріндегі биіктігі 5445 метр болып келетін,  әлемдегі ең биік шыңдардың бірі. Әлем шыңға шығушыларын заңғар биіктігімен қызықтырған алып асқарлардың да  бірі осы Боғда. Бұл Боғда тауы Тянь-Шань тау жүйесіне енеді. Тянь-Шань қытайша атау. Мұндағы Тянь – Тәңірді, Шань – тауды білдіреді. Боғда деген сөздің төркіні де көне түрік және бүгінгі моңғол тілінде қасиетті, киелі, әулие, ұлы мағыналарын білдіреді.  Боғда тауы Шыңжаң автономиялы өлкесінің орталығы Үрімжі қаласынан түстік шығысына қарай орналасқан. Боғда тауы бөктерінде Фукаң, Үрімжі, Жемсары, Шонжы, Санжы, Мори аудандары бой көтерген. Алып шың аталған аудандарды өз құшағына алып тұрғандай. 

Тілімізге тиек, мақаламызға арқау болып отырған осы Фукаң қаласындағы Аққол елді мекеніндегі айтулы ұстаз Әбікей Әбілмажін мен ұрпақтарының жайы болмақ. 

 

Аю қақпаны ат тұратын Әбікей

Әбікей 1897-1981 жылдары өмір сүрген. Әкесі Дуанбай Қазақстанның Қалбатау өңірінде туған.

«Қалбаның Қарашоқы жері дала,

Қалды ғой алты ай қонған Қалмақ қора.

Кір жуып, кіндік кескен қайран жерден 

Орысың қуып шықты бара-бара», – деп туған жерін еске алып, туған жерден айырылғанда айтылған сағынышты жырынан үзінді де бар. 

Өз дәуіріндегі осы Дуанбай да, әкесі Ардабай да атақты шіліңгір ұста, темірші болған екен. Әкелі-балалы екеуі де ер шауып, күміс қақтаған өнерлі адамдар болыпты. Әбікейдің арғы атасы бірге туған Жылжақсы да шіліңгір ұста болғаны күллі Алтайға белгілі. Жылжақсы демекші, Жықаң Алтайдан Боғдаға – Мори, Шонжы жеріне ауғанда, атақты Мәми бейсі: «Жылжақсы елден кетсе, сармойнақ белден кетті», – деп, оның Алтай өңіріне әйгілі сары мойнақ пышағын қадірлеп, баға берген екен.

 Ел арасында Жылжақсының соққан пышағы Мәми бейсінің  ошағын кесіпті дейтін аңыз тағы бар. Міне осы аталарынан дарыған теміршілік Әбікейді және оның ұрпақтарын да Санжы облысына танымал етпей қоймады. Әбікейдің аты ел арасында қалады. Жастайынан ата кәсібін жалғастырып, оны Ақсанбай ұрпақтарына табыстайды. Боғда бойындағы біршама ауыл-қыстақтарға аты мәшһүр болған. Әбікей өмірінде ат әбзелдерін күмістеп, ер-тұрман, ағаштан астау, келі-келісап, қолөнер бұйымдарын жасап, өз кіндігінен тараған бес ұл, үш қызды асыраған.

Әбікейдің соққан пышағын, көкмойнақ бәкісін ел қойға, жасаған сары ала қамшысын тоқтыға және түрлі түсті бұйымдарын, қара темірден соққан аю қақпанын атқа айырбастап алады екен. Әбікей өте қарулы, адуынды, денелі, сүйегі ірі адам болса керек. Қолына түскен қандай да бір қара темірді отқа салып қызартып кәдеге жаратып отырады екен. Әбекең өз өмірінде осы ұсталығынан, теміршілігінен басқа кәсіп істемеген. Ұсталық өнерді де орнықты, салмақты, сабырлы, шыдамды адам істейді.

