Орал қаласында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Мемлекеттік тіл – менің тілім» байқауының биылғы кезеңі мемлекет қайраткері, ұлт көшбасшысы, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналды.
Облыс орталығындағы «Қадыр сарайы» аталып кеткен Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында өткен тағылымды іс-шараны Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды. Бөлім басшысы Серік Қайырлиев атап өткендей, облыстық деңгейде ұйымдастырылған байқаудың мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, мемлекеттік тіл саясатын насихаттай отырып, оның қолданыс аясын кеңейту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
– Байқауға қатысуға жалпы 24 мемлекеттік қызметші өтініш білдірді. Бірінші кезең онлайн форматта өткізілді. Бұл кезеңде үміткерлер белгілі бір талаптарға бағына отырып, «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» тақырыбында жазылған эсселерін жолдады. Эссе жұмыстарын арнайы құрылған сарапшы топ қарап шығып, 18 жұмыс екінші кезеңге жіберілді. Ал екінші кезеңде қатысушылар өздері туралы жан-жақты мәлімет беретін бейневизитка дайындап жіберген болатын. Қорытындысында 14 мемлекеттік қызметші үшінші кезеңнің ашық байқауына жолдама алды, – деді байқаудың барысымен таныстырып өткен Серік Ерболатұлы. Айтуынша, үшінші кезеңге ішкі істер, сот, әлеуметтік салалардың мемлекеттік қызметшілері қатысып, тілдік шеберліктері мен шешендіктерін сынға салған. Олардың өнерлеріне мамандар мен тіл жанашырлары әділ қазылық еткен. Нәтижесінде Бөрлі ауданынан келген Асхат Серік бас жүлдені қанжығасына байласа, І орынды Қаратөбе ауданынан келген Әлібек Қанафин жеңіп алған. Ал жүлделі ІІ және ІІІ орындарды БҚО мәдениет басқармасының бас маманы Ақжол Рамазанов пен бөрлілік Бұлбұл Исмагулова иеленген. Жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапатталды.