30 жылдан бері ел үшін, жер үшін шырылдап, жарғақ құлағы жастыққа тимей келген асыл ағамыз, қоғам қайраткері Дәурен ағамыз Ел президентінің қандай болуы тиіс екенін жазып келіпті. Болашақ Президенттер жадында жүрсін деген ниетпен назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Ұлт мүддесін қорғап, ұлт мүддесі үшін аянбай қызмет жасайтын саяси ұйымның серкесіне қойылатын талаптар:
- өмір бойы өз отауы және қоғамдық істерде аса адал;
- қоғамдық жұмыстарда белсенді, табанды да қайтпас қайсар, жігерлі нағыз күрескер;
- мүмкіндігінше жан-жақты білімді;
- сөйлеуі мен жазуы бірдей сауатты;
- қазақшасы мықты, қажет болған жағдайда орысшадан ақсамайтын, кезінде айтып та салатын, жазып та тастайтын;
- халқым дегенде оны «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмайтын» ұлтжанды да намысшыл;
- ұйымдастыру жұмыстарында тәжірибесі мол;
- әділеттік күрес жолында қудаланып, қиыншылықты мейлінше көп көрген;
- қоғамдық дамудан болжамшыл;
- егемендік, тәуелсіздік жолында, оны шынайыландыруда тапжылмай күресін тоқтатпаған;
- мәдениетті де байсалды;
- бастаған ісін нәтижелі аяқтайтын іскер;
- ұлт мүддесі қарабас пен отбасының, ру-тайпаның, жершілдік пен жүздіктің, қоғамдастықтың мүддесінен жоғары тұратын;
- сөзі мен ісінде алшақтық жоқ, айтқанын бұлжытпай орындайтын;
- «тазыға шалдырмайтын», «түлкіге алданбайтын» тапқыр да өте озық епті;
- арақ-шараптан өзін аулақ ұстайтын;
- темекі шекпейтін, денсаулығы мықты;
- пікір тыңдай білетін, сараптау қабілеті бар, бірақ ырыққа көнбейтін, ұстанған бағытынан қайтпайтын салмақты да мүдделі ойы бар;
- білімі жоғары, атеизмге сын көзбен қарайтын, ұлтаралық қатынастар мәселесі бойынша сабырлы ой-пікірі қалыптасқан адам болуы қажет.