Махаббат сыры

Махаббат сыры

Абай Құнанбайұлының туғанына – 180 жыл

 

Бұл – ақынның әйелдері Ділда мен Әйгерімнен сүйген  жеті ұл мен үш қыз балаға әке атанған шағы. Қырық жастың қырқасынан асқанында  бозбала шағына елжірей тұрып та, өткенін сағынудан аулақ. «Көкірек зор, уайым жоқ, бар ойы өлең айтып, ән салған, біреуді қалжың қылып, қызды ауылға үйір» кезеңге қайта айналғысы жоқ. Ойлы сөз, оралымды қарекетімен елінің ертеңгі күнін болжауға тырысады. «Күлкі баққан» өскелең буынның «ақыл көзін» ашудан дәмелі:  «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық, Қартаймастай көрмелік, ойланалық... Қалжыңдасып өткізген қайран дәурен, Түбінде тарқызбай ма ол бір зарлық»». Хакім, сондай-ақ «Қызды сүйсең, бірді-ақ сүй таңдап тауып» деп, «лапылдақ көрсеқызар» мінезден жирентіп, шынайы сезімді өнеге тұтады. Демек, «кімді сүйсе де шын көңілмен сүйіп, жанса-күйсе де бір сөзді» болса ғана отбасы «гүлбақшаға» айналады екен.  

 

Хакімнің Онегинді тануы

 

Абайдың өлеңмен өрілген «Евгений Онегин» романын оқи бастағанына бірнеше күн болды. Кітапты қолына алған сайын аялап ұстап, қастер тұтады. Оқып болған соң, тағы да солай әспеттейді. Мұқабасын  алақанымен бір сипап барып қана орнына қояды. Кеудесіне сыймай бұлқынған жүрегі Пушкиннің махаббат жырынан «тоят» табатындай.

Бүгін де ақынның ұнатқан кітабын ашқанына біраз уақыт болды. «Как рано он мог лицемерить, Таит надежду, ревновать, – деп, шығарманың әрбір сөзіне шұқшия үңіліп, астарына ой жүгіртеді. – Разуверять, заставит верить, Казатся мрачным, изнывать, Являться гордым и послушным, Внимательным иль равнодушным!..».  

Қалың ой үстіндегі ақын роман кейіпкерінің «жеті қырлы» мінезіне қайран қалады. Мұндайлар сырт адамға «бойы бұлғаң, сөзі жылмаң,  ойында да, бойында да бір міні жоқ» секілді  көрінер еді. Дегенмен, мына Онегин осал жігіт болмады: «Жасынан түсін билеп, сыр бермеген, Дәмеленсе, күндесе білдірмеген...» – деп, қаламы жорғалай жөнеледі.

 Шынында да нәті бөлек, ерекше жан. Түсінен еш күмән туғызбай, бірден іші-бауырыңа кіріп, билеп-төстеп алады: «... Нанасың не айтса да, амалың жоқ, Түсінде бір кәдік жоқ алдар деген...». Кейде көнгіш, кейде елеусіз, кейде ынтық қалпымен айтқанына көндіреді екен. Бірақ, осы паң мінезіне де қарамастан орынды сөзге тоқтайтынын да қайтерсің.

Орыс ақынының туындысына одан әрі тесіледі: «Как томно был он молчалив, Как пламенно красноречив, В сердечных письмах как небрежен.  Одним дыша, одно любя / Как он умел забыть себя!  Как взор его был быстр и нежен...». Әуелі ойша мұқият аударма жасап,   ақынның жаны өлеңнің «сырты күміс, іші алтын» болып, жарасым тапқанын қалайды. 

 «Апырым-ау, бұл не қылған жан өзі!». Тіпті «...үндемей жүрсе де сөзге баяу, От жалындай жауапкер құрбыменен.  Ғашықтық сөзге жүйрік әсіресе,  Дем алысым, құмарым – бір сен десе. Жанын құрбан жолына қылған жансып, Көз қарауы құбылар әлденеше, Кейде ұялшақ, төменшік, кейде тіп-тік, Қамыққансып, қайғырып, орны келсе...». 

