Жалпы жер планетасының биосферасын микроорганизмдерсіз елестету мүмкін емес. Сонымен қатар адам ағзасында да көптеген шартты және шартсыз патогенді микроорганизмдер кездеседі. Соның ішінде микробтардың жеке бір түрі – туберкулез микробактериясы туралы тоқтала кетсек. Адамдардың көпшілігі туберкулез тек өкпеде ғана ауру туғызады деген жаңсақ пікірде екенін айта кетсек жөн болады. Алайда адамның ағзасын жалпылама анатомиялық, физио-молекулалық дәрежеде қарайтын болсақ, қайнаған үдерістердің өзара гармониялық үйлесімділігін тапқан біртұтас механизмге ұқсайтынын байқаймыз. Сол себептен ағзаға түскен кез келген бөгде дене (микробтар) кең таралған локализацияда кездесуі бек мүмкін екеніне көз жеткіземіз. Оның үстіне бүкіл әлемдік денсаулық сақтау ұйымының соңғы мәліметтері бойынша планетамыздың тұрғындарының үштен бір бөлігінде латентті түберкулезбен инфицирленгенін айтады. Сонымен туберкулез микобактериясының өкпеден басқада ағзаларда кездесетін локализациясын айтсақ, олар сүйек буын бөлімі, асқазан ішек жолдары, зәр шығару жолдары, лимфа түйіндері, көз ағзасы, тері жамылғысы т.с.с. Ендігі мәселе бұл ағзаларда (ТБ) анықтау диагностикасының өзіндік ерекшелігі, бүгінгі таңдағы үлкен мәселе. Мысалға омыртқаның туберкулезді қабынуы кезінде оның клиникалық көрінісі бірнеше омыртқа кеселдерінің симптомдарымен ұқсас болуында (омыртқа сүйектері остеомиелиті, онкология, остеохондроз, омыртқа дискілерінің жарығы, т.с.с.). Соның қатарында перифериялық лимфа түйіндері (операциядан кейінгі материалды бактериологиялық, патоморфологиялық зерттеулерден кейін диагноз нақтыланады) немесе кез келген абсцесс, флегмоналардың спецификалық бактериологиялық, гистологиялық зерттеулері толыққанды тексерілмей қалуына байланысты науқастардың көпшілігіне диагноз кешеуілдеп қойылуында шығар. Тіпті кейбір созылмалы кеселдердің (созылмалы ішек жабысқақ ауруы, гинекологиялық кеселдер) диагностикасы тек оперативті емнен кейінгі патоморфологиялық нақтылаумен анықталып жатады. Қазіргі таңда елімізде түберкулезді анықтайтын заманауи лабораториялық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Туберкулезді емдеу жолдары да соңғы әлемдік ғылыми клиникалық дәлелденген үрдістерге негізделген.