ҚР Цифрлық даму министрлігінің «Smart City» тұжырымдамасына сәйкес жарияланған «ақылды» қалалар рейтингісі бойынша Орал қаласы үздік бестіктің қатарына енген. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында елді мекендерді цифрландыру мәселесі бойынша баяндама жасаған БҚО Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Нұрсұлтан Нұрлан мәлімдеді.
Басқарма басшысының баяндамасында келтірілгендей, аталмыш мекеме қоғам мен экономиканың даму үлесін арттыру бағытында, цифрлық трансформация есебінен тиімді мемлекеттік басқаруды енгізу бойынша жұмыстар атқарып келеді.
– Басқарма үш бағытта жұмыстанады – телекоммуникация, цифрлық трансформация және мемлекеттік көрсетілетін қызмет сапасын ішкі бақылау. Басқарманың телекоммуникация саласы бойынша атқарып жатқан жұмыстарына тоқтала кетсем, өңірде ауылдық елді мекендер саны – 416, оның ішінде 305-інде интернетке қолжетімділік бар, – деді Нұрсұлтан Нұрлан.
Келтірілген деректердің ішінде облыс орталығы – Орал қаласында да бірқатар жұмыстар атқару жоспарланғаны айтылды. Айталық, басқарма тарапынан ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп дайындалған Жол картасынан Орал қаласы да тыс қалмапты. Яғни Орал қаласы мен ауылдарды байланыс және интернет желісімен қамтуға бағытталған Жол картасы бойынша байланыс операторларымен келіссөздер жүргізіліп жатқаны белгілі болды.
Былтыр «Кселл» АҚ (Кселл) және «Кар-Тел» ЖШС (билайн) байланыс операторлары облыстың 104 ауылдық елді мекенінде байланыстың сапасын қамтамасыз ету және жақсарту жұмыстарын жүргізсе, биыл 84 елді мекенмен бірге Орал қаласын да мобильді интернетпен қамту және сапасын жақсарту жоспарланыпты. Сондай-ақ тұрғындарды стационарлық интернетпен қамту үшін өңірдегі ірі байланыс операторлары сымды және сымсыз технологияларды пайдаланып, Орал қаласында және аудандарда дилерлік желі арқылы жұмыстар жүргізуде. «Қазақтелеком» компаниясының «Ауылдағы цифрлық серіктес» және басқа да жобаларына 18 ауыл қамтылған. Интернетпен қамту жұмыстарында облыс орталығындағы жеке секторлармен бірге саяжай тұрғындары да ескерусіз қалмаған. Бұл ретте басқарма басшысы Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясымен бірлесіп электр тіректерін қолдану арқылы операторлар жұмыс атқарып жатқанын баяндады.
Цифрландыру бағыты бойынша ҚР Цифрлық даму министрлігінің «Smart City» тұжырымдамасына сәйкес жыл сайын өткізетін ақылды қалалардың рейтингісі биыл да жарық көрген.
– 2023 жылдың І тоқсанындағы рейтингке сәйкес Орал қаласы 50% нәтижемен үздік бес қаланың қатарында орналасты. Аталған рейтинг облыстың даму жоспарының көрсеткіші болып табылады, онда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қауіпсіздік, денсаулық сақтау, білім беру, көлік, экология, жер қатынастары салалары есепке алынады, – деді басқарма басшысы.
Қаладағы қауіпсіздік мәселесі де өзекті. Облыс орталығындағы қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында ағымдағы жылдың соңына дейін 15 жылдамдық өлшегіш орнату жоспарланған.