Жамбыл ауданы егін және мал шаруашылығын дамытуға өте қолайлы өңір. Жергілікті тұрғындардың басым көпшілігі осы салаларға бет бұрған. Олар егін шаруашылығын өркендетуге, төрт түлікті асылдандыруға арналған мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалануда.
Бүгінде мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көріп, шаруасын шалқытып отырғандардың бірі – Көлқайнар ауылдық округіне қарасты Тастөбе ауылының тұрғыны Пернебек Дәулетбаев. Ол осыдан біраз уақыт бұрын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Жамбыл облысы филиалы арқылы 4 миллион теңге несие алып, сегіз бас жылқы сатып алған. Бүгінде сол жылқыларынан біршама табыс та тауып отыр.
Соңғы уақытта жылқы етіне, ұлттық сусынымыз – қымыз бен саумалға сұраныс артқан. Бұл – өз кезегінде жылқының бабын тауып, сары қымызын сапырып отырған азаматтар үшін пайда табудың таптырмас жолы. Пернебектің ендігі мақсаты – малының басын көбейтіп, жылқы бордақылаумен айналысу.
«Көптен бергі арманым кәсіпкерлікпен айналысып, табыс табу еді. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында сол арманым орындалып келеді. Көмектесіп, қолдау көрсеткен аудандық кәсіпкерлік палатасының мамандарына, қордың облыстық филиалы қызметкерлеріне алғысым шексіз», – дейді ол.
Осы ретте айта кететін жайт, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Жамбыл облыстық филиалы мал шаруашылығын дамытамын деген кез келген ауыл тұрғындарына 10 жылға 6 пайызбен 30 млн теңгеге дейін несие береді. Негізгі борыш бойынша 2 жыл жеңілдік мерзімі бар.