Алматыда биыл да 8 наурызда әйел құқығын қорғауға арналған митингі өтті. Басты тақырыбын «Әйелдердің саясатқа араласу мүмкіндігі» деп алыпты. Жиынға мыңға жуық адам қатысты.
Былтыр дәл осындай әйелдер шеруіне 500-ге жуық адам жиналған болатын. Биылғы митинг қаңтар оқиғалары кезінде қаза тапқан азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Өз кезегінде сөз алған құқық қорғаушы, митингіні ұйымдастырғандардың бірі Татьяна Чернобиль: Осында жиналғандардың бәрі бұл митингіні мереке әрі феминизмнің жеңісі ретінде қабылдайды деп үміттенемін,- деді.
Ал былтыр өткен митинг кезінде «Феминита» тобының негізін қалаған белсенді Жанар Секербаева: «Көбі 8-наурыз Халықаралық әйелдер күні екенін білсе де, шын мәнінде оның астарында не жатқанын біле бермейді»,- деген болатын. Бұл сөздің негізі «жаны» бар. Қазір тойламақ түгілі, 8-наурыз Халықаралық әйелдер күнінің атын да затын да білгісі келмейтін, білсе де мән бермейтін мемлекеттер бар. Қазақстан секілді кейбір мемлекеттер бұл күнді мейрам ретінде қабылдап, мазмұнын Аналарға құрмет, әйелге құрмет деген сияқты ізгі ниетке бұрып алды. Дегенмен, «Феминита» тобы секілді ұйымдардың нақты мақсаты қандай, өздері айтып жүрген әйел теңдігі ме, әйелдердің саясатқа араласу мәселесі ме оны Үкімет арнайы қадағалап, нақты заңды шешімін айтуы керек деп ойлаймын.
Өйткені осы «Феминита» тобы секілді ұйымдардың топтасуына қарсы, бірақ әйелдер құқын қорғаймыз, зорлық-зомбылыққа жол бермейміз деген көзқарастағы басқа да ұйымдар, бірлестіктер елімізде өте көп. Сонымен қатар, тағы бір ескеретін жағдай интернет желілерінде «Алматы әкімдігі соңғы сәтке дейін митингке рұқсат берілген жоқ» деген ақпараттық ұстанымда болса, шеруді ұйымдастырушылардың ресми парақшасында «Әкімдікке митинг өткізу туралы хабарлама мен өтініш келіп түсті, ал 9 ақпанда «шеруді ұйымдастыруға рұқсат етіледі» деген жауап жіберілді» деген хабарлама тарап жатты. Мәселенің анық-қанығын білу мақсатында 25 ақпанда Алматыдағы «Қазақстан ата-аналар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының жетекшісі Бағила Балтабаеваға хабарласқан едік. Бағила Балтабаева: «Біреу болады, біреу болмайды деп дүрлігіп жатқан биылғы «түрлі-түстілер» ұйымдастырмақ митингке рұқсат берілгені немесе берілмегені туралы білу үшін Әкімшілікке хат жаздым, ресми жауапты күтіп отырмын» деп жауап берді. Біз де Алматы әкімшілігінің ресми жауабын күттік. Сөйтіп 6-наурыз күні Б. Балтабаеваның Facebook парақшасында Алматы әкімдігінің шеруге рұқсат бергені туралы ақпарат тарады. Мұның бәрін неге жазып отырмыз. Біріншіден Алматы әкімдігі шеруге рұқсат берілгенін неге соңғы сәтке дейін ресми мойындамады. Қазір ақпарат еркіндігінің «бәсі» жүріп тұрған кезең. Халық өзі білуіміз керек деген кез келген ақпараттың ашық, шынайы болғанын қалайды.
Сонымен астаналық, «SOS.Taldykol» бастамашылар тобының 12-13 ақпан күндері Кіші Талдыкөлді қорғау үшін бейбіт митинг өткізу туралы өтінішіне кезекті рет рұқсат берілмегенімен, Алматыда «әйелдер құқын қорғауға» рұқсат берілді. Екі қалада болғанымен, халықтың кейбір қалауына әр түрлі ұстанымда болу жергілікті әкімдікке байланысты дегенмен, үкіметке деген кері пікір қалыптастырмай қоймайды. Қандай да бір топтың талабына рұқсат берілді екен, келесі бір басқа топтың да талабына рұқсат берілуі керек. Қарапайым түсінік осындай.
«Қазақстан ата-аналар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының жетекшісі Бағила Балтабаева 9-наурыз күні Facebook парақшасында «исі қазақ, болмысы бұзылмаған» қоғамға арнап, Үндеу жариялады. Сондай-ақ «түрлі-түстілерге» қарсы 12 наурызда Алматыда митинг өткізуге рұқсат алғанын хабарлады. – «Екі жылдан бері Халықтың онсыз да сіркесі су көтермей жүрген кезде, осындай ұлт бұзар, ұрпақ тоқтатар, сананы сындырар ұйымдардың бас көтеріп, кеңінен тарап, тамырын тереңдетіп жатқаны уайымның үстіне уайым болып отыр. Биылғы шерудегі басты ұрандары, мемлекетті әйел басқару керек екен-ді. Өздері соны меңзеп отырғандай. Бәрін айтта, бірін айт, ұрпақтың болашағына балта шабар ұйымдарға жол жоқ! Халық болып күреспесек, жалғыздың шаңы шықпас болады. Дәстүрді сақтап қалғысы келген әр Ата-Ана осы шеруге келіп, өз үндеуін айтуға міндетті!!!
Осы кезде үндемей қалсақ, әрекет жасамасақ, аз жылдан соң, үйдегі ұл-қыз ба, немере ма, «мен біржыныстымын!»- деп тұрса еш таң қалудың қажеті жоқ! Өйткені уақыт барда, әрекет болмады! Кеш қалып қалмайық ағайын! Құрметті ағайын! Бүгінгі өткен митингіні өздеріңіз көрдіңіздер!
Бір жыныстылар тағы өз «әндерін» сайрап тағы шықты! Әкімшіліктен рұқсат алдық, екі жылдан бері бұлардың тайраңдап шығып, айтып жүрген ессіз дүниелеріне жауап қайтаратын кез келді!», деді.
PS: Біз әлі депутат Берік Әбдіғалидың «Халықтың сөзі Парламентте шықпаса, алаңдарда шығады» деген сөзін ұмыта қойған жоқпыз. Біздің Үкімет пен Парламенттен сұрарымыз халықтың митингке шыққанын күтпей, нақты мәселелерде нақты шешімдер қабылдап, «мемлекеттік, ұлттық мүдденің темір қазығы қандай» деген сұраққа үнемі, қырағы жауап беріп отырса...
Қоғам дамып, жас өсіп, уақыт озып барады. ХХІ ғасыр. Жаһанданған әлем күннен күнге жақындай түсуде. Адам баласы ғасырлар бойы құндылық ретінде танып келген кейбір дүниелердің бүгінде мазмұны мүлдем өзгерді. Бірақ қай заман, қандай қоғам болмасын, төрткүл дүниедегі әр ұлт, әр ұлыс, кез келген адам өзінің бастапқы жаратылысы, табиғи болмыс-бітімінен ажырап қалмауы керек. Қазақтың да өзіне тән бабадан балаға жалғасқан әдет-ғұрпы, қалыптасқан салт-санасы бар. Жан жақтан ентелеген түрлі өркениет көшінде қазақ халқының ұлттық бет-бейнесін сақтап қалу үшін ұрпақтың бойына ұлттық рухты, қасиет-киені сіңіру маңызды.