Nege.kz порталының хабарлауынша, Қазақстандағы ең бай олигарх, «Қазақмыс корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 70 пайыз үлесін ұстап отырған Владимир Ким осы үлесін сатуға кетәрі емес сынды. Ол осы мәселеге қатысты Ресей олигархтары, ағайынды Ротенбергтермен келіссөздер өткізіпті. Бірақ оның нәтижесі әзірге белгісіз деседі.
Компанияны 2006 жылдан бері басқарған екінші акционер (акциялар үлесі 30%) Эдуард Огай орнынан кетіп, оның орнына жас маман Нұрахмет Нұриев тағайындалды. Портал дереккөзі: «Акционерлер Нұриевті транзиттік фигура ретінде қойып отырғаны түсінікті. Бәрі тыныш болса, Огай орнынан ешқайда кетпейтін еді. Соған қарағанда, Ким мен Огайға Жаңа Қазақстан аса ұнамаған сияқты. Содан да болар, егер жақсы баға ұсынылса, олар Қазақстандағы активтерін сатып, бизнестерін Ресейге ауыстыруға мүдделі. Владимир Ким өз компаниясынан қарыз алып, компанияға тиесілі 8 миллиард теңге қарызын төлемей, оны шығындарға жатқыза салыпты. Былтыр күзде, Қаңтар оқиғасына дейін «Қазақмыстан» 217 миллиард теңге тағы да қарыз алған. Владимир Кимге оңай қарыз беретін «Қазақмыс» басқа банктерге 77 миллиард теңге қарыз. Осыны ескерсек, Назарбаев тобының бизнестерін Қазақстаннан Ресейге ауыстыра бастағаны байқалады. Түренге алғашқы соқаны Назарбаевтың өзі салды. Оның қаржылық тобы Ресейдің Азия-Тынық мұхиты банкін сатып алды. Банкке уақытша қазақ қаржыгері Қайрат Алтынбеков басшылыққа келді. Енді Назарбаевтың артынан оның олигархтары да кететіні сөзсіз. Осылайша, Владимир Ким, Тимур Құлыбаев, Екібастұздағы апаттан кейін Александр Клебанов – бәрі де Ресейге қарап, «ұлып» отыр...» – деп жазады. Бұл дақпырттың қаншалықты рас-өтірігі алдағы уақытта белгілі болмақ.