Халықаралық, қоғамдық-саяси «Qazaqstan dauiri» газетіне қарасты республикалық жас зиялыларға арналған, «Алтын жұлдыз» сыйлығының иегері «Мөлдір бұлақ» журналы бірнеше жылдан бері шығармашылық байқауға бәйге жариялап, әр жылдың соңында қорытындылап келе жатыр. Өткен жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына байланысты өткізілсе, биылғы байқауды тәуелсіздіктің 30 жылдығына бағыттады. «Отан! Отан! Бәрінен биік екен!» деген тақырыппен эссе жазуды жолға қойған болатын. Бас директор Сәуле Мешітбайқызының тікелей ұйғаруымен және қолдап қуаттауы арқасында жыл бойы жалғасқан байқау 20 желтоқсан өз мәресіне жетті. Редакция қоржынына жүзден аса эссе келіп түсіп, қазылар алқасының қарауынан өткен соң, олардың ішінен іріктелген 13 оқушының еңбегі озық деп бағаланды. Осылайша тәуелсіздік дәуірінің төл перзенттерінің шығармашылық талантын ашып, олардың отаншылдық патриоттық санасын оятып, елдіктің, егемендіктің қадір-қасиетін сіңіре түсті. Үміткерлер үйренген білімдерін қолдана отырып, жүрек сөздерін ақ қағазға кестелепті. Бүгінгі бүлдіршіндер елдің ертеңгі иесі. Олардың білімі терең, руханияты бай болса, болашағымыз нұрлы бола түспек. Көп үміткердің арасынан алғадай болып, 13 үздік озып шықты.
Жүлдегерлер төмендегідей болды:
Бас жүлдені Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Ырғыз селосы, Ы.Алтынсарин атындағы мектептің 6-сынып оқушысы Қанатұлы Қасымхан иеленді. Ұстазы – Алданова Шапағат Қайырбекқызы
1-орын:
Бақытжан Томирис, Алматы облысы, Іле ауданы, 24-лицейдің 5-сынып оқушысы. (2) Диана Сарыбай, Алматы қаласы, №198-мектептің 7-сынып оқушысы. (3) Сейілұлы Расул, Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылы, Абай атындағы гимназияның 3-сынып оқушысы. (4) Мадияр Сұңқар, Алматы қаласы, №124-мектептің 10-сынып оқушысы
2-орын:
Битемір Нұрсая, Шымкент қаласы, №55-мектептің 8-сынып оқушысы. Жұманова Әсем, Қарағанды облысы, Нұра ауданы, М.Жұмабаев атындағы мектептің 9-сынып оқушысы. Жақсылық Жанерке, Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Төретам кенті, Т.Жүргенов атындағы №80-мектептің 6-сынып оқушысы. Оңғарбай Аяжан, Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Б.Момышұлы атындағы мектептің 10-сынып оқушысы
3-орын:
Вахбиева Асима, Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылы, Ғ.Мұратбаев атындағы мектептің 8-сынып оқушысы. Жұмабай Абдулла, Қарағанды облысы, Балқаш қаласы, №15-мектептің 4-сынып оқушысы. Бекмұқаш Алуа, Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Аралтөбе мектебінің 7-сынып оқушысы. Қазбек Аниса, Жамбыл облысы, Шу қаласы, Ғ.Мұратбаев атындағы мектептің 4-сынып оқушысы.
Марапаттау жиналысына «Qazaqstan dauiri» газеті Директорының бірінші орынбасары Жанбақыт Борантаев, газеттің Бас редакторы Ертай Айғалиұлы, балаларға арналған «Алтын сақа» баспасының Бас редакторы Саят Қамшыгер, ақын, әнші, PhD докторанты Ержан Жұмабек қатарлы белгілі қаламгерлер өз кезегінде сөз сөйлеп жүлдегерлерге грамотолар мен бағалы сыйлықтар тапсырды. Кездесу барысында шәкірттер өнерлерін ортаға салып, әсерлерімен бөлісті. Жүйріктердің бастап келген жетекші ұстаздар мен ата-аналар шараны ұйымдастырған мекемеге рақметтерін айтып, журналға ұзақ ғұмыр тіледі. Марапаттау жиналысын «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы жүргізіп отырды.