Бүгінде Сауран ауданында киіз басу дәстүрін қайта жаңғыртып жүрген аналар бар. Солардың бірі – Бабайқорған ауыл округіне қарасты Абай ауылында тұратын Анаркүл Абдуллаева. Ол ұзақ жылдар бойы балабақшада жұмыс істеп, зейнеткерлік демалысқа шыққан. Қазір кейіпкеріміздің бар ықыласы осы киіз басуға ауыпты. – Әкем 23 жыл совхоздың қойын бақты. Бала күнімізде біз киіз үйде тұрдық. Анам күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдардың барлығын қойдың жүнінен жасайтын. Кішкентайымыздан көрші-қолаңның, ағайын-туыстың бас қосып киіз басқанын көріп өстік. Ауылымызда бұл үлкен мереке болатын. Мал сойылып, қазанға ет асылатын. Қыз-келіншектер күнделікті үй тірлігінен аз да болса демалып, әңгіме-дүкен құратын. Үлкендер жағы оларға әдемі әңгімелерін, ақыл-кеңестерін айтатын. Оған дейін біз қой қырқымынан кейін тау-тау болып үйіліп қалған жүнді жуып, тазалап, түрлі түстерге бояп, тулаққа салып сабап қоюшы едік, – деді Анаркүл апа. Қазір Анаркүл апа үйінің бір бөлмесін киіз үйдің іші секілді етіп жасап, оның бір бұрышына ұлттық оюлармен өрнектелген көрпешелер қойыпты. Еденіне киіз, алаша төселініпті. Ал, қабырғасына кілем ілінген екен. Анаркүл апа мұның бәрін өзі жасағанын айтады. – Қазір адамдар қой жүнінің қадірін білмейді. Көпшілігі оны қоқысқа тастай салады. Мәселен, жүргізушілер киізден көліктің орындықтарына жабу жасап алса, бұл олардың омыртқа ауруына шалдығуына жол бермейді. Жалпы киіздің адам бойындағы суықты тартып алатын қасиеті бар. Осы естігендер киіз басып беруімді сұрап келуде. Сонымен қатар, күзге қарай еліміздің солтүстігіне, шығысы мен батысына көкөніс таситын ауыр жүк көліктерінің жүк салатын бөлігін жылытуға іздейтіндер кездеседі. Жүргізушілер қатты аязда киізді көліктің моторын жылы ұстап тұру үшін де пайдаланады екен, – дейді Анаркүл апа. Анаркүл апа бұрынғы киіз басу өнерінің қазіргімен салыстырғанда айырмашылығы үлкен екенін айтады. Расында да бүгінде базарлардан жаңа технологиямен өндірілген киіздің түр-түрін табуға болады. Одан шеберлер күнделікті тұрмысқа қажетті заттармен қатар қыз-келіншектерге арналған сәнді киімдер мен әшекейлер жасайды. Дегенмен, синтетикалық бұйымға қарағанда табиғи жолмен басылған киіздің адам денсаулығына пайдасы орасан зор екенін ұмытпағанымыз жөн. Ол үшін ата-бабамыздан келе жатқан киіз басу дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа сабақтастырып отыратын көнекөз қариялар өңіріміздің барлық аймағында көбейіп, ұлттық мейрамдарда киіз басудан жарыс ұйымдастырылып отырса деген тілегіміз бар.