Дүниежүзіне тараған нашақорлық дерті күн сайын дендеп адамзат баласына тамырын тереңге жайып барады. Ұрпағымыздың санасын улайтын нашақорлық ғасыр дертіне айналып отыр. Нашақорлық, бұл – адамның денсаулығы мен еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне төнген зор қауіп. Есірткінің қармағына бір ілінген соң, қайтып одан құтылуы қиын дерт. Адамның денсаулығы – қоғам байлығы. Барлық адам өз денсаулығының сау болу жолдарын қарастыруы керек. Өйткені дені сау адамның көңіл күйі көтеріңкі болып, еңбекке әрқашан құлшына кіріседі. Халықта «Тәні саудың жаны сау» деп босқа айтпаған. Өйткені дені сау адам әркез көңіл күйі жоғары болып, жұмысын да жақсы істейді. Салауатты өмір сүргісі келетін әрбір адам зиянды жаман әдеттерден аулақ болуы тиіс.
Тарихтан белгілі, есірткі бағзы замандардан бері қолданылуда. Біздің заманымызға дейінгі 2700 жылдары Қытайда апиын пайдаланылған екен. Ал 1987 жылдан бастап дүниежүзілік нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес қолға алына бастады. Бүгінде бұл шаралардың еліміз үшін маңызы зор. Елімізде нашақорлықты тарату мен қолдану проблемасы кәмелетке толмағандар мен жасөспірімдер арасында өте өршіп тұр.
Есірткіге әуестік қалай басталады?
Көбінесе құрдастарының, достарының арасында әуестік болады. Олар алғаш рет қызығушылық, айналасындағы адамдардан ерекшеленбес үшін, өмірінде үлкен қиыншылықтардың болуы, біреулерге ерегісу немесе басқа адамға ықпал ету үшін, әдеттегідей нашар көңіл күй немесе іш пысқандықтан есірткінің дәмін татып көреді. Бір рет қолдансам ешнәрсе болмас деп ойлайды. Бірақ, өкінішке орай, бұл сұмдық есірткі бизнесі адам баласын өзінің торына шырмап алатынын ешкім пайымдамайды.
Есірткіні қолданудың салдары қандай?
- болашақта есірткісіз өмір сүре алмайды;
- жүйке жүйесі, бауыр, жүрек бұлшықеті , бүйрек бұзылады, өмір сүру ұзақтығы қысқарады;
- есірткі инъекциялық жолмен емделмейтін ауруларға айналады: ЖИТС, гепатит;
- есірткіні қолданатын адам қылмысқа жиі барады;
- достарынан айырылады, оның орнына «доза» тауып бере алатын немесе сізді қиындыққа итермелейтін адамдар ғана қалады;
- туыстарымен қарым-қатынас азаяды, өйткені нашақор жақын адамдарына тек азап әкеледі;
- жақсы жұмыс, оқу, мансап, өз отбасы, өмірлік перспективалар қол жетпейтін арманға айналады;
- нашақорлардың балалары дүниеге келгенде денсаулығында үлкен ауытқулар, психикалық бұзылулары болады;
- ылғи да күйзеліс үстінде жүреді. Олар есірткі қабылдаған соң өзін жайлы сезіне бастайды;
- нашақорлар суицидке жиі барады. Алғаш рет қолданып көрген кезінде де адам тыныс алуы немесе жүрегі тоқтап, қайтыс болуы мүмкін.
Нашақорлықтан емделу мүмкін бе?
Әрине, осының бәрі дұрыс өмір сүруге деген ұмтылысқа байланысты болмақ. Тіпті адамда емделуге деген ниет болмаса, түрлі әдістер, дәрі-дәрмектер мен оталардың өзі көмектесе алмайды. Дегенмен де кәсіби көмексіз есірткіге тәуелділіктен құтылу оңай емес. Бұл үшін науқасқа ұзақ уақыт пен күш-жігер, төзім керек. Бәрі адамның өзінің қолында.