Бүгін ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен «Мәміле» қазақ тілді пікірталас клубы жобасынының үшінші отырысы Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясында өтті.
Қазақ халқының тарихи және мәдени мұрасын, салт-дәстүрлерін, менталитетін және өмірлік құндылықтар жүйесін зерделеу арқылы мемлекеттік тілді үйренуді көздеген клубтың кезекті жиынына этномәдени бірлестік өкілдері, өңірлік «Ассамблея жастары» РҚБ мүшелері, мемлекеттік тілді меңгерген этнос жастары мен тіл үйренушілер қатысты.
Клубтың бүгінгі жиыны Ұлттық домбыра күніне бағытталды. Кезекті басқосу барысында «Қоғамдық келісім» КММ-нің жобаларды іске асыру және ҚХА құрылымдарымен жұмыс жөніндегі бөлімінің жетекші сарапшысы Рахат Ерхан клуб мүшелеріне мәдени мекеменің бірінші қабатында Жамбыл Жабаев, Сүйінбай Аронұлы, Құрманғазы Сағырбайұлы, Қоқыт ата т.б. аты аңызға айналған тұлғалардың өмірімен таныстырып, өнері мен шеберліктерінен сыр шертті.
Ары қарай жиынға қатысушылар филармония оркестрінің концерт алдындағы дайындығын тамашалады.
К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы директорының орынбасары Жандос Омаров клуб мүшелерін қарсы алып, өнер әлеміндегі өзгеше өмірдің қызықшылығы мен қиыншылығына тоқталып, филармония оркестрімен таныстырды.
Ал, филармониядағы Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі дирижері, ҚР мәдениет саласының үздігі Дулат Байзілдаев клуб мүшелеріне әрбір аспаптың құндылығын мемлекеттік тілде жеке-жеке түсіндіріп, олардың оркестрдағы өзіндік рөлдері туралы айтты.
Клуб мүшелері оркестрдің концерт барысындағы дайындығына да куә болып, филармония әншілерінің жанды дауыста шырқаған әсем әндерін тыңдап, аспаптарда орындау шеберліктеріне тәнті болды.
Жиын соңында «Қоғамдық келісім» КММ-нің жобаларды іске асыру және ҚХА құрылымдарымен жұмыс жөніндегі бөлімінің басшысы Аққу Қаратаева көпшілікке «Мәміле» клубының жұмысын таныстырып, өнер ұжымына алғыс айтты. Клуб мүшелері мемлекеттік тілдің құндылығын ұлттық аспаптар атауы және ән арқылы бойына сіңіріп қайтты.