Біздің балалық шағымыз бүгінде шекараның арғы жағында қалған Бостандық ауданымен және Шыршық шаһарымен тығыз байланыста өтті. Өйткені бір тамшы көздің жасындай бұл шұрайлы жерлер әкемнің де, біздің де нағашыларымыздың ата қоныс мекендері болатын. Әкемнің нағашылары алдымен Аққабақта тұрды, кейін Майскіге қоныс аударды. Суан бағыстар. Ұрпақтары әлі күнге дейін сол қыстақта жасап жатыр. Біздің нағашы жұртымыз Бостандық ауданына қарасты Табақсай ауылының байырғы тұрғындары, қазіргі тілмен сабақтасақ, Бостандықтың аборигендері. Яғни анамыз осы маңда жасайтын сәркелі руының қызы. Нағашы атамыз Ақтай Сарыбайұлы «Соцжарыс» колхозында ұзақ жыл ферма меңгерушісі болып істеді. Балалық шақты ойға алсам, анамның көзіндей болған нағашыларым есіме түседі, көзге жас іркіледі. Себебі сағынатын, еске алатын нәрселер көп. Оқу іздеп Алматыға кеткелі бұл жаққа жолымыз сирек түсетін болған. Оның үстіне саясаткерлер «мемлекеттік шекара» деген нәрсені ойлап тапты. Ол да біздің бұл жаққа емін-еркін келіп-кетуімізге бірталай кедергі болғанын несіне жасырамыз?.. Сондықтан балалық шағымның тұмарындай болған Бостандық пен Шыршық жаққа барып, бір мауқымды басып қайтуды армандап жүруші едім, бірақ әртүрлі жағдайлар себеп болып, соның бір реті келмей жүрген.
Жер шоқтығы Бостандықта Айдаралы ауылы бар
Жер шоқтығы Бостандық демекші, нағашылардың ауылына сапар шегу мүмкіндігі күтпеген жерден туып, ойламаған жерден шешім қабылдап, жолға шықтық. Оған мұрындық болған Нұралхан Қожагелдіұлы мен Ербол Нарбеков деген мінезі мәрт, жүрегі жомарт жігіттер. Осындай сауабы көп рухани сапар ұйымдастырып бергені үшін оларға алғысым шексіз.
Алдымен көптен көрмеген нағашы жұртқа сәлем бере бардым, әрқайсысының үйіне кіріп шықтым. Бәрі де ашық-жарқын күтіп алды. Осылай екі-үш күн армансыз аунап-қунаған соң, жігіттер Айдаралы ауылына арнайы апарды, осындағы мектеп жанынан құрылған «Балауса» фольклорлық халық ансамблімен танысуды ұсынды. Өзі фольклорлық, өзі халықтық, өзі ансамбль болса, қызықтырмай тұра ма, елең ете түстік. Сосын бірден қуана келістік.
Жасыратыны жоқ, «өзбек – өз ағам» деп бауыр тұтатын Өзбекстанмен соңғы кездері қарым-қатынасымыз бұрынғыдан да арқа-жарқа болып жақсарып, тығыз қоюласып келе жатыр. Бұл жылымықтың Өзбек билігінің тізгіні Шавкат Мирзиёевтің қолына өткеннен кейін тіпті жақсара бастағаны белгілі. Соңғы үш жыл ішінде екі ел басшылары бірнеше мәрте жоғары деңгейде жүздесіп, бауырлас елдердің мүдделеріне тиімді болатын талай салиқалы шаруаны ретке келтірді. Алдағы уақытта да мұндай игі шаруалардың молая беретіні сөзсіз. Осы орайда аймақтық және шекаралық әріптестік даму мәселесіне ерекше назар аударып, бауырлас, қанаттас екі елдің өзара түсіністік пен тату көршілікке негізделген көпқырлы ынтымақтастықты жолға қою мақсатында бірнеше мақала топтамасын жазып, ұсынуды жөн көріп отырмыз. Төменде қазақ-өзбек әріптестік қатынасы бойынша жарияланатын мақалалар топтамасының алғашқысын назарға ұсынамыз.
