Парламенттің қадірі кеткені, Үкіметтің беделінің шөккені
28 қыркүйек күні Парламент мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясындағы Кәсіпкерлік кодекстің 138-бабына Тіл туралы заңнаманың сақталуын бақылайтын бапты қайта енгізу туралы ұсынысқа үкімет қарсы шығып, қолдау таппай отырғаны туралы хабарлаған болатын. Ол туралы шамасы жеткен БАҚ түгелге дерлік жазды. Сол-ақ екен ел іші гулей жөнелді. Баяғы тіл ғой, соры бес елі, бағы жанбаған...
Алайда ең өкініштісі, күпінген қазақтың күдірейген айбатына Үкімет пысқырып та қарамағаны. Мәжіліс депутаты Үкімет аталған бапты қолдамай отырғанын, оның себебі жаңа норма кәсіпкерлік субъектілерге қосымша ауыртпалық жүктейді деп қашқақтайтынын, функция мақсатсыз деп санайтынын ашық айтты. Қазыбек Исаның сөзінше, қарсылық Ұлттық экономика министрлігі мен «Атамекен» ұлттық палатасынан шығып отырғанға ұқсайды. Олар қандай қосымша ауыртпалық жүктейтіні туралы нақты айта алмаған. «Осындай негізсіз қарсылықтарға қалай сенуге болады?» деген депутат кәсіпкерлік кодекстің 138-бабында берілген Бақылау жүзеге асырылатын кәсіпкерлік субъектілері қызметінің салаларының тізіміне Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының сақталуын бақылауды енгізген жағдайда кәсіпкерлерге ешқандай қысым жасалмайтынын айтып отыр.
«Соңғы уақытта тіл мәселесі қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр», – дейді Қазыбек Иса. Жуырда «Тіл майданы» қозғалысы белсенділерінің қазақша қызмет көрсетуді талап еткен әрекеттеріне байланысты Ресейдің бірқатар баспасөз құралдары «Қазақстанда орыс тіліне қысым жасалып отыр» деп ақпарат таратты. Ұзамай Президент әкімшілігі төрағасының бірінші орынбасары Дәурен Абаев белсенділердің әрекетін «үңгір патриотизмі» деп атады. Кейбір саясаттанушылар Абаев мәлімдемесін Мәскеу билігіне мұндай әрекеттер Қазақстан билігі тарапынан ұйымдастырылып отырмағанын ұғындыруға тырысқанын түсіндіреді. Артынша «Тіл майданы» қозғалысының жетекшісі Қуат Ахметовтың үстінен Бас прокуратура қылмыстық кодекстің 174-бабы (әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) бойынша қылмыстық іс қозғап, белсенді бірер күн бұрын Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған еді...
Дәл осындай тіл үшін күрес майданы қызып жатқанда, бүйректен сирақ шығарғандай болып басқа емес, тағы да заң шығарушы органға келген, ана тілінен мақрұм министр елдің ашуын туғызды. Кім десеңіз таныстыра кетейік, шетелде оқыған, келешегі зор, өсуге мүмкіндігі мол экология, геология және табиғи ресурстардың су жаңа министрі Серікғали Аманғалиұлы Брекешов. Жап-жас жігіт. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «мәпелеген» Үкіметтің өзіне күні бүгінге дейінгі жүргізілген саясаттың «жемісін» көрсетіп тұрғандай әсерге бөледі.
2020-2030-да билік те, халық та қазақша сөйлейтін болады деген уәденің де қадірі кетіп бара жатқандай ма, қалай? Өйткені тәуелсіздіктің 30 жылында өсіп шығып, билікке келіп жатқан жастардың түрі мынадай болса, жетіскен екенбіз!
Каспий теңізін ластанудан қорғауға қатысты заң жобасын талқылауда алдын ала жазылған депутаттар бірінен соң бірі министрге сұрақтарын қарша боратып жатты. Обалы не, депутаттардың басым бөлігі сұрақты қазақша қойып, жас министрден «сынақ алып» жатқандай елестеді. Бірақ именген, ұялған министр көрмедік. Жағасы жайлауда, кеудесі көріктей. «Рұқсат болса орыс тілінде жауап берейін» деп алады да, Ресейдің мемлекеттік тілінде «жорғалай» жөнеледі. Қазақ неткен данышпан. «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда барады» деген. Жас министрдің қазақ Парламентінде емес, Ресей Думасында тұрғандай кейпі. Тұтас ұлттың намысына тиіп, жігерін құм етіп жатқанын сезетін емес тіпті.
Министрдің бет алысын байқаған депутат Жанарбек Әшімжан «Аттың сыры иесіне мәлім» екенін бажайлады ма, әйтеуір министрге: «Сізден өтініш, мемлекеттік тілде қойылған сұраққа мемлекеттік тілде жауап берсеңіз?» – деп жылы ғана ескерту жасады. Министр сонда ғана қайда тұрғанын сезінгені анық. Алайда «күрмеуге келмейтін» тілі, «икемге келмейтін» жағы өз дегенін жасады. Үйреншікті «жолына» түсіп алып шаба жөнелді.
Айтпақшы, ұмытып барады екенбіз ғой, министр қазақ тілінде жауап бере алмайтынын ана тілінде қинала жеткізді: «Мемлекеттік тілде өзімнің ойымды жеткізуге… Ол қазақ тілін білмегендік емес, мен өзімнің ойымды жеткізуге орыс тілінде жауап беруге рұқсат етіңіз», – деді екі иығы салбырап. Сөйтіп, өз сүрлеуіне түсіп алды.
Талай министрді сабасына түсірген, талай мықтыны тәубасына келтірген Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мінбедегі министрге жақтырмай қарап: «Сіз бірінші рет келіп тұрсыз бізге. Депутаттың қойған сұрағы өте күрделі. Сіз Парламентке келіп отырғаныңызды есіңізден шығармаңыз! Мемлекеттік тілді құрметтеу керек! Қазақ тілінде қойылған сұраққа қазақ тілінде жауап берілуі тиіс. Біз білеміз, сіз шетелде оқыдыңыз. Ағылшынша, басқа да тілдерді білесіз. Туған еліңізде жүріп, білдей министр бола тұра, қазақша жауап бермеуіңіз дұрыс емес. Бұдан былай қазақ тілінде жауап беретін болыңыз! Келістік пе? – деді шаршаған кейіпте. Мәжіліс төрағасын да түсінуге болады. «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды».
– Түсіндім! Міндетті түрде! – деді министр тілі күрмеліп.
«Уәде – Құдай сөзі» дейді қазақ. Егер жас министр келер жолы да осы тұрпатынан жаңылмаса Парламенттің қадірі кеткені, үкіметтің беделінің шөккені болғалы тұр. Әйтпесе «таяқ еттен, сөз сүйектен» өткелі қашан!
PS: Биыл 3 ақпанда Мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев та депутаттардың қазақша сұрақтарына орысша жауап беріп, депутат Берік Дүйсембиевтен ескерту алғаны еске түседі. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің сынына ұшырап, «жер болған» вице-министрлер мен өзге де үкімет мүшелері қаншама! Жалпы айтқымыз келгені, қазақ халқының атынан билікке келіп, оның тіліне «түкіріп» жүргендердің жоғары лауазымда қызмет істеуге моральдық құқы бар ма?