Хакім жаңағы сауалдың жауабын да көп ұзамай табады... Шынында да бұл, әуелде «лас» ортада «былғанған» жан болды. Біресе «ұяң-әдепті, біресе ұрт мінезді «серінің» күнәсіз көз жасы тілдескен жанды бейне бір дуалап тастайды екен. Бұдан соң, Онегин ғашықтық сөздің майын тамызып, алдындағы бойжеткенді әпжыландай арбайды. 

Абайдың қандастарының арасында да осындай майда сөйлеп, майдай ерітетін «жылмақайлар» аз емес. Бірақ, тап мынадай мінезі тәкаппар, тілі тәтті жанды кездестірмепті. Роман кейіпкері ештеңеден «бейхабар», жаңа ғана танысқан «бейкүнә» жан ретінде суреттеледі: «Қалжыңын білдіртпейді қалай деген. Жаның шошыр өрлігі жаннан бөлек...».

Ақылмен «арбап», жылы жүзі кімнің болсын басын шырқ айналдырады. Соған да  қарамастан кейіпкерінің бетпердесін  сыпырған Пушкиннің әрбір сөзін Абай да асықпай саралап барып қана қаламын сияға малады: «Кісіге балдан тәтті орны келген... Емінер, «әй» дегізер, дайын қылар, Жүрегің қалай соқса, пайым қылар...». 

Оның «сиқырлы» сөзі сұлу бикештердің жүректерін «қытықтап», буын-буындарын жайлайды. Майлы қасықтай, жылмаң қағып, «жылы ізін суытпай, дамыл көрмей, бір оңаша жолығар жерді айтқызады». Осы «сүлік» мінезбен «небір сұм мен сұрқия жандардың да мысын басып, «әжуаға, қорлауға тілі орамды, не түрлі тұзақ құрып көңілін басқан». 

Онегин «күл-қоқыс» қоғамның нашар елесіндей көлбең қағады. Бұл түлкі әрі тазы тірліктің Абай жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның қасіреті екенін түйсінтеді. Қандастарының да арасында замандасқа есесі кетіп, өші бардай, екпіні қатты, сөзі өктем пенделер аз емес. Адамның «құны» арзандаған «мыстан» қоғамға зығырданы қайнайды.

Бірақ, Онегиннің басындағы бейшара хәлге кінәліні анық тапқан соң, ақын өзінің оған іш тарта бастағанын сезеді. Рас, ол  өте айлалы және өркөкірек: арам жан мен «желетек» ұрғашыны аямайды. «Жасынан түсін билеп, сыр бермей», былыққан қоғамды «балшықша» илейді. Тәкаппар табиғаты «жан шошырлық».

  Оның «көз қарауы әлденеше құбылып, орны келсе, қамыққансып, қайғырғансыған» қулығына «құрық бойламайды». Тіпті, «ақылы асқан, күндес шықса, оған небір түрлі тұзақ құрып, оп-оңай көңілін басады». Бірақ, Абай таныған Онегин жаманға «жайсыз» болса да, адал сезімге қылау түсіруден аулақ жанға ұқсайды. Бұған енді қалайша бүйрегі бұрмасын. 

Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ, Саған жар менен артық табылса да...», – деп, махаббаттың «ащы дәмін» татқан Абайға орыс ақынның  романы жанына жақын. «Жасынан түсін билеп, сыр бермеген...», бірақ бірден «бетінен  қаққан» Евгенийдің мінезі Татьянаға  жағымды-ақ. Тәкаппар әрі аса ізетті «сері» бойжеткеннің жүрегін жаулап алады. 

Бұдан кейін сұлу қыздың өзі бірінші боп хат жазуға мәжбүр: «Әлімше мен де ұялып, Білдірмен дедім өлсем де. Шыдар ем күйіп, мен жанып, айында бірер көрсем де...». Ғашықтық «дертінен күйген» ол «Тіршілігім – құрбандық, Шыдамай сені көргенше. Тәңірімнен келген бұл жарлық, Ием сенсің өлгенше», – деп, тіпті жарық дүниені тәрк етуге бар.

