Олимпиададағы әттеген-айлар!..

Олимпиададағы әттеген-айлар!..

Олимпиада ойындары – әлемдік спорттық аламандардың ең биік шыңы. Сол себептен де белгілі бір елдің спорттық әлеуетіне баға бергенде, олимпиадалық ойындарда қол жеткізген командалық ойын нәтижесіне жүгінеді. Осы тұрғыдан келгенде Қазақстан спртшылары кейбір спорт түрінен тәп-тәуір өнер көрсетсе де, «әттеген-ай» деп өкінетін тұстары да болмай қалған жоқ.

Жалпы алғанда, балуандарымыз барлығы 17 жолдама жеңіп алған болатын. Соның ішінде дзюдодан 6 жолдама, еркін күрестен – 5, грек-рим күресінен – 3 әйелдер күресінен – 3 жолдама. Алайда, дзюдодан Елдос Сметов алғашқы қола жүлдені салғанымен, өкінішке орай, басқа бірде-бір татами шебері жанкүйерлерді қуанта алған жоқ. Рио олимпиадасында үшінші сатыдан көрінген Отгенсетсег Галбадрах (48 келі) бұл жолы алғашқы айналымнан өте алмады. Ерлер арасында 66 келіде ел намысын қорғаған Ерлан Серікжанов алғашқы кездесуінде атақты Орхан Сафаровты (Әзірбайжан) қапы қалдырғанымен, 1/8 финалда М. Ломбардадан айласын асыра алмады. Ел сенім артқан Жансай Смағұлов та бір жеңіспен тоқтады. Ол екінші кездесуде канадалық А.Маргелдонға жол берді. Сол секілді 82 келіде күрескен Дидар Хамза монғолиялық легионер С.Моллайға есе жіберсе, 90 келі салмақта сынға түскен Ислам Бозбаев екінші айналымнан өте алмады, ол М.Медиевке ұтылды.

Әйелдер күресінен 76 келі салмақта кілемге шыққан Эльмира Сыздықовадан медаль күткен едік. Алайда, Риодада қола жүлдемен қуандырған аруымыз бұл жолы алғашқы белдесуде-ақ қырғызстандық балуан қыз А. Медетқызына жол берді. Бұл біз үшін күтпеген жағдай болғанын мойындауымыз керек. Себебі, Эльмира осы Олимпиадағы өз салмағындағы басты фавориттердің бірі еді. Бұл күрес түрінен 50 келіде кілемге шыққан Валентина Исмайлова мен 53 келіде өнер көрсеткен Татьяна Ахметова да алғашқы айналымнан өте алмады. Айтып өтетін нәрсе, Рио-де Жанейрода сынға түскен төрт балуан қыздарымыздың үшеуі жүлдемен оралған еді.

Бұл төртжылдық додада грек-рим күресінің шеберлері де сенімді жермен-жексен етті. Олимпиадада жүлде салады деген Мейрамбек Айнағұлов (60 келі) қырғыз балуанынан оңбай ұтылса, 77 келі салмақтағы Демеу Жадраев жапон балуанына жол берді. 87 келіде кілемге шыққан Нұрсұлтан Тұрсынов та сылбыр өнер көрсетіп, іріктеу кезеңінен өте алмады.

Күрестің еркін түріне келсек, боз кілемге шыққан бес балуанымыздың үшеуі – Дәулет Ниязбеков (65 келі), Әлішер Ерғали (97келі), Юсуп Батырмырзаев (125 келі) алғашқы кездесуде-ақ қарсыластарынан ойсырай ұтылды. Ал, 74 келіде өнер көрсеткен Данияр Қайсанов алғашқы үш қарсыласынан да басым түсіп, жартылай финалда күресуге жолдама алған еді. Финалдық айқас үшін болған кездесуде Данияр екі дүркін әлем чемпионы, ресейлік З. Судаковқа тап болып, 0:ІІ есебімен ойсырай ұтылды. Жұбаныш белдесуде де Данияр еш қайрат көрсете алмады. Ол өзбек балуанына жол берді.

Бұл күресте 57 келі салмақта белдескен Нұрислам Санаев алтын жүлде үшін белдеседі деп күткенбіз. Алғашқы кездесуін Гвинея – Бисау елінің өкілі Иуна Фафе Диамантиноға қарсы өткізген жерлесіміз 7:0 есебімен жеңіске жетті. Ал, ширек финалдағы қарсыласы тіпті азулы болатын. Әлем чемпионы, жапондық Юки Такахашимен жолы түйіскен Нұрислам 6:4 есебімен ұтып кетті. Осылайша кішігірім сенсация жасаған Санаев жартылай финалда Үндістанның даңқты балуаны Рави Кумарға есе жіберді. Ал, қола жүлде үшін жекпе жекте қазақ балуаны намысты қолдан берген жоқ. Тастүйін кілемге бет алған жерлесіміз болгариялық Г. Вангеловтан айласын асырып, қола жүлдені мойына тақты. Лондон Олимпиадасында (2012) даңқты велошабандоз Александр Винакуровтың жеңімпаз жолын жалғайтын велопедші табылмай тұр бүгінде.

