Оралда Тәуелсіздік жылдарында бой көтерген сәнді де салтанатты білім ордалары аз емес. Осындай шоқтығы биік, білімді де дарынды шәкірттерімен танымал озық мектептердің бірі – Д.Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназиясы.
Мектептің алғашқы іргетасы 2000 жылы қаланың 6 шағынауданында қазақ мектебі болып қаланған болатын. Тәуелсіздігімізді алған тұстан бастап-ақ киелі білім ордасы алдыңғы қатарлы мектептердің бірі болып, жұлдызы жана бастады. Алғашқы мектеп директоры Сәрсенбай Меңжанұлы Молдашев 3 жыл қызмет атқарса, 2003-2020 жылдары Ақжарқын Темірханова өзінің жаңашылдығымен, талапшылдығымен мықты көшбасшы ретінде танылды. Қажырлы еңбегінің арқасында көптеген жетістіктерге жеткен Ақжарқын Мүтиғоллақызы «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін иеленді. Ал бүгінгі таңда ол Орал қалалық білім беру бөлімін басқарып отыр.
Қазіргі уақытта аталмыш мектепке Бибігүл Тлекенова басшылық жасап келеді. Бибігүл Сәуірқызы – 2017 жылдан бастап «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының республикалық пилоттық білім ұйымдарының қатарына енген мектеп-гимназияның жетекшісі. Осындай білікті басшылармен мектебіміздің мәртебесі өсіп отыр. Жиырма жылдық тарихы бар мектеп-гимназия өңірдегі алдыңғы қатардағы білім ордаларының біріне айналып үлгерді.
2000-2001 оқу жылында ең алғашқы мектеп түлектері орта білім туралы аттестат алса, сол оқу жылынан бастап білім ошағында «Айкөркем» би ансамблі (жетекшісі Сейтова Сандуғаш Қаршығақызы) құрылған. Бұл шығармашылық ұжым қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, жеңімпаз атанып, білім ордасының абыройын асқақтата түсті.
Киелі білім ордасында білім нәрімен сусындаған дарынды оқушылар – ұстаздарының мақтанышы. Айталық, 2018 жылы Аңсағаным Сәлімжан – ХХ республикалық «Абай оқуларында», ал Томирис Бақтыбаева орыс тілі пәнінен республикалық пәндік олимпиадада алғыс хаттарға ие болды. 2019 жылы республикалық ғылыми жоба байқауына қатысқан 11-сынып оқушылары Эльдар Қаресов – І дәрежелі, Қымбат Орынғалиева жүлделі ІІ орынды иеленді. 2020 жылы 11-сынып оқушысы Аружан Нариманова ағылшын тілі пәнінен республикалық пәндік олимпиадада сертификатқа ие болып, грант иегері атанып, Чехия мемлекетіндегі жоғарғы оқу орнына түсті. Ал 2021 жылы Данара Танканова орыс тілі пәнінен республикалық пәндік олимпиадада ІІІ орынға қол жеткізді.
Талантты ұл-қыздардың танымдық қабілеттерін шыңдап, қанаттарын қатайтқан Л.Шахина, Д.Дусанова, Э.Мырзашева, Г.Саматаева, А.Мурзашева сынды педагог-зерттеуші пән мұғалімдерінің еңбектері орасан зор.
Қазыналы білім ордасына айналған мектептің әрбір шәкірті білім көкжиегіне сеніммен ұмтылып, мектеп мақтанышына айналуды мақсат етсе, білім тұңғиығының нәрін алған «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегерлері бұл күнде республикамыздың барлық аймағында ел дамуына өздерінің үлестерін қосуда.
Білім ордасы 2016 жылы 2 қыркүйекте «№44 мектеп-гимназия» КММ атанса, 2020 жылы «Д.Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназия» КММ болып құрылды. Уақыт озған сайын білім ордасы қанатын кеңге жайып, тамырын тереңдете түсті. Біздің педагогикалық ұжым сапалы білім берудің үздіксіз желісін қалыптастырып, оны одан әрі жақсарта түсу тұрғысында көптеген игілікті істердің ұйытқысы болып, өзге білім ордаларына үлгі-өнеге көрсетіп отыр.
Ұжым оқытудың жаңа технологиялық әдіс-тәсілдерін пайдалану арқылы зерек оқушыларды дер кезінде анықтап, оларды шығармашылыққа баулуды басты парыз санайды. Осы мақсаттағы басты міндет – білім беру бағдарламасын жүзеге асыру және ұлттық, азаматтық құндылықтар, ғылым мен тәжірибе жетістіктері негізінде жеке тұлғаны кәсіби қалыптастыру, дамытуға бағыт болған білім алуға қажетті шарттар жасау, мектепті компьютерлендіру және интернет жүйесімен жұмыс жүргізу. Мектептің материалдық базасын нығайту мақсатында ғылыми негіздермен білім беретін пән кабинеттері жабдықталды. Оқушылардың рухани жан-дүниесін байытуға ұйытқы болып отырған кітапхана жұмысы да жақсы жолға қойылған. Онда 35796 дана оқулық, 212 әдістемелік әдебиет, 5135 көркем әдебиет және 150-ге тарта ғылыми-көпшілік танымдық әдебиеттер қоры бар.
Мектепте кураторлар да жұмыс жасап, шығармашыл шәкірттер тәрбиелеу үстінде. Сонымен қатар заман талабына сай виртуалды мұражай жасақталды. Қазіргі таңда мектеп-гимназияда шығармашыл, ізденімпаз, еңбекқор, креативті 174 мұғалім, екі шебер-педагог, 37 зерттеуші-педагог, 38 сарапшы-педагог, 35 педагог-модератор, 5 жоғары санатты, тоғыз І санатты, он үш ІІ санатты, жиырма магистр жас ұрпаққа жан-жақты білім мен тәрбие беріп келеді.
Білім ордасының жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі шығармашылық жұмысы жыл сайын өз нәтижесін беруде. Оған мектеп түлектерінің мемлекеттік грант пен несие арқылы жоғарғы оқу орындарына түсуі дәлел. Білім мен өнерді қатар ұштастырған киелі білім ордасы алдағы күннің талабына сай зор міндеттерді орындауды мақсат етеді. «Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздың қолында» дегендей, білімді ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі ұстаздар қауымының алдында тұрған үлкен мәселе. Тәуелсіздіктің баянды тірлігі аясында зор табыстар мен жетістіктерді арқалап келе жатқан іргелі мектептің алар асуы, бағындырар белесі әлі алда деп ойлаймын.