Отандық кәсіпкерлікті дамыту – ұлы мұрат. Егер отандық кәсіпкердің шаруасы дөңгеленіп, өнімдері ішкі нарықты қамтамасыз етсе, тауар бағасының арзандауына септігі тимек. Отандық өнім – ел ырысы! Қаржы өз елімізде қалады. Экономиканың серпін алуына таптырмас мүмкіндік. Дамыған елдердің бәрінде отандық кәсіпкерлерді қолдау жолға қойылған. Барлық жағдай жасалған. Бәсекелестікке төтеп беру үшін мемлекет түрлі қаржылық қолдаулар көрсетуге дайын. Бұл жағынан біздің ел де кенде емес. Бүгінде елімізде шағын және орта бизнес аясында шаруасын дөңгелетіп, халықты жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер легі баршылық. Осыған байланысты ұлттық жоба аясында тұрақты экономикалық өсуді 5 пайызға, халықтың табысын 27 пайызға арттыру да көзделіп отыр. Ал жеңіл өнеркәсіпті қолдауға қатысты мамандар тарапынан айтылып жатқан ұсыныстар да баршылық. Мәселен, отандық кәсіп иелері осы мүмкіндікті тиімді пайдалана алса, жоба аясында қолдарына қаражат алып, тігін фабрикаларын ашуға, жеңіл өнеркәсіп саласына қатысты шағын кластерлер жұмысын бастауға болады.
Мемлекет басшысы да отандық кәсіпкерлікті үнемі қолдап келеді. 2023 жылғы 12 қыркүйекте «Ақорда» резиденциясында Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесу өткізді. Онда көп мәселе талқыланды. Президент өз сөзінде Қазақстан халқына Жолдауында елімізді дамытуға арналған тың тәсілдер ұсынғанына назар аударды. «Біз экономиканың өсімін кемінде 6-7 пайызға жеткізуіміз керек. Ол үшін бизнестің жеке бастамаларына барынша қолдау көрсету қажет. Осы бағытта біраз шаруа атқарылды. Дегенмен кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де болса бәсең, өз әлеуетіне сай емес деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, бізге шын мәнінде сапалы серпіліс қажет. Ең алдымен, мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасы мүлде жаңа үлгіге көшуге тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы мемлекет пен бизнесті жаңа «қоғамдық шарт» жасауға шақырды.
«Бұл шарттың мәнін былай сипаттауға болады: Мемлекет бизнестің дамуы үшін барынша қолайлы жағдай жасайды және жеке меншіктің толық қорғалуын қамтамасыз етеді. Өз кезегінде кәсіпкерлер өздеріне жүктелген міндетті, атап айтқанда, салық төлеу, экономикаға инвестиция құю, жұмыс орындарын ашу, қызметкерлеріне қолайлы еңбек орта қалыптастыру секілді міндеттерді адал орындайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, мемлекет пен бизнес арасындағы қатынас өзара сенімге негізделуі қажет. «Мемлекеттік аппарат әрбір бизнесменге заң бұзушы ретінде қарамауы керек. Мұндай ұстаным, түптеп келгенде, басқарудың репрессивті сипатына алып келеді. Мемлекет кәсіпкерлерге көмектесуге міндетті. Мұны ерекше атап өткім келеді: кәсіпкерлерге көмектесу керек. Ал кәсіпкерлер шағымданушы немесе қолдауға мұқтаж рөлінде көрінбей, мемлекеттік аппараттың теңқұқылы серіктесіне айналуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар Президент жуық арада шешуді қажет ететін басым міндеттерге тоқталып, ең алдымен, заң үстемдігін және жеке меншіктің қорғалуын қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті.