Тамырлас халық, тағдырлас ұлт өз ағам – Өзбек елінде бұл күнде көптеген ұлт пен ұлыс өкілдері бір үйдің перзенттеріндей тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Әрбір этнос өзінің үлгілі деген салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын сақтауға, басқа ұлттарға үлгі етіп көрсетуге, ортақ байланыстарды насихаттап, паш етуге құқылы. Күн сәулелі өлкеде, ертеде-кеште, мереке-мейрамдарда, әсіресе жастар жағы, талай ғасырдан бері мәдениеті мен дәстүрі бір-біріне етене жақын халықтар ретінде әрдайым ұлттық киімдерін киіп, әуелетіп ән шырқап, дөңгеленіп би билейді. Сондай ынтымағы жарасқан өлкенің бірі – Бостандық ауданы (өзбек тілінде – Бустанлык тұманы).
«Шыршық ағады, ыршып ағады» демекші, мұндағы шат-шадыман Шыршық өзенінің бойындағы әр ауылға өнер қонған десек, артық айтқандық емес.
Қара домбыраның күмбірі, қобыздың қоңыр үні, кемерінен төгілген жыр-терме, шалқыған ән ежелден әр ауылдың сәні мен мәні болумен қатар, халықтың басын біріктіруші, ауызбіршілігін арттырушы қасиетке ие. Бұлар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлтымыздың ұлы рухани құндылықтары. «Даламыздың үнісің сен, домбыра!», «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп ақындарымыз бекерге жырлады дейсіз бе?! Бұл орайда Айдаралы ауылы өнерпаздарының көптігімен, түрлі саладағы таланттарымен ерекшеленіп тұрады. Әсіресе, «Балауса» әуесқой фольклорлық халық ансамблінің даңқы тек Бостандық өңіріне емес, бүкіл республикадағы өнерсүйер қауымға жақсы таныс.
«Балауса» ансамблі және Жарқынай Орманова
Шалғайдағы ауыл мектебінде құрылып, халық ықыласына бөленіп жүрген осынау өнер ұжымын Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің өзі біледі дегенге сенер ме едіңіз? Иә, бір қарағанда мүмкін еместей көрінгенімен, сенуге тура келеді. Айдаралы атты шағын ауылда қанаттанған бұл өнер ұжымын ел президентінің өзі таниды! Ол туралы сәл кейін баяндайтын боламыз.
Жоғарыда айтқандай, Айдаралы ауылы – өнерлі ауыл. Өнерлі ауылдан ән-күйге жаны жақын өнерпаздардың көптеп шығатыны белгілі ғой. «Балауса» ансамблі алғаш рет 2016 жылы домбырашылар тобы болып дүниеге келген екен. Сол жылы аудан орталығы Ғазалкентте өткен Наурыз мерекесінде тұңғыш рет халық алдына шығыпты. Содан бері аудандық, облыстық, республикалық көркемөнерпаздар мен фестивальдарға қатысып, бірнеше рет жеңімпаз атанды. Бір қызығы, ансамбль қай жерге барса да жүлдесіз қайтқан емес. «Ел іші – өнер кеніші» дегендей, аз уақытта ел ішінде кеңінен танылды, Айдаралының мерейін өсірді. Ансамбль алғаш құрылғанда небәрі 4-ақ мүшесі болыпты, бүгінгі таңда оның саны 40-тан астам. Оның барлығы дерлік мектеп оқушылары және осы мектептен түлеп ұшқан ауыл жастары. Айтып өтетін нәрсе, бұлардың ешқайсысының да арнайы музыкалық білімі жоқ, бірақ қазақтың ән-күйін сүйеді, өнерін жанына жақын көреді. Ансамбль жетекшісі Жарқынай Орманова Айдаралы ауылындағы №31 жалпы білім беретін мектепте музыка пәнінен сабақ береді.
