Мұраттың мектебі қайда?

Мұраттың мектебі қайда?

ТЕҢІЗБЕН ТЕРЕҢ ТІЛДЕСКЕН, СҰЛУ СЫРМЕН ҮНДЕСКЕН, ӘЛЕМ ТАНЫП БАҒАЛАҒАН, ҚАЙТАЛАНБАС САН ҚЫРЛЫ ӨНЕРДІҢ ИЕСІ, КҮЙШІ, КОМПОЗИТОР, АҚЫН-ЖЫРАУ

 

Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері және ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Арал ауданының Құрметті азаматы, күйші-сазгер, ақын, жырау Мұрат Сыдықов туралы көп айтуға болады.

Дәл осылай тақырып қойып, «Мұраттың мектебі қайда?» деп айқайлатып әңгіме көтеретіндей Мұрат кім еді, ол қандай талант иесі еді дегенге келсек, онда төмендегі мәліметке назар аударалық.

Арал перзенті Мұрат Сыдықұлы сонау бір соғыс басталар жылы Бөген ауылдық кеңесіне қарасты Қарашалаң елді мекенінде балықшы, өнерпаздар отбасында дүниеге келген. Оның әкесі Сыдық – мерген аңшы, домбырашы, сауыққой сері, анасы Болқын – қолөнер және сөз шебері болған. Ағалары Мұхаш, Сабырбай, Сабыралы, Жұбан,  Қуат, апасы Күлжан шетінен жыршы, домбырашы болып өсті.

 

Бала Мұрат бес жасынан домбыра тарта бастады. Мектеп қабырғасында оқып жүріп халықтың, Қазанғаптың, Құрманғазының, Динаның күйлерін тартып, өзі де өлең, ән жазуға талпынатын-ды. 1958 жылдан бастап Арал аудандық Мәдениет үйінің қазақ ұлт-аспаптары оркестрі мен әуесқой театрдың мүшесі болып, олардың кейіннен халықтық  ұжым дәрежесіне көтерілуіне еңбек сіңірген де осы Мәкең болатын.

1965 жылы Ақтөбедегі мәдени-ағарту училищесін бітіріп келгеннен бастап аудандық Мәдениет үйі жанындағы қазақ ұлттық әуесқой оркестрінің  көркемдік жетекшісі қызметінде жүріп, өзінің барлық қабілет-қарымын, дара талантын аудан, облыс мәдениетін өркендетуге арнады. 1965-1980 жылдар арасында «Аралбалық» өндіріс-бірлестігінің өнерпаз жастарынан тұңғыш рет «Шағала» ән-би ансамблін, «Алау» эстрадалық ансамблін, «Алтыбақан» ойын-сауық отауын, №220 қазақ орта мектебінің мұғалімдерінен «Толқын» ән-би ансамблін құрып, халықтың рухани мәдениетін көтерді. М.Сыдықовтың жетекшілігімен әуесқой қазақ ұлттық оркестрі (дирижері – Талас Шүкіров) 1967 жылы Алматыда Одақтық дәрежеде өткен өнер байқауында өнер көрсетіп, Қазанғап атындағы «Халық оркестрі» құрметті атағына ие болды. Сондай-ақ Мәкең Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклінде Қодардың, Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!» спектаклінде суретші Сұлтанның т.б. рөлдерде ойнап, әуесқой театрдың 1972 жылы «Халық театры» атағын алуына да көп еңбек сіңірді. Бұл оркестр 1974 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесінде өнер көрсетіп, күміс медальмен марапатталды. Сонымен бірге М.Сыдықовтың «Сыр гүлі» әнін сыр сандуғашы Заруха Әлімбетова Бүкілодақтық орталық радиодан шырқады.

Ал 1980 жылы жұбайы Базар Қостайқызымен бірігіп, өзінің өнерлі отбасы мүшелерінен тұңғыш «Сыдықовтар отбасылық ансамблін» құрып аудан, облыс жұртшылығына концерттер беріп, өнер сүйер қауымның мақтанышына айналды. 1985 жылы «Халықтық, кеңестік музыкаларды жоғары дәрежеде насихаттағаны үшін» КСРО Композиторлар одағының «Құрмет дипломымен» марапатталды. 1987 жылы отбасылық ансамбльдердің облыстық байқауының ІІ орын иегері атанып, Алматыда өткен республикалық байқауда өнер көрсетті. Онда атақты композитор, профессор Еркеғали Рахмадиев бастаған белгілі әділқазылар алқасының шешімімен І орын иеленіп лауреат атанып, 1988 жылы Мәскеуде өтетін І Халықаралық фольклорлық өнер фестиваліне қатысуға  жолдама алды.

