ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтың назарына!
Былтырдан бері 16 сағаттан артық сағаттарға жаңадан мұғалім алуды ұсындыңыздар. ӘНХ бойынша. Бұл мұғалімге 16 сағаттан артық бермеу дегенді білдіреді.
1. Сіз айтқандай, директорлардың мұғалімдерден сағат қызғанатыны рас. «Сүйкімді», «сүйікті», сыйлық бергендеріне отыз сағаттан беретін директорлар бар. «Сүйкімсіз», «сыйлықсыз» мұғалімдердің 10 сағатпен жүргендері бар. Сағаты толық жүктемеге (ставка) жетпейтін көптеген мұғалімдер бізден көмек сұрайды. Дәлелдер бар.
2. 16 сағаттан артық сағат алмауы керегін ұсынып жүрсіздер. Сапа мәселесіне келсек дұрыс. Бірақ айлығы шайлығына жетпейтін мұғалімнен қандай сапа күтесіздер? Баласына беретін тамағы жоқ мұғалімнен қандай сапа талап ете аласыздар? 16 сағаттың жалақысы өте аз. Мұғалімдер артық сағатты еріккеннен алмайды. Жалақылары жетпеген соң алады. Сіз айтып жүрген көп жалақы барлық мұғалімде жоқ. Сағаты көп шеберлерде ғана. Барлық мұғалім шебер бола алмайтынын түсініңіздер. Айтпақшы, өткен жылы мен сағат мәселесін көтердім ғой. Бір мұғалімде 20 сағат, екіншісінде 35 сағат. Бақылау департаментінен келген тексеру 35 сағатты заңды деп кетті. Еңбек кодексінде 40 сағат алуға болады екен. Сондықтан заңды екен. Бір заң екінші бұйрыққа қарсы.
3. Мектеп директоры мен меңгерушілер (завуч) бір жарым жүктемемен (ставка) жұмыс істейді. Неге мұғалімге бір жарым жүктемемен жұмыс істеуіне болмайды? Мұғалімге келгенде бәрі жабық па? Сіз айтып отырған мәселе жастарды жұмысқа қабылдау мәселесі ғой. Жұмысқа жаңа мұғалімдер тарту. Дұрыс! Бірақ бұл мәселені шешу үшін мұғалімдердің сағатына тиісудің керегі жоқ. Зейнеткерлерді жұмыстан шығарыңыздар. Бәрі әділ болуы керек. Зейнетақысын алатын, балалары өскен зейнеткерлер жұмыс істеп, 16 сағатпен жалақы алады. Балаларын әрең бағып жүрген, үйі жоқ жас отбасы да 16 сағатпен жалақы алады. Бұл әділдік емес! Зейнеткерлерді иығына шапан, орамал жауып шығарып салыңыздар. Жастардан, жұмысқа жарамды мұғалімдерден сағат аямаңыздар. Әрине, 30 сағат сұрап отырған ешкім жоқ. Оқу ісінің меңгерушілері мен директорлар алып отырған бір жарым жүктемені мұғалімге де беріңіздер. Жастарды зейнеткерлердің орнына жұмысқа қабылдаңыздар. Мектептерде сыныптар ашылып, сағаттар көбейіп жатады. Жастарды сондай орындарға қабылдаңыздар. Тағы бір мәселе бар. Сіз байқамай жүрген сияқтысыз. Көп өңірлерде мұғалімді жұмысқа шамадан артық қабылдайды. Сондықтан мұғалімдердің сағаттары бір жүктемеге жетпейді. Барлық мәселе әділ болуы керек. Мұғалімнің жалақысын жақсылап көтеріңіздер. Сонда ғана 16 сағатпен жұмыс істеуге болады. Айтпақшы, жалақы көтергенді айтып, жарнамаламай-ақ қойыңыздаршы. Жалақының көтерілгенін естігендер азық-түлікті қымбаттатып жібереді. Пайдасы жоқ. Тапқанымыз тамағымыздан ауыспайды. Әңгіменің қысқасы, зейнеткерлер жастарға орын берсін! Директорлар әкесінен қалған сағат болса да қызғанбай, мұғалімдерге сағатты теңдей берсін! Жастарды парасыз жұмысқа қабылдасын!
Айтпақшы, тағы бір маңызды мәселе – оқушылардың маусымға дейін оқуына қарсымын! Оқушының заңды демалысына қол сұқпаңыздар.