– Музыкаға, домбыраға әуестігім атам Орманнан дарыған деп ойлаймын. Атам домбыраны керемет шертетін. Менің туған жерім Паркент жақтағы Шатқал ауылы ән мен күйдің кеніші, қазақтың салт-дәстүрін ерекше сақтаған киелі топырақ. Ауылда мектепте істедім, сонда үш-төрт оқушыдан тұратын домбырашылар тобын құрдым. Кейін Айдаралыға келін болып түскен соң, жұмысымды осындағы мектепке ауыстырдым. Мұнда да домбырашылар тобын құрсам деген ой жатсам-тұрсам маза бермеді. Ойымды мектеп директоры Мадияр Тұрсынқұлов ағайға айтып көріп едім, ол екі сөзге келмей қолдай кетті. Рас қой, біз өз Отанымызда, өз атамекенімізде өмір сүріп жатсақ та, құдайдың жазмышымен өзге мемлекеттің қол астында қалып қойдық. Ол біздің кінәміз емес, оған қарапайым өзбектердің де еш қатысы жоқ. Олар да өзіміз сияқты саясаттан алыс адамдар. Бізге жазмышқа мойынсұнудан басқа жол жоқ. Директордың қолдауымен мектепте кішігірім топ құрдық, оған өзімізше «Балауса» деп айдар тақтық. Алғашында ауылдық, аудандық мерекелерде, концерттер мен шығармашылық кештерде өнер көрсетіп жүрдік. Әрине, алға қойған мақсатымыз үлкен еді. Ең бастысы – Өзбекстанда жасайтын басқа халықтармен бір қатарда болып, өзбек-қазақ достығын нығайтуға үлес қосу болды. Ол үшін өзбектер арасында қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін насихаттау, мәртебесін ұлықтау керек еді. Одан да тереңдей түссек, өзбек елінде жасайтын қазақ балаларының зияткерлік және рухани дамуына, олардың өмір сүру сапасының жақсаруына ықпал ету, қазақ дәстүрін біліп, соған сүйсініп өсу, ұлт ретінде өзін-өзі қорғауға немесе соны қамтамасыз етуге күш біріктіру, Өзбекстан қазақтарының бойында елсүйгіштік, отансүйгіштік қасиет дарыту болатын, – дейді Жарқынай.
Арадан үш жылдай уақыт зымырап өтті. Осы кезеңде ұжымнан өнерге құштар бірқатар шәкірттер түлеп ұшты. Жас ұстаз Жарқынайдың талантты шәкірттері бірнеше рет аудандық, облыстық байқаулар мен фестивальдарда жеңімпаз болды. «Балауса» тобы Айдаралы ауылының мақтанышына айналды. Ауыл үшін, үлкендер үшін өз балаларының жетістігін көруден асқан бақыт бар ма екен, сірә?!
