Нұр-Сұлтан қаласында демалыс күндері өтетін апта сайынғы ауылшаруашылық жәрмеңкесі басталды. 11 маусымда елорда кәсіпкерлері өз өнімдерін жәрмеңкеге шығарды.
Биыл тұрғындардың өтініші бойынша ауылшаруашылығы жәрмеңкесін өткізу орны былтырғы «Хан Шатыр» СОО жанындағы алаңнан «Барыс Арена» мұз сарайына қарама-қарсы тұстағы аумаққа ауысты.
– Бүгіннен бастап елордада Нұр-Сұлтан қаласының тауар өндірушілерінің, кәсіпкерлерінің қатысуымен дәстүрлі ауылшаруашылығы жәрмеңкелері басталды. Жәрмеңкеде түрлі өнімдер ұсынылған: көкөністер, жемістер, сүт өнімдері, ет және басқа да өнімдер. Мұнда бірінші қажеттіліктегі азық-түлік құны оны жеткізу, жол шығындарын ескере отырып, бекітілді, – деді Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы азық-түлік қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Руслан Ыдырысов.
Сондай-ақ, ауылшаруашылығы жәрмеңкесіне елордаға жақын орналасқан Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының кәсіпкерлері де қатысты. Кәсіпкерлердің айтуынша, өнімдер тез сатылып жатыр, ал бағалар қалыпты бағадан 10-15%-ға төмен. Ауылшаруашылығы тауарын өндірушілердің негізгі бөлігі жәрмеңкеге жылда қатысып жүрген кәсіпкерлер.
– Көкөніс пен жеміс сатамын. Бағасы арзан, барлығы көңілімізден шығады. Бүгін бірінші күн. Өнімдеріміз қазірдің өзінде жақсы өтіп жатыр. Жұрт негізінен қияр, қызанақ, алма, қара өрік алады. Мен мұндай жәрмеңкеге екінші рет қатысып отырмын, бұл – кәсіпкерлер үшін жақсы мүмкіндік, – дейді кәсіпкер.