Евгений жаңа танысы – Татьянадай перизатқа өзін тең көрмей, оның лайықты жар табуына тілеулес. «Ұяттан еріксіз аттап», махаббат отына  күйіп-жанған бойжеткеннің «Амал жоқ, қайттім білдірмей, Япырым-ау, қайтіп айтамын?.. Қоймады дертің күйдірмей, Не салсаң да тартамын...» – деген пәк сезіміне жаны ашыса да, оны адал жолдан «тайдырмақ» емес.

Бастапқыда қыздың  жазған хатына ризашылығын жеткізумен ғана шектеледі. «Еркінен айрылып, тағдырын өзіне табыстаған» бойжеткенге  Онегиннің  таңданысын Абай әбден түсінеді. Ғашығымен тағдыр қосу үшін ештеңеден қорғанбай, тіпті өзін «құрбандыққа шалуға» даяр қыздың кіршіксіз сезіміне шығарма кейіпкерімен қоса тебіренеді. 

Татьянаның «әдепті әрі рас сөзі «бойын жеңсе» де періште қыздың сезімін суытпақ емес: «Жас жүректің толқынын дөп / Жаза алыпсың толтырып, Бойды жеңіп бұл асыл деп, Тұрды титық көп құрып...» – деп, елти жаздап барып, бойын тез жияды: «Тіл буынсыз, бой – таза гүл, Ақылы артық, ары зор. Ол – перизат, ойла, өзің біл, Не болады болса қор...?». 

Абай «сері» жігіттің ару қыз «өзіне қосылса, оны қор етуден» қорқып, ағынан жарылғанына сүйінеді. Өз басы «бар қызықтан бас тартқанда» жолыққан бойжеткеннің «гүлденген бағын»  қуартып алудан қорғанады екен. Бар қалауы асыл жар емес, «ағасындай, шын дос» болу. Бірақ, өкінішін  жасырып та қала алмайды.

Ол «Бар денемнің бәрі –  бір мұз. Қайырылуға жарамас. Мына дәулет, мына асыл қыз / Болды маған арам ас...» – деп қабағын мұң басады. Ару қыздың «сыршыл тілін» ұғына тұрып, кіршіксіз сезімді «жастық пен нанғыштыққа» балап, ғашықтық отына «өртену мен өртеуден»  сақтанады. «Жанып, сөніп, суынған көңілі қобалжыса» да сөзінен танбайтын секілді. 

Бірақ, шынайы махаббат лебі «жамағанмен түзелмес сынық жанның»   қоламтаға айналған сезім шоғын үрлеп,  қайта жалындатып жібереді. Ол  «өмірінің отты шағы өтіп кеткенін» мойындай келіп, шынын айтады: «Сақтасар, ардақтасар кісі болсам, Жалғанда сенен басқа жанды алмас ем», – деп, өзін «антұрған, қазымыр, баянсыз жан» санап, тағдырына тым қатал. 

Тіпті, жүрегін тербеген Татьянаның «кірсіз жүрек, мінсіз тіл, гүл мінезін» көлденең  тартып, оны өзі секілді «опа бермес ерден» айнытуға тырысады: «Қуартып, қайғыменен суалтамын / Біреудің қызыл гүлін тұрған балқып...».  Кейін жазатын екінші хатында да Евгений сері «Сүйкімді менен артық жан табылар», – деп, ойлануын өтінеді. 

 Бірақ, «Ақылменен ойласаң тоқтау қылып, Сүйкімді менен артық жан табылар...» – деп,  қоштасуға қаншалықты бет бұрғанымен: «мұз жүрегі май сықылды еріп, от боп» лаулайды. Ол енді әуелгі сөзінен танып, «өлі бойға жан жүгірді, қайратым құрыш болды», – деп, мұз жүрегінің майдай ерігенін айтып, ару қызға  өлердей жалбарынады. 