Ансамбль осы аталмыш фестивальде дүниежүзінен, одақтас республикалардан келген жүзге тарта айтулы өнер ұжымдарымен бірге өнер көрсетіп, он шақты жеке концерттер берді. Атақты Колонна залында өткен қорытынды Гала-концертте «Сыр гүлі» әнін көрермендер сұрауымен екі рет орындап, фестивальдың лауреаты атанып, елге мақтанышпен оралды.

Ұзамай Қазақ ССР-і Мәдениет министрлігінің арнайы қаулысымен 1989 жылы Сыдықтовтар отбасылық ансамбліне «Халықтық» атағы берілді. Осы жылы республикалық телерадио комитетінің шақыруымен теледидардан өнер көрсетіп, «Алтын қорға» жазылды.

М.Сыдықұлы – дарынды күйші, композитор, жыршы-ақын, шебер орындаушы ретінде елімізге белгілі, әмбебап үлкен өнер иесі. Сонымен бірге    сұңғыла сценарист, білікті режиссер, тамаша актер, табиғи бишілігі тағы бар. Ол – Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітіріп, бірнеше шәкірттер тәрбиелеген білікті ұстаз. Оның түрлі жанрдағы мазмұны терең, идеясы жоғары, салиқалы шығармалары туған жері – Аралмен өзектесіп, кең даламен үндесіп жатады.

Кезінде «Арал проблемалары», «Жоқтау», «Арал шақырады» деректі телефильмдеріне өзінің орындауында жазылған, тыңдаушысын тебірентпей қоймайтын атақты «Аралмен мұңдасу» атты жыр-толғауы халықтан өз бағасын алған құнды дүние екені баршамызға белгілі. Оның Қазақстан Композиторлар  одағы жоғары бағалаған «Қайдасың сен?», «Балықшы қыз», «Сыр гүлі», «Сырдария», «Шаттанамын», «Шалқи бер, дала!», «Аққуым менің», «Майдангерлер мәңгі жасайды», «Туған жер» әндері мен «Арал толқыны», «Біздің Ғани», «Әке арманы», «Қайран, ағалар!», «Өмір толғауы», «Тойға шашу», «Мұратың төкпесі», «Батыр баба – Жанқожа» күй-толғаулары халқымыздың рухани байлығына қосылған асыл қазыналар. Көптеген туындыларын ауылдың әнші, күйші, жыршыларынан бастап, еліміздің атақты өнер шеберлері орындап, облыстық, республикалық радио мен телевидениенің «Алтын қорына» жазылып алынған. Бірнеше күйлері өзінің орындауында 1979, 1985 жылдары Ташкенттің Ташмұхаммедов атындағы одақтық зауытынан жеке күйтабақ болып шығып, елімізге тарады. Бірнеше күйлері Алматыдағы «Әуен» баспасынан шыққан «Күй толқыны» атты кітапқа енді.

Мұрат Сыдықұлы – әркез елімізде болып жатқан жаңалықтардың жаршысы, игі істердің бастаушысы, патриот азамат. 1987 жылы өзінің отбасымен еңбек етіп тапқан 1000 сом қаржысының 500 сомын Ташкенттегі «Аралды құтқару» қорына, 500 сомын Мәскеудегі «Бейбітшілік» қорына аударып, тұңғыш бастама жасап, азаматтықтың үлгісін танытты. Одан кейін 1991 жылы облыс әкімі Сейілбек Шаухамановтың қолдауымен отбасылық ансамблімен бүкіл облыс жұртшылығын аралап концерттер қойып, одан түскен 3000 сом қаржыны да «Аралды құтқару» қорына аударып, игілікті іс жасады.

