Туған жердің тазалығы әр адамға парыз болса, «Таза Қазақстан» акциясы соның алғы-шартын қалыптастыратын дәстүрге айналмақ. Сондықтан Мемлекет басшысы бұл мәселені жалпыұлттық деңгейге көтерді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бір реттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл жалпыұлттық мәселе» деп атап көрсеткен. Президентіміздің бұл бастамасын «АМАNАТ» партиясы да қуаттап, маусым айында экологиялық акция «Таза Қазақстан» Road-эстафетасын өткізген болатын. Осы мақсатта партияның жүздеген белсендісі мен «Жастар рухы» жастар қанатының еріктілері «Астана-Алматы» тас жолы бойының аумағын тазартты. Тазаланған жолдың жалпы ұзындығы 224 шақырымды құрады. Осыншама жердің әр адымын түгел тазалап шығу әрине мүмкін емес. Басты мақсат – қоғамды біріктіру арқылы экологиялық мәдениет пен сана қалыптастыру, жастар мен қоғамға ой салу болды.
Өткен аптада қоршаған ортаны қорғап тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруды мақсат еткен «Таза бейсенбі» акциясы өтті.
Акцияны «АМАNАТ» партиясы Мойынқұм аудандық филиалы ұйымдастырды. Акцияда партиядан сайланған аудандық мәслихаттың депутаттары, аудандық жастар орталығының қызметкерлері, «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділерінің қатысуымен Шу өзені жағалауын қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргізді. Өзен жағасынан жиналған қоқыс «Мойынқұм су - жылу» КМК-ның мекемесінің «КамАЗ» жүк көлігіне тиеліп, арнайы қоқыс төгетін орынға шығарылды. Акцияға барлығы 40 адам қатысты.