Шығармашылық ғұмыр деген күрделі нәрсе. Сондықтан ел таныған қаламгерлердің жолы әртүрлі қалыптасады. Кейбірі шығармаларының жұртқа жетуін, әсерін қадағалап үнемі ел алдында жүргенді ұнатса, енді бірі – өзі тағдырым білетін әдебиетке үн-түнсіз қызмет етіп, шығармашылықпен алаңсыз айналысқанды қалайды. Ал қазіргідей қоғамды ақпараттар тасқыны есеңгіретіп тастаған заманда халық – әдебиет мінберінен белсенді көріне бермейтін қалам иелерінің не істеп, не қойып жүргенінен хабарсыз қалып кетуі де қалыпты жағдай. Сол үшін де ұлт руханиятына еңбегі сіңген ондай жандарға «Сіз қайда жүрсіз?» деп сұрау салып, іздеп отыру – біздің міндет.
Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, талантты лирик, кейінгі кезде жұрт көзіне сирек түсіп жүрген Күләш Ахметовамен сұхбатымызда біз қазіргі кезде Тараз қаласында тұрып жатқан ақынның шығармашылығындағы соңғы кездегі жаңалықтар жайында, бүгінгі әдебиетке деген көзқарасы туралы әңгіме өрбіткен едік.
– Күләш Ділдәқызы, сізді халқымыз ерте танылған талантты ақын ретінде біледі. Жастар сіздің махаббат лирикаларыңызды сүйсіне оқып, жарыса жатқа айтып жүретін. Ал сізден кейінгі дәуірде поэзияға келген ақын қыздардың өлеңдерінен жан жадыратар самал желдей сүйкімді де жұмсақ жырларды сирек кездестіреміз. Керісінше, тағдырдан таяқ жеген, махаббатта жолы болмаған «лирикалық кейіпкерлер» қаптап кетті. Ендеше, аруларымыздың жаны қатқылданып, жырларының майдан көрген жауынгерлерше ширығып тұруына не себеп болды деп ойлайсыз?
– Әр мезгілдің өзінің сипаты болатыны сияқты, әр кезеңдегі өлең-жырлардың да өз табиғаты болады. Біздің бойжеткен кезімізде жазылған жырлар мөлдір, таза болуының себебі сол ортаға, қазақи тәрбиеге байланысты болса керек. Ол кездегі адамдар да бір-біріне мейірімдірек болған сияқты.
Жігіттер де аруларды сыйлай білетін, сертінде тұра алатын сыпайылық пен адалдық қасиеттер айқын көрінетін.
Біздің алдымызда Мариям Хәкімжанова, Тұрсынхан Абдрахманова, Қанипа Бұғыбаева секілді апаларымыз болды. Әдебиетке айырықша таланты, өр мінезімен келген Фариза апамызға қарап өстік. Менің ізіммен ілесе шыққан Зайда Елғондинова, Қатира Жәленова, Тұрсынай Оразбаева, Жадыра Дәрібаева жырлары да шынайылығымен, сыршылдығымен баурайтын.
Қазіргі ақын қыздардың кітаптарымен түгел таныс болмасам да, олардың өлеңдерін баспасөз беттерінен оқып тұрамын. Өзің айтқан ахуалдың шет-жағасын байқаймын. Бірақ олардың шеберлігіне, ізденістеріне сүйсінемін. Сенің айтып отырғаның – мазмұны ғой. Бұл – заманның да өзгергендігін, қыздар тағдырының да басқашалау болып бара жатқанын байқатса керек. Бойжеткенді мұңайтатын бозбалаға да сын боларлық жәйттардың көбейгені нәзікжандылардың шығармаларынан көрініс табуы – заңдылық. Бірақ ақын қыздар қазір де ойлы, нұрлы шумақтарға кенде емес. Оларға қамқорлық жасалып, жазған дүниелері жарық көруі абзал. Және қаламақы мәселесі де үкімет тарапынан дұрыс жолға қойылса дейміз.
