Осыдан бірнеше жыл бұрын «Қордай» автоматтандырылған газ тарату станциясынан Шу қаласына дейін ұзындығы 106 шақырымды құрайтын қашықтыққа жер асты болат газ құбыры жүргізілген болатын. Содан бері ауданды көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстары қарқын алып, бүгінде бірқатар ауыл осы игілікке ие болды. Аудан бойынша 10-нан аса елді мекен табиғи газдың қызығын көруде. Жасыратыны жоқ, көгілдір отын аудан орталығы мен оның маңындағы ауыл тұрғындарының тіршілігіне ерекше серпін беріп, қатты отынға деген тәуелділіктен құтқарды. Сонымен қатар ауданды газдандыру жұмыстары әлі де жүріп жатқанын ескерер болсақ, табиғи газдың келуі бұл өлкеге өзгеше өң кіргізетіндігі анық.
Өткен аптада ғана Шу қаласының іргесінде орналасқан Алға ауылдық округіне қарасты Жайсан елді мекеніне көгілдір отынның берілуі осы сөзіміздің айқын дәлелі бола алады. Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Ербол Аймамбетов арнайы барып, ауылдықтарды қуанышымен құттықтады.
– Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында үлкен қуанышқа куә болып отырмыз. Жайсан ауылының тұрғындары да көптен күткен көгілдір отынға қол жеткізді. Бұл бағыттағы жұмыстар мұнымен тоқтап қалмайды. Жыл соңына дейін тағы да бес ауылға газ тартылмақ. Елді мекендерді ауыз сумен қамту, газ тарту, тұрғындардың әл-ауқатын көтеру – мемлекеттік саясаттың ең негізгі басымдықтарының бірі. Сол себепті де ауылдықтардың тұрмыс-тіршілігін жақсарту жолындағы жұмыстар жалғаса бермек, – деді Ербол Еркінұлы.
Ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Мұхамедкәрім Көпбаев та өзінің игі тілегін жеткізді. Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Е.Аймамбетов пен ауыл ақсақалы М.Көпбаев табиғи газдың пайдалануға берілу іс шарасының лентасын қиып, Жайсан ауылына салтанатты жағдайда газ жіберілді. Өз кезегінде ауыл тұрғындары көгілдір отынның ауылға келуі арқылы көптің қолы ұзаратынын мақтанышпен сөз етісті. «Бүгін біз үшін ерекше қуанышты күн. Көп жылдан бері күткен көгілдір отынмен қауышып, көмір жағып, күл шығарудан арылатын болдық. Қала берді 100-ден аса түтін тұратын ауылымыздың ауасы түтіннен тазарып, экологиямыз да біршама жақсарып қалмақ. Осынау игілікті іске атсалысқан барша азаматтарға алғысымды білдіремін», – дейді ауыл тұрғыны Әбжан Оңғаров.
Айта кету керек, Жайсан ауылына газ тарту жұмыстарын «ДамуСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Жерасты құбырлары арқылы жүргізілген газ ауыл тұрғындарының барлығына қолжетімді. Көгілдір отынды үйге кіргізу құны 153 мың теңгені құрайтын болса, бұл жұмыстарды «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамының аудандық филиалы жүргізеді.
Аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 36 мыңнан аса тұрғыны бар Шу қаласынан бастап, Жаңажол, Көкқайнар, Белбасар, Еңбекші, Төле би, Бірлік, Қонаев, Көктөбе және Бірлікүстем ауылдары да табиғи газды тұтынып, өркениеттің игілігіне қол жеткізуде. Ауданымыздағы елді мекендерді газдандырудың бас сызбасына сәйкес, өңірдегі шалғай ауылдарды газдандыру үшін автоматтандырылған газ тарату стансалары орнатылған. Сәтін салса, жыл соңына дейін тағы бірнеше ауылға табиғи газ жеткізілмек.