Өзбек Президенті «Саржайлауды» бірге шырқады
2019 жыл да келіп жетті. Осы жылы көктемде ешкім күтпеген оқиға болды. Қазақтар шоғырланып тұратын Жызақ шаһарында Қазақ мәдени орталығы ашылатын болып, тұсаукесерінде өнер көрсетуге «Балауса» тобын арнайы шақырады. Орталықтың ашылу салтанатында Өзбекстанның Мәдениет министрі Бахтияр Сайфуллаев қатысып, сөз сөйледі. Айдаралыдан шыққан жас домбырашылар тобы алғаш рет сол жерде көзге түсті. «Біз концертімізді аяқтаған соң, министрдің өзі жанымызға келіп, қай өңірден екенімізді сұрады, басқа да сұрақтар қойды. Шамасы, біздің домбыра шертісіміз ұнаған болу керек, ақыр соңында: «Ендігі кезекте Газалкенттен Қазақ драма театрын ашатын боламыз!» – деп уәдесін берді. Біз қуанып қалдық, әрине. Тағы былай деді: «Сіздердің домбыра тарту мәнерлеріңіз көпшіліктің көңілінен шықты, мені де риза еттіңіздер. Әжәйіп ойнайды екенсіздер. Рақмет! Сіздерге бір ұсыныс бар. Жақын арада Самарқан шаһарында Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримовтың құрметіне жаңа Мәдениет сарайы ашылады, соған орай елімізде жасайтын түрлі этностардың республикалық өнер фестивалі өтеді. Оған президентіміз де қатысады деп отырмыз. Сол фестивальде сіздердің өнерлеріңізді Президентімізге арнайы көрсетсек деген ойымыз бар, соған дайын болсаңыздар». Мәдениет министрі сөзінде тұрды. Бірнеше күннен кейін шалғайдағы Айдаралыға ат басын бұрып арнайы келді. Ауылдың, ауданның жағдайымен мұқият танысты. Бостандық ауданында қазақ драма театрын ашу туралы ойынан айнып қалғандай көрінгенімен, домбырашыларымыз дайындық жүргізу үшін мүмкін болған барлық жағдайды жасауды жергілікті әкімшілікке тапсырды. Содан дайындықты бастап кеттік. Күні-түні жұмыс істедік. Репертуарымызға жаңа әндер мен күйлер қостық. Айтылған уақытта зор көңіл күйімен Самарқан шаһарына қарай жолға шықтық», – деп еске алады ансамбль жетекшісі.
Мінеки, Айдаралы ауылынан түлеп ұшқан «Балауса» домбырашылар тобының Президент Шавкат Мирзиёевпен таныстығы осы фестивальден басталыпты. Әңгіме былай болған екен.
Өзбекстанның түкпір-түкпірінен жиналған жас өнерпаздардың фестивалі Самарқан қаласындағы И.Каримов атындағы Мәдениет сарайында өтеді. Фестивальға келгендердің арасында кім жоқ дейсіз, ала шапан тәжіктер, қара папақ киген қарақалпақтар, сең-сең бөрікті түркімендер, татарлар, орыстар, украиндықтар, пуштындар, ирандықтар, тағы басқа ұлыс өкілдері болды. Олар бірінен соң бірі кезегімен өз өнерлерін көрсетіп, өз ұлтының мәдениеті мен салт-дәстүрін сондай бір зор ықылас-сүйіспеншілікпен паш етіп жатты. Бәрінің жүздері бал-бұл жанады. Сахнаға қарама-қарсы отырған мемлекет басшысы Ш. Мирзиёев бастаған үкімет адамдары әр орындаудан соң шаттана қол соғады. Әрі қарай Жарқынайдың өзі айтсын:
