Құрметті әріптестер!
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры жаңа театр маусымын дәстүр бойынша Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің жауһары – «Абай» операсымен ашты. Балет труппасы көрерменге П. Чайковскийдің әлемдік классикадағы теңдессіз туындысы – «Аққу көлі» балетін ұсынды. Екі қойылым да толық аншлагпен өтті. Зал толы көрермен сахна шеберлеріне ерекше ықылас танытып, ұзақ қол соқты. Бұл кештер шын мәнінде есте қаларлық болды.
Маусымның ашылу салтанатына театрдың ардагерлері, шетелдік консулдықтардың өкілдері мен меценаттар арнайы қатысты.
92-ші маусымда театр өз көрерменіне көптеген жағымды жаңалықтар дайындап отыр. Жаңа маусым мазмұнды да мәнді мәдени оқиғаларға толы болмақ. 26 тамыз күні театр ұжымы үлкен табыспен Татарстан астанасы Қазан қаласында гастрольдік сапар өткізді. М. Жәлил атындағы Татар мемлекеттік академиялық опера және балет театрының сахнасында тұңғыш рет «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсы қойылып, көрермен мен кәсіби мамандардың жоғары бағасына ие болды.
23 қазан күні Қазақстан Республикасының күніне орай театр сахнасында бірегей хормен орындалатын «ЯПҰРАЙ» Гала-шоуы өтеді. Бұл жоба көрерменге кеңінен таныс шығармаларды заманауи музыка мен өнердің жаңа үрдістеріне сай жаңаша сипатта тамашалауға мүмкіндік беріп, театрдың хор ұжымын жаңа қырынан ашпақ.
Жоғары технологиялы сценография әр нөмірдің сұлулығы мен тереңдігін айқындай түсіп, көрерменге әсерлі де көркем қойылым ұсынады. Музыкалық және визуалды шешімдердің инновациялық үйлесімі көрерменге өткен мен болашақтың үйлесімін сезінуге, сондай-ақ Қазақстанның мәдени және тарихи дәстүрлерінің бірлігін тереңірек түйсінуге мүмкіндік береді.
Қараша және желтоқсан айларында театр екі бірдей премьерасын ұсынады: Қазақстанның халық әртісі, аңызға айналған балерина әрі ұстаз Гүлжан Түткібаева қойған ұлттық балет – «Ұлы Жібек жолы» және Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мариин театрының режиссері Иркин Ғабитов сахналаған И. Штраустың «Жарқанат» опереттасының жаңа қойылымы. 92-ші театр маусымында ұжым өз өнерін Қазақстанда ғана емес, шетелдік көрермендерге де паш етпек.
Абай атындағы опера және балет театры жаңа маусымын ашып, өз жанкүйерлерін қуанышпен қарсы алды!