Учаскелік мейірбикенің міндеті – учаскелік дәрігерге өзіне бекітілген учаскеде тұратын науқастарды қабылдауға көмектесу, дәрігердің тағайындауы бойынша үйдегі емдеу рәсімдерін орындау және алдын алу іс-шараларын жүргізуге қатысу.
Қазіргі медицина саласындағы соңғы реформаларға сәйкес, мейірбикелердің қызметтік міндеттері кеңейіп жатыр. Ол стандарт бойынша көптеген жүктеме мейірбикеге берілді. Әр учаскелік дәрігердің мейірбикесі бар. Мысалы, дәрілік заттарға рецепт жазып беру, ауруханаға жату үшін жазылатын бағыттаушы анықтама, динамикалық байқауға қайталап келген науқастардың қан қысымын тексеру сияқты шаруалар осы мейірбикелерге беріліп отыр. Сондай-ақ, бүгінгі күні халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізу, аурудың алдын алу, тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру сияқты жұмыстарды да атқару мейірбикелер міндетіне кіреді. Сонымен қатар денсаулығына байланысты жұмысқа жарамсыздық парағын да мейірбикелер жазады. Бүгінде қалалық емханалардың көбінде учаскелік дәрігердің жанында осындай түсіндіру жұмыстарын жүргізетін мейірбикелер жұмыс жасайды. Мейірбике адамдарға көмек көрсету сияқты артықшылықтарға ие. Олар емделушілермен көп уақыт өткізіп, тез сауығып кетулеріне көмектеседі. Сондай-ақ алғашқы көмек көрсету дағдылары, екпе жасай алу немесе қан қысымды өлшей алу төтенше жағдайда іске жарауы мүмкін. Осындай мейірбикенің бірі – Сауданбекова Ғалия Бәзілжанқызы. Ол медицина саласында алғаш еңбек жолын 1988 жылы бастаған.
– Күн сайын әртүрлі жастағы, әртүрлі күйдегі науқас адамдармен жұмыс істеу арқылы үлкен тәжірибе жинадым. Қанша қиындық кездессе де, әр науқастың алғысы мен сенімі үшін бізге ең биік марапат. Медицина саласында 40 жылдай еңбек өтілімі бар. Емханаға тіркелген науқастарға үй жағдайында күтім жасап, жан жылулығын беруге тырысамын.
Медицина – жай ғана кәсіп емес, ол жүрекпен сезініп, жанмен атқарылатын қасиетті қызмет. Әрбір – күн жаңа тағдыр, әрбір жан – жауапкершілік. Заман ағысымен бірге дамып, кәсіби біліктілігімді арттырып, емделушілерге қол ұшын беруден жалыққан емеспін. Қол ұшын созу тек жұмыс емес, өмірлік миссиям, – дейді Ғалия Бәзілжанқызы.
Ол 1996 жылдан бастап Алматы қаласындағы №10 емханада учаскелік мейірбике қызметінде жұмыс атқарып келеді. Ғалия Бәзілжанқызының айтуынша, қазір мейірбикелер жаңа заман талабына сай жан-жақты сауаттанған, өз ісіне жауапкершілігі жоғары, жанашырлық қабілеті зор. Олардың арасында игілікті істе адал еңбегімен елге танылып, шипалы қолымен талай жанның сауығуына септігін тигізіп жүргендер аз емес. Ғалия Бәзілжанқызы да осы топтағы мейірбикелердің көш басынан көрініп жүрген орта буын қызметкерлерінің бірі. Өзінің кәсіби біліктілігімен қоса мейірімділігімен қала тұрғындарынан алғыс алып жүрген ол ардақты ана.
– Мейірбикелер – медицинадағы ауыр жүкті арқалайтын негізгі буын. Сондықтан мейірбикелер, қай кезде де жеке басымыздың мәселесін емес, науқастарға көмектесуді алдыңғы кезекке тұратын жандар деп айта аламыз. Әр адам баласы таңдаған мамандық мақтанышы болуы керек. Өз жұмысымызды үлкен жауапкершілікпен атқарамыз, – дейді Ғалия Бәзілжанқызы. Сұхбат соңында өз мамандығын сүйіспеншілікпен жақсы көріп, әркез адам баласына қол ұшын беруден аянбайтын мейірімді мейірбике Ғалия Бәзілжанқызына мың алғыс айта отырып, істеріңіз оң болып, қызмет пен отбасыңызға бақытты, шуақты күндер тілейміз.
Аяужан ЖАЙЛАУҚЫЗЫ,
Алматы қаласы