– Бір кезде кезек бізге де келді. Әрине, қобалжу болмай тұрған жоқ. Президенттің алдында күнде өнер көрсетіп жүрген жоқпыз ғой... Сахна ортасына шығып, концертімізді бастап кеттік. Алдымен, К.Салықовтың «Жез киік» әнін әуелеттік, сонан соң Б.Тәжібаевтың «Ақбұлақ» термесін термелеттік. Сосын, Құрманғазының «Балбырауынын» қосылып орындадық. Нөмірімізді аяқтап, көрермендерге қарап алғысымызды білдіру үшін басымызды ие бергеніміз сол еді... залда күтпеген жағдай орын алды! Кенет Президент Мирзиёев орнынан көтеріліп, ұзақ қол шапалақтап тұрып алсын. Президент орнынан тұрған соң, нөкерлері де жапа-тармағай орындарынан тұрып, қол соғып қошемет көрсетті. Президенттің қошеметі бұнымен де аяқталмады. Ол ұтқыр басып сахнаға шықты. Зал жым-жырт. Бізде де үн жоқ, тым-тырыспыз, ең бастысы аң-таңбыз. Президент күлімсіреген бойы бізге жақындады. Біз әлі де өз көзімізге өзіміз сенбей тұрмыз. Ол менің қасыма келіп, қолымдағы домбыраны сұрап алды, өзіне ыңғайлап ұстап саусағымен шертіп көрді. Сосын: «Шіркін, шер домбыра, бұл жалғыз қазақтың ғана домбырасы емес, бұл өзбектің де, түркіменнің де, татардың да, бүкіл түркі халқының шер домбырасы ғой, бұл ағайындықтың, достықтың, туыстықтың символындай сарқыншақ мұра ғой!» – деді ол шабыттана. Сосын домбыраны өзіме қайтарып жатып: «Кішкентай балапандар, айтыңдаршы, «Саржайлау» әнін білесіңдер ме?» – деп сұрады. Біздің аузымыз ашылып қалды, «Өзбекстан Президенті қазақ әнін қайдан біледі?» деген ой шарпып өтті ә дегеннен. Біз бір-бірімізге қарап жымың-жымың ете түстік. Өйткені үлкен кісі сұраған әнді біз білетін едік, ол репертуарымызда бар еді. «Иә, білеміз», – дедім мен. «Білгендеріңіз қандай жақсы болды! Онда сіздерден өтініп сұраймын, сол «Саржайлауды» орындап беріңіздерші», – деді Президент қолқа салып. Біз домбыра құлағын әнге ыңғайлап алдық та, шырқай жөнелдік. Қызық сонда болды! Президент еш қысылып-қымтырылмастан бізге қосылып «Саржайлауды» шырқай жөнелсін. Біз де аң-таң, көрермендер де аң-таң, бәрі аң-таң. Өйткені өзбек басшысы қазақ әнін шырқайды деп ешкім күтпесе керек. Президент Мирзиёевпен біздің жеке таныстығымыз осылай басталған. Ол кісінің алдында одан кейін де бірнеше рет өнер көрсеткен кезіміз болды. Ол үнемі жанымызға келіп, сәлем береді, жағдайымызды сұрайды. Соның өзі бізге керемет көңіл күй сыйлайды. Әр өнер көрсеткен сайын арнайы ықылас гүлін жолдап отырады. Ол кісіге осындай ағалық ықыласы үшін дән ризамыз!».
Өзбек Президенті «Саржайлауды» қайдан біледі, жалпы қазақ әндеріне деген ықыласы неге ала бөтен деп отырған шығарсыз? Оның да себебі бар болып шықты. Сөйтсек, Президент Мирзиёев Ташкенттегі Ирригация және мелиорация институтында студент болып жүргенде қазақ жігіттерімен бірге бір бөлмеде жатып, оқыпты. Сол уақытта қазақ жігіттері әртүрлі кештер мен отырыстарда қазақ әндерін қосылып шырқайды екен. Студент Мирзиёев қазақ әндерін солардан үйренген көрінеді, әртүрлі сауық-кештерде қазақ достарына қосылып қазақша әндерді талай шырқаған деседі. Ал, «Саржайлау» оның ең сүйіп тыңдайтын әні болса керек. Міне, Өзбек Президентінің қазақ халқына деген ерекше ықыласының төркіні қайда жатыр!
