Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы әртараптандыру, өңдеуші өнеркәсіпті дамыту және импортты алмастыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында еліміздің өңірлерінде бірқатар жаңа өндіріс, логистикалық және әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Жаңа жобалар отандық өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, экспорт әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруде.
Айталық, Алматы облысының Қарасай ауданында жалпы құны 4,7 млрд теңгені құрайтын металл конструкциялары мен бетон өндіретін зауыт іске қосылды. Кәсіпорын жылына 10 мың тонна металл конструкциясы мен 300 мың текше метр бетон шығаруға қауқарлы. Сонымен қатар мұнда сэндвич-панельдер мен модульдік ғимараттар да өндіріледі. Зауытта 80 жаңа жұмыс орны құрылып, өндірілген өнім ішкі нарықпен қатар Қырғызстан мен Өзбекстанға экспортталмақ.
Өңірдегі тағы бір ірі жоба – Қарасай ауданында ашылған «А» санатындағы заманауи логистикалық кешен. Жалпы аумағы 50 гектарды қамтитын жобаның бірінші кезеңіне 20 млрд теңге инвестиция тартылған. Ал жобаның жалпы құны 70 млрд теңгені құрайды. Кешен 3PL логистикалық қызметтерін көрсетеді, ал қоймалардың жалпы ауданы 160 мың шаршы метрге дейін ұлғаяды. Жоба толық іске асқанда 1 200 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда мұнда 135 адам еңбек етуде.
Қызылорда облысының Арал қаласында түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіретін зауыт пайдалануға берілді. Құны 3 млрд теңгені құрайтын жоба «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы жеңілдетілген қаржыландырудың қолдауымен жүзеге асқан. Зауыт жылына 400 тоннаға жуық өнім шығарып, тәулігіне 20 мың литрге дейін түйе сүтін өңдей алады. Кәсіпорын жергілікті мал шаруашылығын дамытуға үлес қосып, 23 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Бұдан бөлек, Арал қаласында жоғары сұрыпты ас тұзын өндіретін жаңа кәсіпорын да іске қосылды. Жобаның құны – 1,8 млрд теңге. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты 40 мың тоннаны құрайды. Мұнда 20 тұрақты жұмыс орны ашылған. Өндірілген өнім ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, көршілес мемлекеттерге экспортталады.
Түркістан облысындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында ламинат шығаратын жаңа зауыт жұмысын бастады. Құны 5 млрд теңгені құрайтын жобаның алғашқы кезеңінде жылына 840 мың шаршы метр ламинат өндіріліп, 65 адам жұмыспен қамтылды. Жобаның екінші кезеңі іске қосылғаннан кейін өндіріс көлемі жылына 2,4 млн шаршы метрге дейін ұлғайып, тұрақты жұмыс орындарының саны 150-ге жетеді.
Өңірлерде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да қатар жүргізілуде. Ақтөбе облысының Алға ауданында жүзу бассейні мен футбол алаңы бар жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Жалпы аумағы 3 мың шаршы метрді құрайтын нысан тәулігіне 150 адамға дейін қабылдай алады. Бұл кешен ауыл тұрғындарына, әсіресе жастарға бұқаралық спортпен тұрақты айналысуға мүмкіндік береді.
Көлік-логистика саласында да маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – Атырау мен Грузияның Батуми қаласы арасындағы жаңа тікелей әуе бағытының ашылуы. Airbus A320 әуе кемелерімен аптасына бір рет орындалатын рейстер екі ел арасындағы көлік байланысын нығайтып, туристік және іскерлік қарым-қатынастың дамуына жаңа мүмкіндік береді.
Жалпы, өңірлерде жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар экономиканың нақты секторын дамытуға, импортқа тәуелділікті төмендетуге, экспорттық әлеуетті арттыруға және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік саясаттың нәтижесін көрсетеді. Өндіріс орындарының көбеюі, жаңа логистикалық инфрақұрылымның қалыптасуы мен әлеуметтік нысандардың салынуы ел экономикасының орнықты дамуына негіз қалайды.
Елқуат Елтөре