Асылы, қай кезде де тұлпарды тұлпар, сұңқарды сұңқар ғана танып бағалай білген. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» дегендей, ауылда жүріп көп қиындықты көрген Мұратты екі жемісті оқиға қанат бітіріп, өрелі өнер шыңына шығарды. Біріншісі – 1989 жылы С.Сыдықовтың отбасылық ансамблі «Қазақстан» телеарнасына түсіруге Алматыға шақырылды. Осы сапарда «Қазақстан» телерадиокомитетінің төрағасы, қазақтың біртуар қайраткер ұлы Сағат Әшімбаевтың қабылдауында болады. Сонда ол Мұраттың шығармаларын түн жарымына дейін үлкен тебіреніспен тыңдап, ертеңіне Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Сейілбек Шаухаманов пен Арал аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Балтабай Ақпенбетовке арнайы хат жолдайды. Онда Мұрат Сыдықұлының жан-жақты үлкен өнер иесі екенін, оның мазмұны терең, идеясы жоғары шығармаларынан Алматыда шығармашылық концертін өткізуді жоспарлап отырғандарын, ол үшін үлкен дайындық пен көмек қажет екендігін білдіреді. Сөйтіп шынайы өнерді бағалай білген азаматтардың қолдауымен 1990 жылдың 6 қаңтары күні Алматыда «Қазақконцерт» залында Мұрат Сыдықовтың «Арал шақырады» атты шығармашылық концерті тікелей табысты өтті.

Концертке Қазанғап атындағы «Халық оркестрі», қазақтың бұлбұл әншілері Роза Бағланова, Мәдина Ералиева, белгілі жыраулар Н.Айдәулетова, Р.Әшімов бастаған әншілер, күйшілер қатысып, Мұраттың шығармаларын шеберлікпен орындап, «Алтын қорға» қабылданды.

Алматыдағы әсерлі концерт 1994 жылдың қарашасында жалғасын тапты. Қызылорда облыстық телерадиокомпаниясының төрағасы Әбдіжәлел Бәкіров пен Арал ауданының әкімі Биғали Қайыповтың басшылығымен облыс орталығында М.Сыдықовтың «Домбырам, кане, жырлашы!» тақырыбымен екі бөлімді үлкен шығармашылық концерті өткізілді. Бұнда да қаһарман, бұлбұл әншіміз Р.Бағланова, Н.Нүсіпжанов, М.Ералиева, белгілі жыршы Э.Жаңабергенова, күйші Е.Мұстафаев сынды үлкен өнер шеберлерімен бірге Қазанғап «Халық оркестрі», «Сыр күмбезі» (қазір елімізге белгілі Тұрмағамбет атындағы) оркестр, Сыдықовтар отбасылық халықтық ансамблі қатысып, «Алтын қорға» жазылды. Осы шығармашылық кеште аудан әкімі Әбдікерұлы Биғали мырзаның: «Егер зәуіде біреу, мынау аумалы-төкпелі нарықтық қиын кезеңде бұл не қылған мерекелік-шығармашылық кеш десе,  біз оған: «Иә, осынау нарықтық қиын кезеңдерде Мұрат сынды әмбебап талантты жүдетіп алып, оның тәлім алар тамаша туындыларынан айырылып қалмайық деп жасап жатырмыз» деп айтар едік» деген мәнді сөзі көпшілікті толғандырып, Мәкеңе жаңа күш-жігер бергендей болды.

М.Сыдықовтың және оның отбасының шығармашылық өнерлерін Франция, Англия, Испания, Португалия, Германия, Жапония, Ресей, Швеция, Дания сынды елдердің кино түсіру топтары келіп, деректі фильмдерге түсіріп,  әлемге паш етті. Ал 2004 жылы Швейцарияның Женева қаласынан «Маурицио Джулиани» кино түсіру тобы облыс әкімі Икрам Адырбековтің келісім-нұсқауымен Арал ауданына арнайы келіп, М.Сыдықұлы мен оның отбасылық ансамблінің ұжымы туралы «Теңіз және жыршы» атты телефильм түсіріп, Швейцария еліне көрсетті. Мәкең осы жылы «Сүйінші, Теңіз-анам келе жатыр!» атты жыр-толғауын жазып, аяулы Аралдың арманшыл халқына жаңа рухани қуаныш сыйлады.