Өзінің ғашықтық «отына» күйіп, жанған жүрегіне әмір жүрмесін  кеш ұққан Онегин жанына дауа таппай, жүдейді. Махаббат  «дертіне» шалдыққан ол ғашығына жар болуын жалынышпен өтініп, жанына пана болуын тілейді. Олай болмаса, «көзі көруден қалып, жан тапсырудан» басқа амалы жоқ: «Сен бетіңді әрі бұрсаң, Шықты көзім, болды көр».  Ғашық қызға деген сағыныштан жүрегі алып-ұшып, тым құрыса оның «ақ жүзін бір көрсе, арманы жоқ»: «Күні ертең бір көрінсең / Сорлы асықтың көзіне. Тәңірі үшін, шапқатыңмен / Нан ғаріптің сөзіне...». Ол, өзін де, сүйген жанын да қосылуға қайрайды: «Ақылы бар, ықтиярлы, Пенде теппес өз жарын... Қорғалап құр өтпе өмір бос, Тағдырыңа қарсы бар».

Бұған да себеп Татьянаның хаты еді. Кезінде оның қадіріне жетпегенін жасырмай, енді «михрабым» деп, бас иіп, «мәжнүн» хәлге түседі: «Он сегіз мың бұл ғаламның / Бар тынысы Күнде тұр. Мен сықылды сорлы адамның / Ықтияры сенде тұр...». Осы жолдарды жазып отырғанда Хакімнің көз алдына  өз ғашығы Тоғжан келіп тұра қалған.

 

«Желсіз түнде  жарық ай...»

 

Сұлу қыз елдің бәріне бірдей жаға бермесе де Абайдың сүйіктісі Тоғжан баршаға  сүйкімді жан.  Махаббаттың «безгек ауру секілді жүдетіп, үміт үзсе – тондырып, дәмеленсе күйіп-жандырар» әсерінен жас ақынның жүрегі кеудесіне сыймай тулайды. Алайда,  ғашық жүректің лүпілін сезінуді екінің бірінің маңдайына жазбаған секілді. 

Ақынның байқауынша, махаббатты кейбіреу жүректің емес, арзан тілектің «саудасы» деп біледі. Сондықтан ол махаббат туралы «сөз мәнісін» замандастарының, әсіресе жас ұрпақтың дұрыс ұғынуынан үмітті: «Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол, Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол...» дей келіп, жан сырымен бөліседі. 

Ғашық жүрек, тіпті «Көңілімнің рахаты сен болған соң, Жасырынба, нұрыңа жан қуансын...» – деп тебіренеді. Махаббат «азабының дәмін» татқан ақын жастарға адалдықты өсиет етеді. Сүйген қызы Тоғжанмен тағдыр қоспаған соң, мұңын  өлеңге шағумен шектелмей, өзге «мұңлық-зарлықтардың»  қосылуына қамқор болатыны белгілі. 

Тобықты жұрты ақынның Топай руынан Әліман, Мамай руынан Ақбордақ деген жесір әйелдерге бас бостандығын алып бергенін біледі. Ол, сондай-ақ, Жуантаяқтан  – Қадиша, Сыбаннан  – Зылиқа сияқты және басқа қыздардың сүйген адамдарына қосылуына көмектеседі. Осы орайда Абай әмеңгерліктің де жөнімен атқарылуына баса көңіл бөледі. Би ретінде Абайдың Көкше руынан еркек есімді Батырбай мен Аналық деген жесір әйелдерге байланысты дауды әділ шешкені мәлім. Осы жолда  жау да табады. Оразбайдың жаулығына да Сыбан мен Мұрын табының арасындағы «жесір дауы» себеп  еді. Хакімнің Кеңгірбайдың әділ болмағанын айтып, Мұрын қызына еркіндік әпергені алдынан шығады.  

 Осы орайда Абайдың ғашықтық туралы шығармалары да, оның   махаббатты ардақ тұтқан ұстанымының айнасы болатын: «Біреуді көркі бар деп жақсы көрме, Лапылдақ көрсеқызар нәпсіге ерме! Әйел жақсы болмайды көркіменен, Мінезіне көз жетпей, көңіл берме!..». Мұны кешегі мен бүгінгі ғана емес, ертеңгі замандас та өнеге тұтса ғанибет.   