– Ұлттық поэзиямыздың бастауы болған жыраулар поэзиясындағы өр екпін қазақ жырының негізгі қасиеті десе де болады. Бұл Абайдан басталған жазба әдебиетімізде тұғырынан түскен жоқ. Содан ба екен, халқымыздың әлі күнге шындықты ту еткен, ақиқатты тайсалмай тура айтқан отты өлеңдерге деген құрметі ерекше. Демек, ақындарымыздың азаматтық ұстанымын білдіретін өлеңдеріне қарап оның халықшылдығына баға беріледі десек, шындықтан алыстай қоймаспыз. Сізде елдің құлағында қалған азаматтық лирикалар көп. Бірақ бүгінгі әдеби үдеріске көз салсақ, қазіргі ақындарда «өнер – халық үшін» дегеннен гөрі, «өнер – өнер үшін» деген ұстаным басымырақ секілді. Бұл жайында не айтар едіңіз, әрдайым дәуіріне үн қосатын «халықшыл» ақындардың шығармашылығын популизмге жатқызып, тек өзінің түйсінгенін жазатындарды «терең, классик» санау әділетті ме?
– Қазақ ауыз әдебиетінде небір жауһар жырлар болған. Абай хәкім жырдағы түр жаңашылдығымен де, ой маржанын төгуге келгенде де данышпан да дара ғой. Баяғы от ауызды, орақ тілді ақын-жыраулардан бері қарай халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтамаған тұлға кем де кем. Ел тағдыры, жер тағдыры, ұлт пен ұрпақ тағдыры саналылардың бәрін толғандырған. Мен өз басым «өнер – өнер үшін» дегенді түсінбеймін. «Өнер – халықтыкі» дейміз. Ал поэзия – адамның жанына сәуле құятын, үміті мен сенімін молайтатын, ақиқат пен әділетті қорғайтын, өмірді, табиғатты сүюге үйрететін шұғылалы жанр. Нағыз өлең қай уақытта да тереңдігін де, өткірлігін де жоғалтпақ емес.
– Бүгінде кеңестік кездегі жасалған әдебиетке біржақты баға беріп «ұраншыл», «саясаттың сойылын соққан әдебиет» деп қараушылар бар. Яғни, нағыз әдебиет енді жасалады дейтіндердің көбі жас буын. Сонымен бірге түрлі «измдер» бел алып жатыр. Бұның бәрі әдебиетті дағдарысқа жеткізе ме немесе дамуға жетелей ме?
– Тарихты тәрк етіп, тағдырлы кезеңдерге жалпылама баға беру оңай болғанмен күрделі жағдайдың күрмеуін таппай, күдікті ой тастайтын пікірлер бола береді. Мен қазақ поэзиясының аса қуатты толқыны болып есептелетін Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Тоқаш Бердияров, Сағи Жиенбаев сияқты ағаларымның жарасып қатар жүрген, жарысып кітап шығарған керемет кездерін көріп өстім. Олар саясатқа да, ұранға да ұрынбады. Қазақ әдебиетінің тарихында ұлт барда жоғалмайтын жасампаз шығармалар қалдыра білді.
– Қазіргі қазақ әдебиетін оқып отырасыз ба? Сіздерден кейін әдебиетке келген ақын сіңлілеріңіздің қайсысының шығармашылығымен таныссыз? Олардың арасында бөле-жара көрсетіп, үміт артатыныңыз бар ма? Жас ақын қыздар сізбен хабарласып, өз туындыларын сынататын, кеңес алатын жағдайлар болып тұра ма?
– Ия, өзімнен кейінгі өрімтал сіңлілерімнің қадамдарын қадағалап келе жатырмын деп айтуға болады. Гүлнар Салықбаева, Шәмшия Жұбатова, Танагөз Толқынқызы, Таразда тұратын Үміт Битенова, Жұлдыз Бейсек, Арайлы Жақсылық, Ұлжан Шораева сияқты сіңлілерімнің сұлу да сезімтал жырларына дән ризамын.
