Орал қалалық білім беру ұйымдары ҚР Премьер-министрінің «2020-2023 жылдардағы каникул кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, олардың бос уақытын және жұмыспен айналысуын ұйымдастыру туралы өкімі» бойынша жұмыстар жүргізуде.
Демалыс пен бос уақытты ұйымдастыруда түрлі санаттағы отбасы оқушыларын бірінші кезекте қамту білім беру ұйымдары жұмысының басым бағыты болып табылады. Қалалық білім беру бөлімінің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сүйенсек, 2021-2022 оқу жылында шаһар мектептерінде 1363 әлеуметтік аз қорғалған отбасылардың балалары білім алған. Жаз айларында елу мектепте өткізілген «Жазғы мектептер» 40198 оқушымен қамтылған. Аталмыш бөлімге қарасты «Атамекен» қалалық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығында 3 айда 1500 оқушы демалады деп жоспарланған. Оның ішінде әлеуметтік жағынан аз қорғалған, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған ұл-қыздар саны – 400.
Қаланың 45 мектебіндегі тамақтануы ұйымдастырылған лагерьлерде – 7590, елу мектептегі және екі қосымша білім беру ұйымындағы тамақтану ұйымдастырылмаған лагерьлерде 30 маусымға дейін 34655 бала жазғы демалыс күндерін өткізген. Биыл алтыншы жыл қатарынан қала мектептері жанындағы лагерьлерде бағдарлы алаңдар жұмыс жасауда. Барлық мектепте үш тілді оқыту алаңдары, интеллектуалдық алаңдар жоспарлы жұмыс жасайды. 574 әлеуметтік аз қорғалған жанұяның балалары мектеп жанындағы тамақтануы ұйымдастырылған лагерьлерде тыныққан.
Ал «Мирас», «Рахат» шатырлы лагерьлері биыл оныншы жыл қатарынан ұйымдастырылып, оған елу мектептен 1700 оқушы тартылған. Мұнда олар туристік-өлкетану бағытында жұмыс жасап, ғылыми жоба жарыстарына дайындық жүргізеді. 2011 жылдан бері жұмыс жасайтын «Қайсар» патриоттық лагерінде осы жылы мектепішілік және жергілікті полиция бақылауында тұрған, өмірін Отан қорғау ісіне арнағысы келетін 230 ұл бала демалуда.
26 маусым мен 1 шілде аралығында Нұр-Сұлтан қаласына 50 аз қамтылған отбасы оқушыларына саяхат ұйымдастырылған. Ал осы санаттағы тағы 100 бала Бурабай курорттық аумағына саяхаттап қайтады. Тамыз айында тағы 50 жеткіншек үшін Түркістан қаласына саяхат ұйымдастырылады.
Жалпы жазғы демалыспен қамту өткен жылы 83 пайызды құраса, үстіміздегі жылы 88,6 пайызды құрайды деп күтілуде.