 Біз бұл теміршілік, ұсталық өнердің атадан әкеге, әкеден балаға қанмен беріліп отыратынын көрдік.  Өйткені Әбікейдің бес ұлының үлкені Кәмелбай Фукаң ауданында аты бар темірші, өнерлі адам болды. Кәмелбайдың жасынан ел аузында аты бар аталары да, әкесі де атақты ұста болған. Осы ұсталық өнері Кәмелбайға дарып, жасынан темір шыңқылдатып балта, шот, бәкі, пышақ, аттың тағасын соғып кәсіп қылған.  Тіпті бертінде мылтықтың шақпағын жасағанын да көзімізбен көрген едік. Қосымша темір дәнекерлеп халықтың сынған нәрселерін, бұзылған қол арба, қақпасын жасап, темірден түйін түйетін. Сөйтіп он балалы шаңырақты  өз қажырлы еңбегімен тапқан қаражатымен асыраған. 

 

Кәмелбайдың жаңашылдығы

Кәмелбай мектеп есігін ашпаған адам. Оқу оқыған құрдастарынан өздігінен үйреніп сауатын ашқан, хат таныған. Кәкеңнің зеректігі мен білім құмарлығы оны басқалардан оқ бойы оздырып, жазу-сызу, есепшот дегендей ауылдық округ жұмысына да араластыра бастаған. Біз мақаламызда Кәмелбайдың өмірінен мәлімет бермекші емеспіз. 

Ғылым мен техниканың бүгінгідей ұшқан құстай дамыған дәуірінде 1960-70 жылдардағы қазақ даласы емес, тұтас бір қоғам өгіз соқамен жер тырмалап, ат арбамен аяңдап қара шаңырақ астында күн көріп кеткен еді.  Кәмелбайдың дәл осы кезде көзі ашық, көкірегі ояу болғандығы мен тұрмыстық күйбеңнен оза шауып алға шыққан қасиетін айтпақпыз. Жастайынан әкесі Әбікейдің жанында жүріп темірдің қыр-сырына әбден қаныққан Кәкең, тұтас бір ауыл-қыстақтың тас диірменін өзі қолына алып, жұлынып тұрған шағында халқының тары-бидайын кезек күттірмей ақтап беріп жүрді. Ауыл басшылары жаңалыққа құмар, ғылым-техникаға бейім Кәкеңнің өнеріне тәнті болады. Дүние тапшы заманда дизель мотор тауып, ұн тартқыш машинаны құрып, атамзаманнан тыныш жатқан Боғда бойындағы Аққол даласында тұңғыш рет тарсылдаған мотор дауысын жаңғыртты.

 Ал Тәкең бір жағынан осы зауыттың есебін ұстаса, енді бір жағынан күні бойы май қожалақ болып мотор жанынан кетпейді. Күндіз-түні моторды жөндей, босаған бұрандаларын бұрай жүріп, мотордың ішек-қарнын біліп алды. 1972 жылы осы тарсылдаған жұдырықтай мотордың орнына аудан көлеміндегі сирек кездесетін орташа ұн зауыты бой көтерді. Кәкең ұн тарту машинасының тісінен басқасын өздері жасап шықты. Зауыт қыстақты ғана емес, сол маңдағы елді мекендерді қамтамасыз етіп отырды. 

Кәкең ұста жаңалық үстіне жаңалық қосып, сол жылдары ток та таратты.  Тары, сөк ақтайтын машина әкелінді. Шөп турайтын машина, тақтай тілетін машина жасалынды. Ауыл шынжыр табан трактор, қол трактор сатып алды. Тау ішіндегі Кәмелбай, Дәкей салған су диірмені өзгертіп жасалынды. Тұтас ауыл-қыстаққа электр желісі тартылды. Міне осы машиналардың бас технигі Кәмелбайдың өзі болды. Және маңайында он шақты шәкірт тәрбиелеп, осы шәкірттер кейін қоғамның әр саласында белді азаматтарға айналды.