Өлеңнің сырты – көркемдік, іші – ізгілік, дәні – даналық болғаны дұрыс. Өлең – біреудің ақыл-кеңесімен жасалатын нәрсе емес, әр қаламгердің ішкі бұрқаныстары мен көзқарастарының ұштасуын және дарын деңгейін көрсететін көркем құбылыс. Ол – Алладан берілетін сый.
– Енді өз шығармашылығыңыз туралы әңгімелескім келіп отыр. Жоғарыда айтып өткенімдей, сізде оқығанда халықтың құлағына сіңіп кететін ұлтыңыз туралы ғажап өлеңдер көп. Мәселен,
Қазақты жамандама, қазақ бала!
Халық қой қазақ деген аз-ақ қана!
Мәңгілік Ай астында,
Жер үстінде
Қазақтың жанашыры қазақ қана! – деген шумағыңыз күн сайын радиодан оқылып тұрады. Мұндай өлеңдер жазуға ұлттық әлеуметтік күйзеліс себеп бола ма, әлде ақын ұлтшыл болуы керек пе?
– Ақын ұлттың кемшілігін сынап, міней отырып, оның мызғымас бірлігі мен тұтастығына сызат түспеуін мақсат тұтады. Ол өз заманының қордаланып қалған жағымсыз әдеттерін қозғап, түзелу жолдарын да нұсқай біледі. Біздің халқымыз кеңпейіл де мейірбан, меймандос, өрелі де өнерпаз халық.
Нағыз ақын осы бір тақырыпты қозғайыншы деп алдына тапсырма қоймайды. Ақын Отанын, орманы мен бақтарын, жазиралы даласын, таулары мен суларын жан-тәнімен сүйеді. Оны одан да әрі көркем етіп көрсеткісі келеді. Ұлттық салт пен сана, әдеп пен әдет, дәстүр мен мәдениет үздіксіз жалғасып отыратыны сияқты сөз өнері де байып, дамып, кемелдене береді. Мен де өзімнің туған елімді тұнық сезіммен бейнелеуді армандаймын. Елінің Ұлы Жаратушымыздың шексіз рахымымен қазаққа бере салған бүкіл құндылықтарын, ғажайып табиғатын кестелі жырмен келістіріп суреттей білген өнер иесінде арман бар ма?
– Халқыңызға танылған, ел құрметтеген қалам иесісіз. Алайда ақындықта бағыңыз жанған, өзіңізді танытқан Алматыдан кетіп, Таразға қоныс аудардыңыз. Оған не себеп, әдеби ортада баяғыдай қызық жоқ па, әлде бірдеңеден көңіліңіз қалды ма?
– Шаһарым менің, шаттығым,
әнім, шәрбатым,
Шапағаттанып жатасың-ау
сен таңда тым.
Шілдеде гүлге, ақпанда қарға бөленіп,
Шәйі бұлттардан шәлі
байлаған Алматым!
Алатаудың аясындағы әсем қала Алматы біздің бағымызды ашты. Көрнекті қаламгерлердің қайталанбас туындылары Қазақстанның рухани, мәдени орталығына айналған осы шаһарда жазылды. Мен де осында әдебиеттегі өз орнымды таптым деп есептеймін, әуелі университетті бітірдім, ұлағатты оқытушылардың тәлім-тәрбиесін алдым, алғашқы кітаптарым жарық көріп, ақын ретінде танылдым.
