Референдум

Мехрибан Тулеусаринова: «Сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтау – сәтті емнің кілті»

Мехрибан Тулеусаринова:   «Сүт безі қатерлі ісігін ерте   анықтау – сәтті емнің кілті»

 Алматы  қаласы, «№10 емхана» маммолог  дәрігері  Мехрибан Тулеусаринова 1997 жылы  С. Д. Асфендияров  атындағы  медициналық  оқу  орын  бітірген.  Жоғары санатты, еңбек өтілімі 31 жыл, оның  ішінде  20 жыл акушер-гинеколог болса, 11 жылдан бері маммолог  дәрігер  болып  жұмыс  істейді. Ол Алматы  қаласы  әкімшілігі  тарапынан да, емхана басшылығы тарапынан да түрлі  марапаттарға  ие болған  маман  дәрігер. 

Қазіргі  кезде  әйелдер арасында сүт безі қатерлі ісігі ауруы  кең таралған. Маммолог дәрігер Мехрибан Тулеусаринова сүт безі қатерлі ісігі туралы кеңестерімен бөлісті. Әңгіме барысында ол профилактика, скрининг және ерте диагностиканың маңыздылығын атап, әйелдерге денсаулығына мұқият болуға шақырды.

 

– Мехрибан ханым, сіз өз тәжірибеңізде әйелдер арасында сүт безі қатерлі ісігінің таралуын қалай сипаттайсыз?

– Сүт бездерінің  ауруларына маманданған дәрігер маммолог ретінде айтайын,    әрбір әйел жылына кемінде бір рет маммологпен кеңесу керек, өйткені сүт безінің ісік аурулары өте кең таралған ауру. Әлем бойынша әйелдер арасында ең жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі. Статистикаға сәйкес, әрбір сегізінші әйел өмірінде осы диагнозбен бетпе-бет келуі мүмкін, сондықтан жылына кемінде бір рет маммологпен кеңесу керек.

– Қандай белгілер пайда болғанда әйелдер маммологқа баруы қажет?

– Ең басты белгілерге мыналар жатады:

⁕ Сүт безіндегі түйіншіктер мен тығызданулар;

⁕  Емізіктен сұйықтық немесе қан бөлінуі;

⁕ Кеуденің пішіні мен өлшемінің өзгеруі, терінің тартылуы немесе қызаруы;

⁕ Ауыртпалық немесе жайсыздық сезімі;

⁕ Косметикалық процедуралардан бұрын және кейін тексеру.

Егер сізде бір немесе бірнеше алаңдатарлық белгілер болса, дереу маммологқа бару қажет. Мысалы, ұзақ уақыт бойы бір кеудеде ауырсыну, емізікшеден бөлінділер, кеуде немесе қолтықтағы түйіршіктер – бұл қауіпті сигналдар.

– Маммолог қандай әдістер арқылы диагноз қояды?

– Диагностикалық зерттеулерге:

- маммография (рентген сәулелері арқылы),

- сүт бездерінің ультрадыбыстық зерттеуі,

- биопсия (материалды кейінгі онкологиялық талдау үшін алу) жатады.

Маммолог дәрігердің негізгі қызметтері:

- Диагностика: қолмен тексеру (пальпация), ультрадыбыстық зерттеу, маммография;

- Ауруларды емдеу: дисгормоналды аурулар (мастопатия), қабыну процестері (мастит) – консервативті немесе хирургиялық жолмен;

- Алдын алу: сүт безінің қатерлі ісігін ерте анықтау.

– Сүт безі қатерлі ісігі ерте анықталған жағдайда емделу сәтті бола ма?

– Иә, ерте анықталған жағдайда емделу көп жағдайда сәтті болады. Скринингтік тексерулер ауруды ешбір белгі бермеген кезеңде де анықтауға мүмкіндік береді. Бұл науқас үшін болжамды түбегейлі өзгертеді.

– Қандай профилактикалық шараларды ұсынасыз?

– Дене салмағын қалыпты деңгейде ұстау, тұрақты физикалық белсенділік, темекіден бас тарту, алкогольді шектеу маңызды. Тамақтануда көкөністерге, жемістерге, тұтас дәнді дақылдарға басымдық беру, майлы, қуырылған және өңделген тағамдарды азайту керек. Сонымен қатар емшекпен емізу сүт безі қатерлі ісігінің даму қаупін төмендетеді.

– Бұл дерт тұқым қуалауы мүмкін бе? Жалпы қандай ережелерді сақтау қажет?

– Ауру жағдайларының шамамен 10%-ы тұқымқуалаушылық факторлармен байланысты. Мұндай әйелдер онкологтың бақылауында болып, генетикалық кеңес алуы тиіс. Кейде дәрі-дәрмектік немесе хирургиялық профилактика қажет болуы мүмкін.

Әрбір әйел өз денсаулығына мұқият қарап, скринингтік бағдарламаларға қатысу, профилактикалық ұсынымдарды сақтау маңызды. Әйелдер 40-76 жас аралығында 2 жылда 1 рет маммографиядан, жыл сайын маммолог дәрігердің тексеруінен өтуі керек. Қатерлі ісік бүгінгі күні дер кезінде анықталған жағдайда сәтті емделетін диагнозға айналып отыр.

– Кеңесіңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан – Аяужан  ЖАЙЛАУҚЫЗЫ,

Алматы  қаласы 

 

13.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23898
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23565
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 40792
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36997
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41242