Республикалық пәндік олимпиаданың облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша Орал қаласы командасы көш басындағы орнын сақтап қалды. Қала мектептерінен облыстық кезеңге жолдамамен қатысқан 77 оқушының 53-і жүлдегер атанып, сегізі алғыс хатқа ие болды.
Мұндай қуанышты хабарды Орал қалалық білім беру бөлімінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі 24-30 наурыз аралығында қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 8 пән және жаратылыстану-математика бағытындағы 6 пән бойынша өтті. Оған жалпы білім беретін және мамандандырылған мектептерден 540 оқушы қатысқан.
Облыс оқушыларының білім деңгейі сыналған додада қала мектептерінен 9 оқушы – бірінші, 24 оқушы – екінші, 20 оқушы – үшінші орынға ие болса, 8 оқушы – алғыс хатқа ие болған. Нәтижесінде командалық рейтинг бойынша І орынды Орал қаласының құрама командасы, ІІ орынды дарынды балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» мектеп-лицей-интернаты, ІІІ орынды дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты иеленіп, кубок және дипломмен марапатталды.
Орал қаласы командасы өткен жылы да көш бастағанын атап өту керек. Былтыр 9-11-сыныптардан олимпиаданың облыстық кезеңіне 86 оқушы қатысып, 48-і жүлделі орындарды қанжығалаған. Сондай-ақ 5-6-сынып оқушылары арасындағы олимпиада бойынша өткен жылы облыстық кезеңге 12 оқушы қатысып, 10-ы жүлдегер атанса, республикалық кезеңге жолданған төрт оқушы да жүлделі орындарды иеленіпті. Биыл 5-6- сыныптар арасындағы оқушылар олимпиадасының облыстық кезеңіне 16 шәкірт жолданып, барлығы да жүлдегерлер қатарынан табылған. Ал республикалық кезеңіне қатысқан жеті оқушының алтауы жүлдегер атанған.