Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті өрге өрлесе, сол елдің еңсесі де биік болатыны анық. Мұндайда дана халқымыз «Өнер – ұлттың жаны» деп рухани құндылықтың қоғам өзегі екендігіне баса мән береді.
Сала мамандары мен тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында былтыр облыс көлемінде 9 мәдениет нысанының құрылысы аяқталып, оның ішінде 6 ғимарат ел игілігіне пайдалауға берілген. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асқан жұмыстар легі биыл да жалғасын тауып, мәдениет ошақтарының құрылысы мен материалдық-техникалық базасын жаңғырту жұмыстары жалғасын таппақ.
Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбайдың сөзінше, биыл 17 мәдениет нысанының құрылысын қолға алу жоспарланған.
– Облыста 197 мәдениет үйі мен клуб тұрғындарға мәдени-көпшілік қызмет көрсетіп келеді. Өткен жылы өңірде 1,4 миллиард теңгеге 16 мәдениет ошағының құрылысы жүргізілген болатын.
Оның ішінде 1 ғимарат құрылысы демеушілер есебінен жүзеге асып, бүгінгі күнге 6 нысан пайдалануға берілді.
Сондай-ақ, 30 мәдениет нысанына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге жергілікті бюджеттен 641,5 миллион теңге бөлініп, мақсатты бағытта игерілді. Бұдан бөлек, биыл өңір бойынша 17 мәдениет нысанының құрылысын жүргізу қолға алынған. Жалпы құны 3,1 миллиард теңгені құрайтын құрылыс нысандарынан 8 ғимаратты биыл аяқтау жоспарланып отыр, – дейді Ерлан Нұрманұлы.
Аталған бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жүзеге асуының мысалы ретінде мәдениет ошақтарының саны 1 наурыз – Алғыс айту мерекесі қарсаңында тағы бір нысанмен толықты. Қордай ауданы, Бетқайнар ауылында 180 орындық жаңа ғимараттың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісті.
Жалпы, сметалық құны 370 миллион 984 мың теңгені құраған заманауи ғимаратта ауыл балаларының рухани тәлім-тәрбие алуы мақсатында алдағы уақытта арнайы үйірме бөлмелері мен кітапхана, кең концерт залы мен жылжымалы лифт қызмет ететін болады. Ауыл ажарын көріктендіре түскен бұл нысан алдағы уақытта кейінгі жас ұрпаққа рухани тәлім-тәрбие беретін мәдени орынның үлгісі болмақ.
Атап өтерлік жайт, ауылдың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру мақсатында қолға алынған «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында былтыр 159 жоба жүзеге асқан. Соның ішінде мәдениет саласы бойынша Меркі, Қордай аудандарында 3 мәдениет нысанының құрылысы аяқталып, Сарысу ауданында мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткен.