Облыстық «Өнерлі өлке» өнер фестивалі аясында Кентау қаласының мәдени күндері жалғасуда.
Бүгінгі шара «Береке бастауы» ауыл шаруашылық өнімдері, кондитерлік және тағы басқа өнімдердің жәрмеңкесінен бастау алды. «Жаңа бағыт» заманауи қолөнер түрлері көпшілікке көрсетілді. Оның ішінде Кентау қаласында сұранысқа ие робототехника құрылғылары, аппаратпен ағаш кесу, гипстан түрлі дүние жасау секілді туындылар бар.
Бүгінде Кентауда жетістігі мол сурет көрмесі және «Мен кәсіпкер боламын» балалардың көрме-жәрмеңкесі салтанат құрды. Көпшілікті тәнті еткен балалардың өнері көпке үлгі.
Аламан алаңда «Дала дүбірі» ұлттық спорттық ойындарда тұрғындар сайысқа түсті. Этноауылда ұлттық спорт түрлерін насихаттау мақсатында асық ату, қой көтеру, нысана дәлдеу, қазақша күрес, қол күрес, тоғызқұмалақтан тартысты сайыстар өткізіліп, каратэ-до-шотокан, көркем гимнастика шеберлері көрермендерді өнерлерімен тамсандырды. Жарыс қорытындысымен жеңімпаздар ұйымдастырушылар тарапынан диплом және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Этноауыл сахнасында «Балалықтың аспаны» Кентау қаласы оқушылар үйінің және саз мектебінің концерттік бағдарламасы өткізілді. Онда әсем әуендер шырқалып, мың бұралған бишілер түрлі жанрда би билеп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Аға буындар бүлдіршіндермен бірге батпырауық ұшырып, балалар әлеміне саяхат жасады.