Мұрат Сыдықұлының еліміздің өнері мен мәдениетін өркендетудегі ұзақ жылғы шығармашылық еңбектері ескеріліп, 2001 жылы ҚР Құрмет грамотасымен, 2006 жылы аудан әкімі Н.Мұсабаев пен облыс әкімі И.Адырбековтың ұсынуымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» және ҚР «Мәдениет қайраткері» құрметті атақтарымен марапатталып, 2007 жылы аудан әкімінің шешімімен «Арал ауданының Құрметті азаматы» атанды.

2007 жыл Арал ауданы әкімінің шешімімен қазақтың көрнекті ақын-жазушысы «Зейнолла Шүкіров жылы» болып жарияланды. Ақынның 80 жылдығына М.Сыдықұлының сценарийін жазып дайындауымен «Дауылпаз ақын – Зейнолла» атты театрландырылған әдеби музыкалық жыр кеші өте әсерлі өтті. Жыл аяғында қорытындылау мерекесінде облыстық дәрежеде ақындар айтысы, жыр мүшәйрасы, сазгерлер сайысы өткізіліп, онда композитор «Дауылпаз ақын» күйі мен ақынның өлеңіне жазылған «Сағынарсың» әнін ұсынып, бас жүлдені жеңіп алды.

Мұр ағаң өзінің отбасылық ансамблімен теңіз жағалауындағы балықшы ауылдары мен облыс жұртшылығына мәдени-өнер қызметтерін көрсету үшін жаңа үлкен дайындық жұмыстарын жүргізуде. Оның халқымыздың ежелден келе жатқан жыраулық өнердегі еңбегі өз алдына бір төбе. Жақын уақытта оның Арал-Қазалы өңірінде ХІХ-ХХ ғасырларда өмір сүрген Бижан, Бітімбай, Молда Дәулет, Жаңаберген, Жапарберді, Кәрібоз, Жалғасбай, Дәріқұл, Жәмет, Үмбетәлі, Сары (Жансүгір) т.б. дүлдүл, жампоз жыраулардың 40-қа жуық ән-мақамдарын зерттеп, жинақтап жазған «Жыр мәйегі – мақам» атты жинағы кітап болып жарыққа шықты.

2009  жылы «Сырдария кітапханасы» көп томдығы құрамында Мұрат Сыдықұлының «Домбыра – жүрек жырлайды» атты өлең-жыр, терме-толғау, ән-күйлерді топтастырған бір томдығы жарық көрді. Еңбек, сөз жоқ, ұрпақ қазынасына қосылған қомақты үлес, келешекке жол тартқан Сыр үні.

Мұрағаңның көп қырларымен бірге шебер сценарист, табиғи талантты режиссер екендігі баршамызға аян. Оған бұл саладағы көп жылдардан бері халықтық мерекелерді өткізген шығармашылық еңбектері дәлел.

Арал ауданының әкімі Н.Мұсабаевтың шешімімен «2010 жыл – Ақтан батыр жылы» болып жарияланып, еңселі ескерткіш орнатылды. Ақтан батыр жылының ашылу салтанаты мен қорытынды мерекесі М.Сыдықовтың сценарийін жазып, режиссерлік жасауымен жоғары дәрежеде өткізілді. 23-24 қазан күндері Жанқожа, Ақтан батыр көшелерінің тоғысқан басындағы қос батырдың ескерткішінің алаңында «Тәуелсіздікті ту еткен Ақтан батыр!» тақырыбымен республикалық деңгейде өткізілген театрландырылған қойылым аудан, облыс көлемінде маңызы зор, тарихи-мәдени іс-шара болды. «Ұлықтап бас иеміз әруағыңа!», «Бабалар даңқы», тәуелсіздік рухы саналатын «Жанқожа, Ақтан батыр – қос қанатым», «Бабаларға  тағзым» атты төрт бөлімнен тұратын театрландырылған қойылымның әсері еліміздің әр аймағынан ұлықтауға жиналған қалың көпшілікті рухы биік, отаншыл, патриоттық-азаматтық сезімге бөледі. Халық кешегі Хиуа, Қоқан хандықтарын басындырмай, орыс патшалығына орам жер бермей, «Елім», «Жерім» деп ат үстінде арпалысып өткен қолбасшы Нұрмұхамедұлы Жанқожа мен Ақайұлы Ақтан батырлар бастаған қаһарман бабаларымыздың тарихи-тағылымды ерлік істері шеберлікпен жазған, қоюшы-режиссері М.Сыдықовқа, қойылымдағы басты-басты тұлғалардың рөлінде ойнаған ауданның өнерпаздарына алғаусыз алғыстарын білдірді. Ұлықтау мерекесінің соңында Қазанғап атындағы халық ұлт-аспаптар оркестрі М.Сыдықовтың «Батыр баба – Жанқожа», «Ақтан батыр» күй-толғауларын күмбірлетіп, ән-жырларынан шашу шашты.

