Мақсатымыз – науқастарды қолдау қызметінің сапасын жақсарту

Мақсатымыз – науқастарды  қолдау қызметінің сапасын  жақсарту

 

Осынау жауапкершілігі мол мамандықтың қыр-сыры жайында  Алматыдағы №10 қалалық  емханада 2018 жылдан бастап сарапшы дәрігер, дерматолог болып қызмет атқаратын Дүтбаева Гүлнұр Кажаевнаны әңгімеге  тартқан едік. Қазіргі  кезде  2022 жылдан бастап  науқастарды қолдау және  ішкі  аудит қызметінің  басшысы міндетін  атқарады. Жоғары  санатты  дәрігер. Аудан әкімшілік  атынан Алғыс хаттар, мақтау қағаздарын иеленген  және  «I дәрежелі Ибн Сина» орденімен  марапатталған  ақ халатты  абзал  дәрігер  деп  айтуға  лайық жан. Отағасымен бірге 2 бала тәрбиелеп, оқытып өсірген  аяулы ана.   

– Дәрігер деген жауапкершілігі мол мамандық. Бала кезімнен  туысқандарымның дәрігер болып жұмыс істегендерін көріп өсіп, болашақта мен де дәрігер боламын деген арман болды. Бала күнімнен кезден бастап оларға қызығып қарайтынмын. Сол арманның жетегінде ауыр да әрі  жауапты  мамандықты таңдадым. Осылай мектеп бітіре сала арманымды мақсатқа айналдырып, дәрігер  болу үшін оқуға түстім. Мен Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Қарасу ауылында қызметкерлер  отбасында дүниеге келдім.  1982 жылы Абай атындағы орта  мектептің 10-сыныбын аяқтап, Семей мемлекеттік  медициналық  институына оқуға түстім. 1990 жылы институтты аяқтаған соң  Өскемен қаласында «Оториноларингология» (ЛОР) мамандығы бойынша интернатура өттім. 1990-2001 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай аудандық ауруханасында  ЛОР-құлақ, тамақ және мұрын ауруларын емдейтін  дәрігер болып қызмет атқардым. Осы ауруханада 2001-2012 жылдары тері аурулары дәрігері болып қызметімді жалғастырдым. 2013 жылы Алматы қаласына отбасымызбен қоныс аудардық. Алматы қаласындағы №22 қалалық емханада клиникалық-диагностикалық  көмек  көрсету  бөлімінің  меңгерушісі, қосымша дәрігер  дерматолог  қызметін  атқардым. Ал, 2018 жылдың сәуір айынан бастап №10 қалалық  емханаға  ауысып, сарапшы  дәрігер  және  дерматолог жұмысын атқара келе, 2022 жылдан бастап науқастарды қолдау және ішкі аудит қызметінің басшысы міндетін  атқарып  келемін. Осы медицина саласындағы еңбек өтіліме 36 жыл болыпты. Адамзат  баласына  дәрігер болу оңай  мамандық емес. Сондықтан адам баласы  өз мамандығын  жақсы  көріп, жауапкершілікпен  адал қызмет еткенде ғана  жемісін де, жеңісін де көре алады деп ойлаймын, – деп сыр шерткен Гүлнұр Қажайқызы емханадағы  науқастарды  қолдау  қызметі  және ішкі  аудит ұйымдастырудың мақсаттары  мен  міндеттері  жайлы кеңінен айтып берді.

Ал науқастарды  қолдау  қызметтерінің  жұмысы  мен  маңыздылығын Гүлнұр Дүтбаева былайша түсіндірді:   

«Аталған қызмет жалпы медициналық ұйымның медициналық көмек сапасын басқару жөніндегі қызметін  үйлестіреді.  Бұл  науқастардың мәселелерін  қарастырып, шешіп қана  қоймайды, сонымен бірге өзінің кадрларын, жабдықтарын пайдаланудың тиімділігін бағалайды, медициналық көмек көрсету технологияларын, тегін  көмектің  кепілдік  берілген  көлемін көрсету  ережелерін сақтауды  және  медициналық  сақтандыру  бойынша қызметтерді  тексереді, ақаулардың  алдын  алу, оны  жою  бойынша жұмыс істейді, медициналық  көмек  көрсету  сапасын  қамтамасыз  ету  мәселелері бойынша  персоналды үйретіп  оқытады. Осылайша әркез түрлі  жағдайлармен  келген  науқастарға  тиімді, нақты, тез арада  көмек беру,       мән-жайын  қарастырып  шешіп  беру – біздің  міндетіміз. Осы  бөлімде бірге  жұмыс  жасап  отырған сарапшы  дәрігер Аманбек Айзада  және  денсаулық сақтау сапасы  бойынша менеджер Рахимова Нұргүл өз  жұмыстарын жауапкершілікпен, тиянақты атқаратын қызметкерлер. 

Алдағы уақытта да науқастарды  қолдау  қызметінің  мақсаты  проблемалық  мәселелерді  анықтау  және  медициналық  көмек  көрсету  сапасын  одан  әрі  жақсарту».

Ақ халатты абзал  жандар  болмаса, жер  бетінде тіршілік  болар ма? Бас ауырып, балтырымыз сыздаса,  дәрігерлердің  көмегімен  ғана жанымызға жай  табатынымыз  шындық. Сөз  соңында  осы  бөлім  қызметкерлерінің  еңбектеріне  табыс, отбасыларына амандық  тілей отырып, кәсіби  біліктіліктерінің  арқасында  биік  асулардан  көріне  беріңіздер деп,  шын жүректен тілек білдіреміз.

                                                                                  

Аяужан  ЖАЙЛАУҚЫЗЫ,

 Алматы  қаласы

12.04.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 4378
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 4556
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 19504
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 18160
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 21607