   Дегенмен, адам өмірінің Көктемін, оның жадыраған Жаз түгілі, Күзімен де шатастыратындар аз ба? Сөзді ұғарлық замандас болса, бұдан кейін «ақсақал айтпады» деп кінә арту қисынсыз...  Ақын махаббаттан суынғанымен, асық сезімнің қадірін жырлаудан танбайды.Тіпті, табиғаттың тамаша сыйы – әйел баласының ажарына сүйсінбеу мүмкін бе?!

Олай болса, «Шу дегенде көрінер сұлу артық... Кімі паңдау келеді, кімі тантық. Ақыл керек, ес керек, мінез керек. Ер ұялар іс қылмас қатын зерек... Жасаулы деп, малды деп байдан алма, Кедей қызы арзан деп құмарланба... Ары бар, ақылы бар, ұяты бар / Ата-ананың қызынан ғапыл қалма. Үйіңе тату құрбың келсе кіріп, Сызданбасын қабақпен имендіріп».

Бұрын да, қазір де, өкінішке қарай, ақиқатты «кейбіреу тыңдар «үйден шыққанынша, кейбіреу көңіл қояр ұққанынша». Сөз мәнісін білерлік жан ғана «әрбір сөзді өз халынша абайласа» керек. Алайда, «меліш сауда сықылды күлкі сатқан ендігі жас пайда деп, мал деп туады».  Демек, адамның сыртқы болмысы демесек, ой-ниеті өзгермейді екен.

Ақын өсиеттері адам қоғамының арқауы – махаббаттың  арзандап кетпеуіне деген алаңдаушылықтан туған еді. Ал, «уайым – ер қорғаны, есі барлық» екені де даусыз. Себебі, «Күлкі баққан бір көрер бишаралық... Еһе-еһеге» елірме, бозбалалар, Бұл бес күндік бір майдан ер сынарлық. Салынба, қылсаң дағы сан құмарлық». Сондықтан «Әсем салдық өлгенше кім қыларлық, Оған да мезгіл болар тоқталарлық. Қалжыңдасып өткізген қайран дәурен, Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық?..». Осыны ертерек естіп, ертерек есейіп, «ақыл, қайрат пен жүректі тең ұстағанға» не жетсін! Бірақ, «қанша үміт еткенмен, замандас қатарында сөзді ұғарлық бозбала» жоққа тән еді.

Көбінесе ер адамның көзі сыртқы сымбатқа «сұқтанып», оның көңілді «баурайтыны» табиғи нәрсе. Мұның, бірақ сұлудың жан дүниесін айқындай алмайтын кездері де  аз емес. Абай қазақтың бойжеткен қызының көрікті кескін-келбетін асқан шеберлікпен көмкереді. Ол суреттеген арудың сымбаты жас атаулы қызығып, ересек жанды сүйінткендей сүйкімді. 

Өлеңнің алғашқы жолынан бастап, оның көркем өрімі тәнті етеді. «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы...» бойжеткен кез келген паң жігіттің жүрегін лүпілдетіп, кіріптар халге түсіреді. «Аласы аз қара көзі» жарқ еткенде басқа дүние қаперіңе кірмейді. «Жіңішке қара қасын сызып қойған жаңа туған айға ұқсатып», тәтті сезім құшағында тербелесің.  Сұлудың бейнесі жанарда «жүзіп», есіл-дерті соған ауады: «Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын, Ақша жүз, алқызыл бет тіл байлайды. Аузын ашса, көрінер кірсіз тісі, Сықылды қолмен тізген іш қайнайды». Сұлу тісі жарқ етіп, «бейне бұлбұл сайрағандай күлкісіне, жұп-жұмыр, ақ торғындай мойны мен күн шалмаған үлбіреген тамағына» елтиді. 

Мінсіз бойы, тал шыбықтай бұраңдаған белі мен жас баланың етіндей білегі, әжімсіз саусақтары мен қолаң қара шашы еркіңнен тыс бойыңды билеп, дәрменсіз хәлде соңынан ере жөнелгендейсің. Ақын осындай арудың нендей оғаш мінездерді болса да бойына жуытпауына шын көңілден жанашыр.  Ол бойжеткеннің ажары мен ақылының жарасқанын қалайды. 