«Қылмысқа, оның ішінде экономикалық сипаттағы қылмысқа қарсы күрес тек қана заң аясында жүргізілуі керек. Мұндай асырасілтеушілік мемлекеттің мүддесіне ғана қайшы келмейді, сонымен қатар Қазақстанның деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев активтерді қайтару кезінде мемлекет пен бизнестің мүдделері арасындағы теңгерімді сақтауды келесі басымдық ретінде атап өтті. «Таяуда активтерді қайтару жөнінде заң қабылданды. Бұл заң активтерді қайтару шараларын бір мақсатқа жұмылдыруға бағытталған. Яғни, бұл – шын мәнінде, қоғамдық келісім актісі. Түптеп келгенде, бұл шара экономикамызды сауықтырып, әлеуметтік жікке бөлінушілік пен адамдар арасындағы алшақтықтың алдын алуға тиіс. Адал бизнеске, шетелдік және отандық инвесторларға бұдан қауіптенудің еш реті жоқ», – деді Президент.
Мемлекет басшысы еліміздің әлеуетті кәсіпкерлерін металлургия, химия, машина жасау және басқа да салаларда ірі жобаларды жүзеге асыруға атсалысуға шақырды.
«Сіздерде қаржы да, тәжірибе де жеткілікті, әлемдік нарықтарға шығатын байланыстар да бар. Сондықтан осындай жобаларды жүзеге асыру мәселесін қарастыруға шамаларыңыз жетеді. Елдің дамуына қаржы құюға дайын екендеріңізді көрсетіңіздер. Адал әрі өз еліне пайдамды тигізсем деген ниеттегі бизнес әрдайым құрметке лайық және олар мемлекеттің қорғауында болады. Ашығын айтайын, жоғарыда айтылған өндірістерге инвестиция салу активтердің түп төркінінің заңдылығын дәлелдеуге талпыныс ретінде қарастырылады. Егер сіз ие болған капитал тек меншік иесіне ғана емес, сондай-ақ ұлттық экономиканың игілігіне және Қазақстанның өркендеуіне қызмет етсе, онда бұл – ақшаның қайдан келгені жөніндегі сұрақты күн тәртібінен алып тастауға жақсы себеп. Алайда мұндай мәмілеге келу мүмкіндігі барған сайын азайып келеді. Оны да түсіну керек», – деді Президент.
Орта кәсіпкерліктің дамуын жеделдету – келесі маңызды міндет. Президенттің айтуынша, Қазақстанда шағын және ірі бизнес үшін өте жақсы жағдай жасалған. Сонымен қатар шағын бизнес кәсіпкерліктің аса маңызды саналатын орта буынына көшу үшін ынталандыру жұмыстары жетіспейді.
Орта кәсіпкер, біздің бақылауымыз бойынша, әлдеқайда ширақ, мобильді және құбылмалы нарықтық жағдайларға тез бейімделеді. Иә, соңғы 7 жылда ЖІӨ-дегі шағын және орта кәсіпкерлік үлесінің өскені байқалады. Бірақ бұл динамиканың негізгі қозғаушы күші – шағын кәсіпкерлік субъектілері. Олардың саны 46 пайызға көбейді. Осы орайда орта кәсіпкерлік тек 0,5 пайызға өсіп, экономикадағы үлесін 5 пайыздан 6,2 пайызға дейін арттырды. Бұл ретте ЭЫДҰ елдерінде оның үлесі орта есеппен 18 пайызға тең, ал жекелеген мемлекеттерде одан да жоғары, яғни 26 пайызға дейін. Дәл осы орта бизнесті, әсіресе өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпкерлікті қолдау үшін елімізде әлі күнге дейін ешқандай ерекше жағдай жасалмаған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бір қуанышты жаңалық – 2023 жылдан бастап кәсібі бар немесе кәсіп бастағысы келіп жүрген жастарға жылдық 2,5 пайызбен микронесие беріле бастады. Бастама 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде қолға алынып отыр. Онда кәсіпкерлік қызметті бастағысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысатын 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға конкурс негізінде микрокредит беру көзделген.
• Микронесие «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы беріледі. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5 пайыздан аспайды.
• Ең жоғары қарыз сомасы 5 млн теңгеге дейін және кепіл болуы міндетті.
