Орал қалалық мәдени-ағарту бірлестігіне қарасты «Ардагер» клубының «Асыл әжелер» вокалдық тобы Алматы қаласында өткен халықаралық өнер фестивалінде бас жүлдеге ие болды.
Алматы қаласында «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчестволық бірлестігі ұйымдастырған «Өмірлері өнермен өрнектелген» атты аталмыш өнер байқауына еліміздің бірқатар қалаларымен бірге Өзбекстан, Қырғызстан, Грузия секілді шет мемлекеттердің өнерпаздары да қатысқан. «Ардагер» клубының меңгерушісі Надия Мағзомова атап өткендей, үміткерлердің арасынан суырылып алға шыққан оралдық әжелер жеке орындаушылық бағыттар және номинациялар бойынша топ жарған. Жеке орындаушылық бағыт бойынша Жаңылай Арстанова, Дәметкен Арстанова, Сұлушаш Турниязова әжелеріміз жүлделі І орынды иеленсе, «Қолөнер» номинациясында Сәуле Нұрғалиева әжей бас жүлдені жеңіп алған. Оған қоса топ мүшелерінің барлығы «Ұлт абыройы» төсбелгілерімен марапатталған. Байқауда вокалдық топ «Абай арманы» (Қ.Аманжолов, Ә.Сүлейменов), «Жасай бер, қазақ!» (С.Жиенбаев, Е.Хасанғалиев), «Хадиша апа» (М.Бердәлі, Ә.Сүлейменов) әндерін орындаса, жеке орындаушылар «Ауылым – әнім» (Б.Тәжібаев, Е. Хасанғалиев), «Сарыарқа» (Ш.Сариев, С.Бәйтереков), «Дүңген қызы» (С.Асанов, Ш.Қалдаяқов) әндерін әуелете шырқады.
– «Асыл әже» вокалдық тобы ұлттық құндылықтарды насихаттау, халық әндерін бүгінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында 2017 жылы құрылды. Он адамнан құралған шығармашылық топ осы уақыт аралығында облыстық, аймақтық, республикалық, халықаралық өнер сайыстарында жүлделі орындардан көрініп үлгерді. Әжелердің вокалдық тобының бұл жеңістеріне танымал сазгер, ҚР Мәдениет қайраткері, топтың көркемдік жетекшісі Әділбек Сүлейменов пен топ жетекшісі, көптеген байқаулардың лауреаты Жаңылай Кәримоллақызының сіңірген еңбектері зор, – деді «Ардагер» клубының меңгерушісі Н.Мағзомова. Бүгінгі таңда «Асыл әжелер» тобының репертуарында қазақ әуендерімен бірге өзге ұлттың шығармаларынан құралған 50-ден астам әннің жинақталғанын айтты.