Әйел баласының сыртқы бейнесімен қатар ішкі жан дүниесіне де үңіліп, өзі ғашық жанның ажарын айрықша айшықтайды. Бұл осыған дейін жазған «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңінде айтқан «лапылдақ көрсеқызар сезім мен әйел мінезі» туралы ойларының қисынды жалғасы іспетті. Ару қыздың келбетіне әлі талай  жас тамсанады.  

Сондай-ақ, Әуезовтің жауһар романына да терең «бойлаған» сайын  ақын ғашық болған ерекше жанмен жүздескендей әсерге тербелеміз. Замандас осы ерекше жаратылған аруды тым құрыса бір көруге  құмар. Сөйтіп, «желсіз түндегі  жарық ай» астында бірін-бірі аңсап, ынтыққан екі жастың кездескен сәтінің куәгеріне айналамыз. 

Осылай табиғат пен адам сезімі үндесіп, қабысып, жарасым табады. Сезімінің шынайы мен жалған қырларына ой жүгіреді: «Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол, Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол..». Ғашық жүрек өзін сүйген жанның жолында құрбан етуге даяр: «Сенен артық жан жоқ деп, ғашық болдым, Мен не болсам, болайын, сен аман бол». 

Тоғжанға ғашық жалғыз өзі ғана емес, оны бір көрген жанның сүйінеріне сенімді: «Бірге жаққан біреуге жақпаушы еді, Сүйкімді тірі жанға неткен жан». Махаббат сезімінің де «безгек ауру» сықылданып жүдетер» азабын «Қор болды жаным...»  деп жайып салады. Ендігі қалған сүйеніші ғашықтық сырын, яки көзінің ыстық жасын ақ қағазға төгеді.

 Ол тілхаты арқылы сәлем жолдап, ғашығын тәтті сырмен тоймас ләззатқа бөлеуге тырысады. «Тән шымырлап, бой ерітер» сезімнен қыз жүрегінің тебіреніп, балқуынан дәмелі. Соған орай «Біз де әркімді байқаймыз, Тап бергеннен тайқаймыз. Сіздей асыл кез болса, Қайтіп басты шайқаймыз?» – деген бойжеткеннің де жауабы көңілінен шығады. 

Көңілі «майдай шыжыған» қыз, бірақ алаңсыз да емес: «Үйір қылма бойыңа, Шыны жақсы көрмесең» деп, кеудесінен «баса» отырып та махаббат тоятына ынтық екенін жасырмайды. «Арқасында өрген бұрымы білектей, шолпысы сылдыр қаққан» сұлу көз алдымыздан өте береді: «Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты, Сұлу қыздың көріп пе  ең мұндай түрін?..» 

«Аласы аз қара көзі айнадайын, Жүрекке ыстық тиіп салған сайын... Үлбіреген ақ етті, ашық жүзге» көз тоймайды: «Бұраң бел, бойы сұлу, кішкене аяқ, Болады осындай қыз некен-саяқ...».  Ақын «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да, Аспанда ай менен күн шағылса да», – деп, жанының «жапырағын» жаяды. Бірақ, маңдайына жазған қосағына адал жар болуға ұйғарған    Татьянаның жігіттің кеш қалғанын айтып, сабырға шақырған хәл енді Тоғжан екеуінің басына түскендей. Абайдың ғашықтық сырын ішіне бүкпей, жыр қылып төгіп,   махаббат атты  ұлы сезімді ерекше үлгі етуден басқа амалы қалмаған.

Ақын «Жүректен қозғап, әдептен озбай»,  көп сөйлеп созбайды: «Көзімнің қарасы, Көңілімнің санасы, Бітпейді ішімде / Ғашықтық жарасы...».  Осы ғашық жүрекпен бірге «сан кісі мұңайып, сабырмен шыдайды: «Күйемін, жанамын, Еш рахым қылмайсың... «Сенсің – жан ләззәті, Сенсің – тән шәрбәті... Құдай-ау, бұл көңілім / Күн бар ма бір тынар?!». 