Тағы бір жұлдызды сәтімді айта кетейін. Менің 50 жылдық кешімді қоғам қайраткері Ғайникен Бибатырова апам өзі ұйымдастырып өткізіп берді. Ғалымдар үйінде өткен кешімді көрнекті жазушы Төлен Әбдік жүргізіп отырды. Аса қадірлі Әбіш Кекілбаев аға алғашқы сөзді алып, көрнекті ақындар Хамит Ерғалиев, Тұманбай Молдағалиев жырдан шашу шашып, Шөмішбай Сариев бастаған замандастарым сахнаны толтырып сөз сөйледі. Зал лық толы еді. Ертеңіне республикалық газеттердің біріне «сұлу кешті қия алмай, көрермендер Ғалымдар үйінің маңайында әсерлерін бөлісіп біраз тұрды» деп жазды. Мұны айтып отырған себебім – мен Алматыға сыймай кеткен жоқпын, қимай кеттім. Өйткені сол қалада жар таптым, ұл-қызымды өсірдім, әдеби марапаттарға ие болдым. Ал Таразға көшіп келуіме туған жеріме деген жылдар бойғы жиналып, шүпілдеген таза сағынышым себеп болды. Туған жерге деген сағыныш – кең далада көшіп жүрген бабалар жырларының сарқылмас бұлағы. Мен де ертеректе Тараз туралы көп жаздым. Бір шумағын келтіре кетейін.
Тақ Тараз. Жалқы Тараз жаһандағы,
Түп қазық туған үйім Отандағы.
Ықылым замандардың шаңы жұққан
Шаһарлы шежіремнің қаһарманы!
Тарихи Тараз бізді жақсы қабылдады. Сол кездегі облыс әкімі Бөрібай Жексембин бірден төрт бөлмелі пәтердің кілтін берді. Кейінірек Серік Үмбетовтің де қамқорлығын көрдім. Белгілі қаламгер, қазіргі Парламент депутаты Мейрамбек Төлепберген де шын жанашырым бола білді. Білікті азаматтар менің жарым Қайырбек Асановты қадірлеп, әртүрлі шаралардан қалдырмай қосып отырады. Облыс басшылары үйге келіп жағдай сұрап, жақсы лебіз қалдыруды әдетке айналдырған.
Менің туған ауылым Үшарал да осы өңірде. Әкем мен шешемнің, ата-бабаларымның қасиетті мекені. Талас өзенінің бойын жайлаған елі бай, шөбі шүйгін, суы бал, аққу ұшып, қаз қонған өлкенің құмы да алтындай қымбат бізге. Ертеректе, елді сағынып жүргенде «Үшарал» деген өлең жазғанмын.
Ұям сенсің, түсіме егер енсе ұям,
Ұшам саған, қалай мұнда мен сыям?!
Күтіп жатқан Қайта өрлеу дәуірін
Сенсің менің сұлу Флоренциям!
Туған жерімнің күн сайын көркейіп, гүлденіп, дамып келе жатқанына қуанып отырамын.
– Соңғы кезде көп көрінбей кеттіңіз. Қазір не жазып жатырсыз, замандас-қаламдастарыңыз туралы естелік-эсселер, әдебиет туралы ойларыңызды кітап қылып шығару ойыңызда бар ма?
– Сұрағың өте орынды. Соңғы жылдары әдеби ортадан жырақтау жүргеніммен жазуды тоқтатқан емеспін, шығармаларымның таңдамалы 5 томдығы жарық көрді. Жазушы-аудармашы Мәлік Отарбайдың ықыласты ықпалымен Анкарада Ашур Өздемир аударған «Жаратқанға жалбарыну» атты кітабым түрік тілінде шықты. Өткен жылы, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай, «Өнер» баспасынан «Отан» атты көркемсуретті поэзиялық кітап-албомым жарық көрді. Алда әлі жоспарлар бар. Жарық көрмеген дүниелерім де жетерлік. Алла қаласа, жаңа жырларыммен толықтырып, оны да оқырман назарына ұсынармын.
– Әңгімеңізге рахмет! Салмақты туындыларыңызбен халқымызды қуанта беріңіз.