Қос туысқан елдің алтын көпірі
Жоғарыда айтқанымыздай, Жарқынай Орманова 2016 жылы Айдаралы ауылындағы мектепте «Балауса» домбырашылар ансамблі ашылғаннан бері оған жетекшілік жасап келеді. Содан бері де жеті жылдай уақыт өтті, талай талантты шәкірттер тәрбиеленіп, түлеп ұшты. Жарқынайдың шәкірттері бірнеше рет аудандық, облыстық сайыстардың, республикалық деңгейіндегі «Жас қанат» байқауының, «Ақ раушан» фестивалінің жеңімпазы болды. Олардың арасында Нұргүл Олжабаева 2020 жылы Ташкентте өткен «Отандастар» өнер фестивалінде 2-орынға ие болса, Айдана Бекмырзаева Сырдария облысының орталығы Гүлстан шаһарында ұйымдастырылған республикалық фольклорлық байқауында дәстүрлі ән жарысы бойынша 3-орынды жеңіп алды. Сондай-ақ Жасұлан Жұманов, Шынар Дүйсебаева, Бекболат Ергешов, Азат Қыдырбаев, Балауса Айдарбекова, Айман және Шолпан Мамытова, Әзиза Тоқтамұратова, Айтжан Тұрғынбаев, Мейірбек Рахымбердиев, Жансая Олжабаева, Ораз Батырбеков, Бақдәулет Бабақұлов, Зарина Сағынтаева, Сабина Сапарова, тағы басқа да талантты өнерпаз балалардың есімін атап өтсек болады.
Өнерпаз топтың 2020 жылы «әуесқой фольклорлық халық ансамблі» атағына ие болуы олардың атын тек Бостандық ауданына емес, Бостандық тұманын бүкіл республикаға танытты. Одан кейін ансамбль мүшелері «Махалла» телеарнасының арнайы шақыруымен «Мингбор» бағдарламасында қонақта болып, өнерлерін ұсынды, өнерлі оқушылардың суреттері республикалық «Тонг юлдузы» журналында жарияланды. Одан басқа «Ташкент ақиқаты», «Нұрлы жол», «Бостандық дауысы» газеттерінде мақалалар жазылып, насихатталды. Ал, енді ансамбльдің «Жаңа Өзбекстан» («Yianqi Ozbekiqtan») көркем-суретті энциклопедиялық кітапқа енгені бұл өңір үшін бұрын-соңды болмаған жаңалық болды.
Айдаралы ауылынан шыққан жас домбырашылардың даңқы Өзбекстаннан асып, Қазақстанға да жетіп жатқанын айта кетуге тиіспіз. 2020 жылы Астанадан «Хабар», «Қазақстан» телеарналарының тілшілері Бостандыққа арнайы сапарлатып барып, «Балауса» ансамблі туралы хабар түсіргені өз алдына бір шоғыр әңгіме.
«Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» дегендей, бүгінде халықтық танымалдыққа ие болған ансамбль репертуарында қазақтың халық әндері мен күйлері, заманауи қазақ композиторларының туындылары бар. Мысалы, «Айдаралы ауылым», «Аяулым», «Жезкиік», «Саржайлау», «Туған жер», «Қазақ – осы!», «Алатау», «Ақбұлақ», «Көзімнің қарасы», «Ана жыры» сынды әндер мен «Өлшеулі өмір», «Өзім туралы», «Келіндерге өсиет» термелерін, Құрманғазы, Қазанғап, Дәулеткерей, Дина Нұрпейісованың күйлерін шебер орындайды.
«Ізгілік пен игі іс ұлт таңдамайды» дейді қазақ. Ізгі ниет, ізгі сөз, ізгі амал баршаға жасампаздық құдірет паш етеді. Сол сияқты музыка да ұлтқа, ұлысқа бөлінбейді, оның мәні мен мағынасы аударуға келмейді. Өнер – ең алдымен жақсылықтың, адамдықтың, әсемдіктің рухани жарасымы.
Өнер бірлік пен достыққа қызмет ететін болса, онда сол өнердің шын иелері болып табылатын халық та өз бақытын табады деген сөз. Олай болса туысқан қазақ пен өзбек арасына өздерінің ізгі істерімен алтын көпір болып жүрген Жарқынайға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Қара домбыраны сөйлетіп, қоңыр үнді қобызға тіл бітірген «Балауса» фольклорлық-халық ансамблі өз жанкүйерлерін әлі талай таңқалдырады деген сенім мол. Тек киелі өнерді өлтірмейтін, қиял қанатын еркін қағуға жол беретін мол мүмкіндіктер керек.