Сол жылдары Аққол даласында осы жаңалықтардың барлығына ауыл басшыларының алға басар рухына  және Кәкең себепші болды. Ғылым-техника дәмін татып, өнер-білімі артты. Санжы облысы Фукаң қазақтарының арасында Тәкеңнің аты ішкі Қытайға танылды.

 Фукаң қаласы Аққол ауылдық округінде міне осындай көрмеген адамның сенгісі келместей ірі жаңалықтар болды. Қоғам оңалып, жастар дүркірей оқуға аттанды. Мори, Фукаң қазақтары күні бүгінге дейін Кәкеңді аузынан тастамайды. 

Кәкең он саусағынан өнер тамған адам. Тіпті Әбікейдің бес ұлынан қай-қайсысы да өнерден кенде емес, бұл өз алдына бір әңгіме. Кәмелбай машина атаулыны қойып, тігін машинасын да, радионы да жөндей білетін.  Үйінде электр дәнекерлегіштен бастап алты-жеті станок түрі бар. Сексеннің сеңгіріне келген ақсақал бойында күші қайтпай тұрғанда 2012 жылы Алматы облысы Ескелді ауданындағы Абай ауылына да бір жем-шөп турайтын шағын жем жару машинасын қалың темірден жасап әкеліп құрып кетті. Бұл да болса өз Отанына деген сыйы деп білеміз.

Бұл құрылғы күні бүгінге дейін халықтың жемін тартып жатыр.

 

Су диірмен

1960 жылы малшыларға берілген астық бітеу астық  болып, оның үстіне малшылар өздері салып алған азын-аулақ астықты тартатын диірмен жоқ болғандықтан, малшылар түгелдей бітеу астық жеуге мәжбүр болады. Осы қиыншылықты шешу үшін, Кәмелбай Әбікейұлы теміршіліктен, ағашшылықтан хабары бар Дәкей екеуі Боғда тауы етегіндегі Ақөзеннің бойынан су күшімен айналатын су диірмен салуды ойлайды. 1965 жылы Кәмелбай мен Дәкей бірлесіп Аққол өзені шетінен бір шағын су диірмен салады. Бұл диірмен күндіз ұн тартса, түнде электр тогын таратады. Сол маңдағы үйлердің жарық мәселесін шешеді. Содан бастап сол жер су диірмен аталады.

Осылайша диірмен салу жұмысы арқылы жұртына  ерен еңбек сіңіреді. 1969 жылы қыстақтан электр күшімен қозғалатын диірмен салу жұмысына басшылық етеді. Сол кездегі диірмен салудың маманы ретінде танылған Кәмелбай диірмен салуға қатысты әртүрлі жұмыстың басы-қасында болып, қыстақ басшыларына өзі ұсыныс айтып, аудан жағынан, облыс жағынан білікті маман деп танылды.

 Ал Кәмелбайдың бес ұлының да қолынан  келмейтіні  жоқ  десек,  артық      айтпаған болармыз. Бүгінгі таңда  ұсталығын үлкен үйіндегі баласы кәсіп қылып отыр. Бәкі, пышақ жасаудың маманы. Міне бұл теміршіліктің қанмен беріліп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретін өнер екенін дәлелдеп тұрғандай.

Әбікейдің ұрпақтарының қай-қайсысы да, қайда жүрсе де,  базарда да, далада да темір жатқан жерді бір соғып кетпесе болмайды. Өйткені бұл темір татын қолға жұқтыру әдетке айналдырса керек.

Қазір дамыған заманда ұстаның ұрпақтары түрлі салаларда жұмыс істеп, өз кәсіптерімен айналысуда. Алайда олар теміршілігін ақсатқан жоқ. 

 

ЕРҒАЗЫ АХМЕТҰЛЫ
02.03.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 53
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 580
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 694
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 609
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 618

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8754
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8154
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11383
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9137
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10368