Осылай махаббат сырын  өлең «тілі» ғана  шебер кестелейді: «Ғашықтық тілі – тілсіз тіл, Көзбен көр де, ішпен біл. Сүйісер жастар қате етпес, Мейлің илан, мейлің күл». Өлең ғашықтың тәтті сырымен әлі талай жүректі лүпілдетеді: «Айттым сәлем, қалам қас, Саған құрбан мал мен бас. Сағынғаннан сені ойлап, Келер көзге ыстық жас...» Ал, ғашық жан үшін өз сүйіктісіне тең келер ешкім жоқ: «Сенен артық жан тумас, Туса, туар, артылмас. Бір өзіңнен басқаға / Ынтықтығым айтылмас. Асыл адам айнымас, Бір бетінен қайрылмас...». Әттең, «Ғашықтық – қиын жол. Жетсең – жеттің. Жетпей өттің, Не болды?  Арманда өмір / Өтті, Ойлар ма екен бір сені сол?». 

Асық жанға қолы жетпеген соң  «аяқ-қолы салдырап, іші дертке толады». Бірақ, сонда да ойлағаны ғашығының бақыты: «Ажал уақыты / Жетті, Мен өлейін, сен-ақ сау бол...». Осылай қоштаса тұрып та, оны  жүрегінің төрінде мәңгіге сақтары түсінікті. Бұл пәк сезімге сұлу да бей-жай қарай алмаса керек.  Алла Тағаланың адамға тамаша сыйының бірі – тірлікке сүйіспеншілік екені аян. Оның ішінде еркек пен әйелдің махаббаты ғажайып сый әрі сын. Махаббаттан  тебіренген ақын кейіпкерімен  бірге тебіренеді: «Бір өзіңнен басқа бір дос / Таппасаң, өл, жүрме зар», – деп, тіпті өз басы өлімге бел буғандай шерленеді. 

Бұдан кейін ғашығы да жан сырын жайып салады:  «Тәңірі қосқан жар едің сен, – деп тебіренеді ол,  – Жар ете алмай кетіп ең...  Кінәсі жоқ жас адамды / Қатты соққан не еткенің?.. Елжіреген жас емес пе ем, Еппен айтсаң жұбатып». Ол, бірақ кінә артудан аулақ, өкінішін бүкпейді: «Сен шошыдың ғашығыңнан, Өзге жұрттан қамшы жеп...». 

Алайда, енді өзінің де мұндай жар таппас  сорлы зар» екенін айтқан бойжеткен асық «көңілін ақылмен тыйып», тағдырға мойынсұнады: «Жат есікті және қорып, Жара салма сен маған. Жұрт жамандар жатқа жорып, жалынамын мен саған...». Дегенмен, «көрісуге шыдамаспыз, айрылалық сол үшін», – деп, ғашық сезімінің әлі суымағанын жасыра алмайды. 

Осы орайда Тоғжанның арбакеші айтыпты деп, ел аузында жүрген сөз бар. Ол әңгіме  Абай ғашықтық жырларын арнаған Тоғжанның  ажары ақылына сай бойжеткен, Құдай қосқан қосағына адал жар болғанын мәшһүр етеді. Ал, ақынның Сүйіндіктің қызы  Тоғжанға қолы жетпеуінің себебі, екі жастың да ата жолынан аттамаған қасиетін әйгілейді.

Болат ЖҮНІСБЕКОВ,

жазушы         

 

07.03.2025

Ұқсас жаңалықтар

К ОТКРЫТИЮ ТУРИСТИЧЕСКОГО СЕЗОНА В ТУРКЕСТАНЕ ГОТОВЯТ 2,5 ТОННЫ НАУРЫЗ КОЖЕ
Региональная служба коммуникаций Туркестанской области - 12.03.2025 19
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТУБЕРКУЛЕЗ АУРУШАҢДЫҒЫ ТӨМЕНДЕГЕН
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 12.03.2025 1
АРЫСТА ТЫЛДА ЕҢБЕК ЕТКЕН АНАЛАР АРДАҚТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 09.03.2025 107

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 1920
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 2163
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 17049
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 15773
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 19134