Таразда 26-28 қыркүйек күндері «TURKISTAN WORLD CRAFT FEST – 2025» халықаралық фестивалі мен қолөнершілер форумы өтеді
Қолөнер – халықтың жаны, ұлттың жүрегі. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан осы өнер халықтың дүниетанымы мен рухани болмысының айнасы іспетті. Осы қасиетті мұраны заман ағымымен үндестіріп, бүгінгі күнмен қайта қауыштырған қалалардың бірі – Тараз.
2022 жылы екі мың жылдық тарихы бар көне шаһардың дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енуі – жоғарыдағы сөзіміздің айғағы. Осылайша, Тараз бұл мәртебеге ие болған әлемдегі 56-шы, ал еліміздегі алғашқы қала атанды. Жалпы, қолөнершілер қалаларының Дүниежүзілік тізімі 2014 жылдан бастап қалыптасып келеді.
Бұл мәртебе қаланың халықаралық деңгейде танылуына жол ашты. Мәртебе берілген кезде қалада 70-тен астам қолөнерші жұмыс істеген болса, бүгінгі күні олардың саны 250-ден асты. Сонымен қатар, қалада «Өшпес Мұра», «Қолөнер-Тараз», «Қолөнершілер одағы», «Шебер Шаңырақ», «Альянс Хас Шебер» сынды 5 қоғамдық бірлестік белсенді жұмыс атқаруда.
Қолөнершілердің дүниежүзілік қаласы мәртебесінің арқасында тараздық шеберлер соңғы екі жылда бірқатар халықаралық көрмелер мен фестивальдерге қатысып, ел абыройын арттырып жүр. Атап айтқанда, Көканд – 2023, Бұхара – 2024 (Өзбекстан), Нарын – 2024 (Қырғызстан), Қазан – 2023, Уфа – 2024 (Ресей), Милан – 2023 (Италия), Париж – 2023 (Франция), Кучинг – 2023 (Малайзия) сынды шараларда еліміздің қолөнері лайықты деңгейде таныстырылды. 2024 жылы «Тараз – қолөнершілер қаласы» фестиваліне дайындық аясында және жергілікті шеберлерді қолдау мақсатында «Үздік қолөнерші» байқауы өткізілді. Бұл бастама 2025 жылы да жалғасын тауып, қолөнершілерге тұрақты әкімдік тарапынан қолдау көрсетілуде.
Сонымен қатар, 2025 жылдың 27-28 мамыр күндері Жамбыл облысында креативті индустрияны дамыту мақсатында «Қолөнершілер үйі – халықтық өнер және туризм орталығы» атты креативті хабтың ашылуы өтті. Іс-шара аясында акселерациялық оқыту курстары мен креаторлар форумы ұйымдастырылып, халықтық өнердің үш бағыты бойынша (керамика, былғары өңдеу, киізден бұйым жасау) шеберлік сабақтары өтті.
2024 жылдан бастап Тараз қаласында «Қолөнершілер үйі» өз жұмысын бастады. Мұнда шеберлерге барлық қажетті жағдайлар жасалған. Сондай-ақ ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған түрлі іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл бағытта жұмыс істегісі келетін кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп, жарқын жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік берілуде. Тараз қаласы әкімдігінің бастамасымен қолөнер саласына жан-жақты қолдау көрсетілуде. Қолөнершілердің әлеуетін арттыру, ұлттық мұраны сақтау және оны әлемге таныту бағытында нақты әрі нәтижелі жұмыстар жалғасуда.
Сонымен қатар жыл сайын Тараз қаласының Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне ресми түрде енгізілуіне орайластырылған қолөнершілер көрмелері өткізіліп тұрады.
Атап айтсақ, өткен жылдың 27-29 қыркүйегі аралығында «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты III Халықаралық қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылды. Осы көрме барысында Тараз Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесі алдында екі жылдық аккредитациядан сәтті өтті.
Қолөнершілер қаласы мәртебесінің арқасында өңіріміздің танымалдылығы мен туристік имиджі артты. Көрмелеріміз жергілікті және шетелдік қолөнершілер арасында тәжірибе алмасуға, достық қарым-қатынас пен өзара тиімді әріптестік орнатуға және оны әрі қарай нығайтуға жол ашып отыр.
