Бүгінгі таңда майдан журналистикасы, майдангер журналистер туралы көп жазылып та, айтылып та жүр. Иә, соғыс жылдарында БАҚ-тың рөлі өте зор болды. Журналдар жабылып, жауға қарсы күшті жұмылдыруды насихаттауда газет пен радио көп жұмыс атқарды. Сол кездері 10 майдандық, 10-нан астам дивизиялық газеттер шықты. Олар: «Жауды жоюға», «Жауға қарсы аттан!», «Совет жауынгері», «Сталин туы», «Отан күзетінде», «Дабыл», т.б. газеттері еді. Мұнда әскери тілшілер мен редакторлар бір қолдарына қару, бір қолдарына қалам алып, жауға қарсы аянбай күресті. М.Ғабдуллин, Б.Момышұлы, С.Ерубаев, Б.Бұлқышев, М.Иманжанов, С.Сейітов, Қ.Қайсенов, Ә.Нұршайықовтың публицистикасы мен мақалаларындағы жалынды да қаһарлы сөздері жауға қарсы оқша борады. Осындай аға ұрпақтың ерлік істерін ұмытпай есімізде мәңгі қалдыру мақсатында Жеңіс күні қарсаңында «Тұран» университетінің «Отанды қорғауда» газетінің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған «Майдан журналистикасы» атты дөңгелек үстел өтті. 1942 жылы 6 қарашада «Отанды қорғауда» газетінің алғашқы саны Ленинград майданы даласы қазақ жауынгерлерінің қанымен жазылған хаттарға толы болды. Газетті 3 курс студенті Түймебай Әшімбаев басқарған. Майдан даласындағы қазақ жауынгерлерінің ерлігі, сондай-ақ газеттің 312 данасында сан мыңдаған ескерусіз қалған батыр ұлдарымыздың есімі көп жазылғандығы үшін де, майдангер қаламгер соғыс аяқталысымен 6 жыл қамауға алынып, сотталып кетеді. Қан майданның ішінде алдыңғы шепте жүріп, әрі соғысып, әрі материал жинап жазып отырған өр рухты Т.Әшімбаевтың ерлігі мен журналистика саласына сіңірген еңбегін әлі де зерттеу керек екені анық. Дөңгелек үстелді модератор, ф.ғ.к., доцент, қауымдастырылған профессор Түлекова Гүлжан жүргізді. Беташар сөзді «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов айтты. С.Қозыбаев (Қазақстан журналистер академиясының президенті), Ү.Әлімбетов (профессор, академик), Б.Жақып (журналист, ақын), Л.Ахметова (профессор, белгілі қоғам қайраткері), «Ана тілі» газетінің бөлім басшысы Д.Белдеубай, «Qazaqstan dauiri» газетінің тілшісі Ш.Биекеева, «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің директоры А.Әубәкір, суретші Ө.Жұбаниязов және журналистика факультетінің 1 курс студенті Е.Ратбеков пен 3 курс студенті Р.Мутаир сынды конференцияға қатысушы қонақтар майдан журналистикасы мен Түймебай Әшімбаевқа қатысты естеліктер айтып, баяндама жасады.