• Микрокредитті кез келген мақсат үшін 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығына 7 жылға дейінгі мерзімге алуға болады. Негізгі берешек пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі көзделген, ол микрокредит мерзімінің үштен бірінен аспайды.
• Қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі:
• Жергілікті атқарушы органдармен кредит шарттарын жасасу;
• «Аграрлық несие корпорация» АҚ-мен жергілікті атқарушы органдардың тапсырма шартын жасасу;
• Бизнес-жобаларды қарау бойынша өңірлік комиссиялар құру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
• «Сіз хабарласатын, несие беру және бизнес-жоспарларды бағалайтын оператор – «Аграрлық несие корпорациясы». Оның барлық облыстарда, ірі қалаларда желісі бар, ең бастысы, несие ұсыну қызметі жақсы жолға қойылған. Бұл бізге процестің жылдам әрі кедергісіз жүзеге асатынын түсінуге мүмкіндік береді», – деді вице-министр Олжас Ордабаев сол кезде.
Оның айтуынша, егер жас кәсіпкер бизнесін агроөнеркәсіп кешені аясында жүзеге асыратын болса, онда несие 7 жылға, ал егер өзге салалар бойынша кәсіп ашса, онда 5 жылға беріледі. «Микронесиенің бұл жаңа түрі жастар үшін өте қолжетімді болады және мұндай несиенің Қазақстан қаржы нарығында баламасы жоқ. Сондықтан енгізіліп отырған қаржы құралы жастар кәсіпкерлігін дамытуға тың серпін береді деп сенеміз. Сонымен бірге жастардың жас мөлшерін 35 жасқа дейін ұлғайту туралы заң жобасы қазір Сенатта талқыланып жатыр. Егер бұл жүзеге асса, онда несиенің жаңа жобасының мақсатты аудиториясы да кеңейе түседі», – дейді ведомство өкілі.
Тарихы тереңге бойлаған дайын бизнес те саудаланады. Оны нарық тілінде «франшиза» деп атайды. Кәсіпкерліктің бұл түрі әлемде бизнесті жүргізудің прогрессивті формасы ретінде кең танылған. Дамыған елдерде франчайзинг қызмет көрсету саласының 50 %-ын, өндірістік саланың 15 %-ын қамтиды. Ал біздегі мұндай көрсеткіш 4-ақ пайызды құрайды. Сондықтан еліміз осы бағыттағы көлемді арттыруды көздейді.
Бұған дейін Отандық кәсіпкерлер кеңесі отырыстарында агроөнеркәсіп кешеніндегі, көлік және энергетика салаларындағы, сондай-ақ тау-кен металлургия кешеніндегі бизнестің мәселелері қаралып, оның қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берілген болатын. Үкімет мемлекеттік органдармен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесе отырып, аталған мәселелерді қарастырып, шешуді қолға алды. Сонымен қатар кеңеске қатысушылар бизнесті «таза парақтан» реттеу, тәуекелдерді басқару жүйесін автоматтандыру және «Атамекен» ҰКП трансформациясы бойынша жұмыстарды талқылады. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Қазақстанда кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа Реттеушілік саясатты енгізу мәселелері жөніндегі заң шеңберінде Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен және «Атамекен» ҰКП-мен, сондай-ақ бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, кәсіпкерлік қызметті реттеудің 44 саласына талдау жасады, атап айтқанда, 2 823 НҚА талданып, 128 119 талап анықталды.
ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 31 қаңтардағы отырысы аясында Премьер-министр Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, «таза парақтан» реттеу шеңберінде реттеушілік актілерге жүргізілген талдау қорытындылары бойынша дайындалған заңнамалық актілерге түзетулер әзірлеуді және Үкімет Аппаратына түзетулердің келісілген пакетін енгізуді тапсырды. Жоғарыда көрсетілген тапсырманы орындау мақсатында 61 заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін түзетулер әзірленді, жалпы 579, оның ішінде «Атамекен» ҰКП трансформациясы бойынша түзетулер көзделген.