Демеуші компанияның өкілі Рысты Тасмағамбетова: «Атырау облысында «Әрекет» жобасы аясында жалғызбасты, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған 100 ана қазіргі заманғы кәсіптерді үйренді. Қазір 20 ана үй жағдайында кәсібін бастаған. Ал, 11 ана үйренген кәсібімен жұмысқа орналасқан. Кезінде біздің әжелеріміз біреуін арқалап, екіншісін жетектеп, тынбай еңбек етіп, он шақты баласын жеткізгенін білеміз. Ал 100 ана жұмысқа орналасып, табыс тапса, отбасының кірісін молайтуға үлесін қосар еді. «Ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» дегендей, әйелдер жұмыс істеуге де, үй тірлігін атқаруға да үлгереді», – дейді.
Демеуші компаниялар 48 млн теңге қаржы бөлген «Әрекет» жобасы өткен жылы қолға алынған. Жоба аясында жұмыссыз әйелдерге тегін оқыту курстары ұйымдастырылып, кейін шағын кәсібін ашуға көмек көрсетілген. Тегін оқыту курстарына Құрманғазы, Исатай, Индер, Махамбет, Жылыой, Мақат және Қызылқоға аудандарындағы шалғай ауылдардың, сондай-ақ, Атырау қаласы мен оған таяу орналасқан Еркінқала, Кеңөзек, Алмалы, Дамбы, Ақсай, Қайыршақты елді мекендерінің әйелдері тартылған. Тегін курсты аяқтаған 100 анаға тауар түріндегі гранттар берілді. Тігінші курсын бітірген 4, шаштараз курсын тамамдаған 5, клинингтік қызмет меңгерген 3, аспаздық шеберлігін шыңдаған 2 ана тұрақты жұмысқа орналасты. Ал, 20 ана өз кәсібін үй жағдайында ашты.