Спорттың падишасы саналатын жеңіл атлетикадан бұл жолы Қазақстан қоржынана бір де бір жүлде түскен жоқ. Тіпті, бір олжа салады деген секіруші Ольга Рыпакова доданың финальдық кезеңіне де өте алмады. Осылайша, бұған дейін үш Олимпиадаға қатысып, үшеуінде да олжа салған даңқты спортшымыз тұңғыш рет төрт жылда бір келетін басты додадан жүлдесіз оралды. Ел сенім артқан тенисшілеріміздің нәтижесі де көңіл көншіткен жоқ. Керек десеңіз, бұл спорт түрінен біздің қыздарымыз жазғы Олимпиада ойындарындағы алғашқы «сенсацияны» жасап, көзге түсті. Байрақты бәсекеде ел үміт артқан үш бірдей тенисшілеріміз – Зарина Дияс, Юлия Путинцева және Ярослова Шведова күннің ыстықтығын желеу етіп, жарысын жалғастырудан бас тартты. Спорттың жаяу жүріс, қазіргі бессайыс, үстел тенисі, семсерлесу, көркем гимнастика, байдарка мен коноэде ескек есуден де қайыр болмады.

Біздің спортшылар жүзу спортынан үш жолдама жеңіп алған еді. Оның екеуі Рио Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландиннің еншісінде болатын. Алайда, ол да жарыс жолын ақтық сынға жетпей тамамдады. Садақ атудан да біздің жігіттер діттеген жерден шыға алмады. Сөйтіп, біз байырғы атқыштар мен садақшылардың ұрпағы екенімізді әлемге мойындата алмадық.

Су добынан Қазақстанның ерлер құрамасы командалық сайыс түрлерінен жарысқа қатысқан жалғыз команда болды. Олар Олимпиадаға сегіз жылдық үзілістен кейін оралған еді. Бірақ, Токиода өте сүреңсіз ойын өрнегін көрсетті. Соңғы күнге дейін отандық ватерполшылар жеңілістен көз ашқан жоқ.

Тек ойындардың соңғы күндерінде қаратэшілеріміз қарсыластарына аздаған қайрат көрсете білді. 67 келіде сынға түскен алтын үміткеріміз Дархан Асәділов пен 61 келіде өнер көрсеткен Софья Берульцева қос бірдей қоланы қоржынға басты.

Жасыраты жоқ, мұндай әлемдік додаларда еліміздің абыройын асқақтатып жүрген спорт түрінің бірі – бокс болатын. Өкінішке орай, биылғы байрақты бәсекеде біздің былғары қолғап шеберлеріміз Қазақстанның «бокс державасы» екенін дәлелдей алмады.

Ақтық сында өнер көрсету үшін Қазақстан боксшылары арасында жалғыз өзі қалған Сәкен Бибосыновқа (52 келі) да ел қатты сенім артты. Алайда, Ұлыбританиялық Джалал Яфайға қарсы жұдырықтасқан жерлесіміз төрешілердің шешімімен жеңіліс тапты. Қазақстанның бокс құрамасының Олимпиададағы жорығы осылайша адам айтса сенгісіз толық «нокаутпен» аяқталды. Өкініштен өзек өртенеді. Бірақ, қолдан келер қайран жоқ.

 

Болат ШАРАХЫМБАЙ
12.08.2021

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
«Жуалы жайсаңдары» аудандық жастар сыйлығының иегерлері анықталды
Show more
Жуалы аудан әкімдігі - 2021-12-03 52
2
САРЫСУҒА «PFIZER» ВАКЦИНАСЫНЫҢ 300 ДОЗАСЫ КЕЛДІ
Show more
Сарысу ауданы әкімінің Баспасөз қызметі - 2021-12-03 46
3
Дінмұхаммед жаңа жылды жаңа үйде қарсы алады
Show more
Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі - 2021-12-03 65
4
Тәуелсіздік тұғыры орнаған 30 жылда Маңғыстауда балабақшалар саны 3 есе артты
Show more
- 2021-12-03 32
5
Жамбыл ауданының әкімі ҚР Парламенті Сенатының тыңдауында баяндама жасады
Show more
Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі - 2021-12-03 62