Мен баламды сатамын!

Мен баламды сатамын!

Өткен аптада өз сәбиін өзгеге сатқан ана ұсталды. Ол шімірікпей осындай жан шошырлық сөз айтып, сәбиін 1,5 миллион теңгеге сататынын жарнамалағанын мойындады. Ол қылмыс үстінде қолға түсті. Аң, құс, жануар бауырындағы баласын қызғыштай қорғап, өздерінің жандарын пида етіп, оны қорғайды емес пе? Ал Адам деген ұлы қасиет пен ардақты атқа ие Ана мұндай зұлымдыққа қалай барып тұр? Бұндай оқиға біреу ғана болса игі. Көбейіп барады. Не болды оларға? Мұндай адам айтқысыз күнәға не итермеледі?

Иә, бұл оқиғаға дейін де нәпсінің жетегіне еріп талай қыздарымыз шаранасын дүниеге келтіре салып, оны әр-әр жерге тастап кеткенін естіп жағамызды ұстайтынбыз. Әсіресе мұндай келеңсіз оқиғалардың көптігінен бе, бір жаманы «е-е, солай болған екен ғой» деп, соңғы кездері мән беруді қойғанбыз. Тіптен олардың арасында 14-15 жастағы мектепте оқып жүрген қыздар да барын білдік. Біз бұған да үндемедік. Шара қолданбадық. Дабыл қақпадық. Бұл ұлтымызға келген апаттың бетін қайтаруға талпынбадық та. Қайта мемлекетіміз мұндай сұмдықтарды тыюдың орнына мектептерде «сақтанғыш» құралдарын енгізгісі келді. Көпшіліктің наразылығынан соң ғана барып ол әрекет тоқтаған сыңайлы.

Жас қыздарымыз тәжірибесіздіктің салдарынан осындай сұмдықтарға, ұятсыздықтарға барды деп өзімізді-өзіміз жұбатсақ, ал аналарымыз өз сәбиін өзгеге қалай сатуға қияды? Өздеріңіз білесіздер, үш баласын ғимараттың жоғары қабатынан бірінен соң бірін лақтырып, одан соң іле-шала анасы өзі секіріп кетіп, ажал құшқаны бүкіл елімізді дүрліктірді. Өз баласын пышақтап өлтірген ананың зұлымдығын қалай түсіне аларсың? Мұндай оқиғалардың жиілеп кету себебі неден? Біз қоғам, мемлекет болып бұндай зұлымдыққа, азғындыққа қалай тосқауыл бола аламыз?

Мына бір көңілсіз жайды да осы жерде айта кетпесек болмайды. Қазір не көп, қайыр сұраушылар көп. Әсіресе жұма күні мешіттердің алдында қайыр сұраушы аналар самсап отырады. Өздері ғана отырмайды, бармақтай-бармақтай балалары аязға қарамай дірдектеп тұрғанын көргенде жүрегің ауырады. Тіпті адамдарға аяушылық туғызу үшін сәбилерін де олар өздерімен ала жүреді. Қайыр сұраған олардың зарлы үні жан жүрегіңді езіп, осындай дәрежеге жеткізген НӘН-дердің зұлымдығына налисың, лағынет айтасың

Біздіңше, мұндай сорақылыққа жеткізген – жоқшылық, кедейшілік. Өз халқын осындай бейшаралыққа жеткізген – анау билікте отырғандар. Миллиондап айлық алып, оның үстіне осы қызметтерінің арқасында кәсіптерін дөңгелеткен лауазым иелері, депутаттарға халықтың бұл зары жетпейді. Аналарымызды тығырыққа тіреген, балаларын сатқызған, өлімге қиған, сәбилерін қоқысқа тастатқан, жоқшылықты жасаған лауазым иелері, ойланыңдар! Қазына, байлықты халқыңмен бөліс! Ертеңгі ақыретті ойла! Бұдан басқа не айтуға болады? Әділетті Қазақстан өз халқына жағдай жасайтын дәрежеге жеткізбесе, онда ол әділетті Қазақстан емес.   

ЕРТАЙ АЙҒАЛИҰЛЫ
02.02.2023

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 2300
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 8321
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 12208
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 8367
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 8529