Туристік инфрақұрылымды дамыту секілді мәселелермен қатар, орасан зор туристік-рекреациялық әлеуеті бар оңтүстік өңірдің бірегей туристік өнімін бірлесіп ілгерілетуіміз де өте маңызды.
Жалпы, дүниежүзілік қолөнершілер қаласы мәртебесін алудағы негізгі мақсат – өңірдің әлемге танымалдылығы мен туристік имиджін көтеру, отандық қолөнершілерді халықаралық деңгейде танымал ету, шетелдік және жергілікті қолөнершілер арасында достық қарым-қатынас пен ынтымақтастық орнату, тәжірибе алмасу, бәсекелестікке төтеп беру, жоғалып бара жатқан ежелгі қолөнер түрлерін сақтап қалу және қайта жаңғырту, танымал шеберлер мен қолөнер әлеміне енді қадам басқан жас мамандардың таланттары мен талғамдарына қолдау көрсету болып отыр.
2024 жылғы 8 қазанда Мәскеу қаласында өткен «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы» ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сауда-экономикалық байланыстарды тұрақты түрде қолдау және осы қатынастарды жан-жақты дамыту қажеттігін атап өткен болатын.
Мемлекет басшысы өз сөзінде әртүрлі деңгейлерде өткізілетін жәрмеңке саудасына сұраныстың артып келе жатқанын атап өтіп, «Достастық жәрмеңкесі» Мемлекетаралық бағдарламасының іске қосылатынын жариялады. Бұл бағдарлама шеңберінде жыл сайын бүкіл Еуразиялық өңірдің қолөнершілері мен аграрийлерін шақыра отырып, ТМД елдерінің әртүрлі қалаларында сауда іс-шаралары өткізілетін болады.
Қазақстан Президенті алғашқы көрмені Қазақстанның ең көне қалаларының бірі – Таразда ұйымдастыруды ұсынды. Тараз қаласы бір кездері Ұлы Жібек жолының маңызды торабы болған және ежелден «Саудагерлер қаласы» те деп аталған. Бірінші жәрмеңкені 2026 жылы өткізу жоспарланып отыр.
Енді Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының саны өсіп, осы тізімге киелі Түркістан қаласы да еніп отыр. Мұндай ауқымды оқиғалар Еуразия құрлығы елдерінің рухани дамуына жаңа серпін беріп, бауырлас республикалар арасында қолайлы туристік ахуал құруға ықпал ететін болады. Осындай рухани жаңғыру жолындағы ынтымақтастықтың бір көрінісі – ағымдағы жылдың 26 мен 28 қыркүйегі күндері аралығында өтетін «TURKISTAN WORLD CRAFT FEST – 2025» халықаралық фестивалі мен қолөнершілер форумы. Үш күнге ұласатын маңызды жиынға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков бастаған ресми делегация арнайы қатысады. Бұл сапар Тараз қолөнершілері мен Түркі дүниесінің өзге өкілдері арасындағы байланыс пен тәжірибе алмасудың, сондай-ақ жаңа жобалар мен шығармашылық ынтымақтастықтың бастауы болмақ. Сондай-ақ, бұл жай ғана мәдени басқосу емес, ұлттық мұраларды жаңғыртудың, рухани кодты сақтаудың, сондай-ақ заманауи қолөнердің дамуына жол ашатын маңызды алаң. Мұнда Тараздың төл өнері мен шеберлік дәстүрі кеңінен таныстырылып, өзге де мәдени өкілдермен өзара іс-қимылдың жаңа жолдары қарастырылады. Сондықтан мұны ұлттық өнерді дәріптеудің, бауырлас елдермен рухани жақындасудың нақты қадамы деп бағалауымызға болады.
Елімізде ғасырлар бойына жинақталған қолөнер бұйымдарының бай мұрасы бар. Осы халықаралық және қолөнершілер форумында, сондай-ақ түркі елдерінің бай мұрасы жарқыратып көрсетілсе, олардың бір-біріне жақындығы, ұқсастығы, тамырластығы, үндестігі бірден көзге ұрып тұрар еді. Осы арқылы түркі жұрты бір-біріне одан сайын тығыз жақындасып, арадағы түркі дүниесіне жалғасқан алтын көпіріміз кеңейе, қуаттана түсетіні сөзсіз. Алдағы болар форум жайында кезекті нөмірімізде кеңінен жариялаймыз.
Құрмаш ШАХАБАЙ