Мұрат Сыдықұлының күйлерін тыңдағанда кейде осы адам киелі жүрегінен айдын жасап алып, сәндене жүзген аққуларды аялап жүргендей көрінеді. Ол оның өлмес өнерінің жарқын болашаққа көш түзегені болса керек.

Осындай деректен соң біз дарынды күйші, сара сазгер Мұратты мұратына жеткізе насихаттап жүрміз бе деген заңды сұрақ туындайды. Бір өкініштісі сол Мұрат Сыдықовтың қайталанбас мол мұрасын бүгінгі жастар арасында өз дәрежесінде насихаттап жүргеніміз жоқ. Аудан орталығында аудандық Мәдениет орталығы мен Зейнолла Шүкіров атындағы Мәдениет үйінде Мұраттың ән-күйлерін жастарға үйрететін үйірмелер ашылды. Бірақ олардың аты болмаса, заты жоқ, яғни өз дәрежесінде жұмыс істеп тұрған жоқ. Нақты айтсақ, ұстаз жоқ, ұстаз болса, оған еңбекақы төлейтін қаржы жоқ.

Бүгіндері сексеннің бедеріне шыққан Мұрат Сыдықов үшін, оның бай мұрасын халыққа таныту, насихаттау үшін  әлгіндей бағыттағы үйірме емес, Мұраттың мектебі қажет, күйдің қара шаңырағы керек. Ол ауданның мақтанышы Мұраттың мектебі болуға тиіс. Осы мектеп ішінде Мұрат Сыдықовтың мұражайы ашылса құба-құп, нұр үстіне нұр. Оған атақты сазгер, күйші, ақын, жырау Мұрат Сыдықовтың мол мұрасы, атақ-даңқы, абырой-беделі дәлел. Сондықтан біздің бұл талабымызға Үкімет назар аударып, мұны жүзеге асырады деген сенімдеміз. Бұл талабымызды Сыр өңіріндегі өнерсүйер қалың қауым қолдайтындығында сөз жоқ. 

Жұмабай ЖАҚЫП, 

Әнес ӘУЕЗОВ, 

Ерғали АБДУЛЛА, 

Қазақстан Журналистер 

одағының мүшелері,

 Жақсыбай ТӨРЕБЕКОВ, 

Мәдениет саласының ардагері, өлкетанушы

 

 

 

21.12.2024

Ұқсас жаңалықтар

ТӨРТІНШІ БЕЛЕС  БИІГІНДЕ
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері - 21.12.2024 694
Жамбыл ауданы:  Жерге – тыныс, елге – ырыс
Дариха ҮМБЕТИЯРОВА, журналист Жамбыл облысы Жамбыл ауданы - 20.12.2024 853
«Ауыл аманаты – ел аманаты»
Марат ҚҰЛИБАЕВ, Тараз қаласы - 20.12.2024 860
Талас ауданы:  Ілкімді жобаның  игілігін көргендер
Нұрболат АМАНБЕК, Жамбыл облысы Талас ауданы - 20.12.2024 854
Тоғыз жолдың торабындағы  Шу елінің ықыласы
НұрболатАМАНБЕК, Жамбыл облысы - 20.12.2024 865
Жуалы ауданы:   Бағдарлама  аясында  5,1 млрд  теңге  игерілді
Нұржан МАНАСҰЛЫ, Журналист, Жамбыл облысы Жуалы ауданы - 20.12.2024 638

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 11891
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 10815
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 14046
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 13009
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 18019