Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесі күні қарсаңында Аса ауылындағы Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясында "Қош келдің, әз-Наурыз" атты мерекелік кеш өтті.
Салт-дәстүрлеріміз дәріптеліп, әдет-ғұрыптарымыз насихатталған шараға аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы арнайы барып, оқушылардың өнерін тамашалады.
Шарада әр сыныптың оқушылары қазақи нақышта безеніп, ұлттық тағамдарды назарға ұсынды.
Білім ордасының тәрбиеленушілері "Тепеңгөк, "Еркесылқым" күйлерін нақышына келтіріп орындаса, "Шашу" биі көрермендерді тәнті етті. Оқушылар "Көктем келді", "Жақсы адамдарым" әндерін орындады.
Шарада аудан басшысы білім ордасының пән кабинеттерін, даңқты қолбасшының шағын музейін көріп шықты.
Сапарының соңында Ерлан Қыдыралыұлы қазақтың салт-дәстірі - тұсаукесер рәсіміне қатысып, Әмір Нышанұлы есімді бүлдіршіннің тұсауын кесіп, ізгі тілегін білдірді.