Менің жеке пайымым бойынша, Қазақ елі дәл қазір үлкен дағдарыс үстінде тұр. (Елдің ынтымағы мен бірлігінің сыналар тұсы да осы кез). Оған себеп көп. Ең негізгісі – әлемнің ұйқысын қашырған қымбатшылық пен қырғи-қабақ соғыс! Маңайға көз салыңызшы, Украина мен Ресей, Израиль мен ХАМАС арасындағы қырғын, қансыраған Израиль мен Иран арасындағы текетірес ұзаққа созылып барады. Бұған кей адамдар жеңіл қарайтын секілді. Ол құптарлық дүние емес. Сақтанғанды ғана сақтайды Жаратқан Иеміз. Сондықтан Бауыржан атамыз айқандай «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды».
Шынымды айтайын, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты мен кейде аяймын. Ел басқару оңай жұмыс емес қой. Ол – бір. Екінші – өте зиялы тұлға! Дипломатияға жетік. Алыс және жақын шетелдерде қызмет жасаған. Көргені, көкірекке түйгені мол. Азуын айға білеген, қалтарыс-бұлтарысқа дейін сараптайтын саясаткерлердің көбі (шетелдің және өзіміздің) «былық-шылықтан ада, қолы таза» деп баға берді Тоқаевқа. Бұл тегін емес болар.
«Сынауға тіпті құмар кім көрінген, Әйтеуір кінә тауып бір жеріңнен» деп Мұқағали ақын айтпақшы, қазір не көп, сыншы көп. От басына, ошақ қасына, ағайын-туысына сөзі өтпейтіндер, «Қанденнің пілге үргені» сияқты, билікті сынауға дайын. Он адамды басқарып көрмегендер «ордалы ой» айтуға құмар. Жан-жақты бағамдап, салиқалы пікір айту қалып барады.
Иә, биліктің де өз қайғысы өзіне жетеді. Әріге бармай-ақ, кешегі Қаңтар оқиғасының өзі тарихтың алдында таразыға түсері анық. Кім кінәлі, жазасын алар. Қиын-қыстау кезеңде мұқатып, кекетіп не мұратқа жетеміз? Бізге дәл қазір елдікті сақтау маңызды...
Айту керек болса, билікті ағынды су шаймаған тоғанға теңерміз. Иістеніп кетті деп мұрнымызды тыржитармыз. Әйтседе жаңа арналар ашылып, тың ағыстар құйылып жатқанын неге көрмейміз? Ел болашағы – жастар өсіп келеді. Бәлкім солар жаманнан жиренер, жақсыдан үйренер, оған да көп қалған жоқ қой! Уақыт шіркін сынаптай сырғып өтіп жатыр.
«Президенттің орнында мен болсам «өйтер едім, бүйтер едім» деу оңай негізі. Кейде беліңнен шыққан өз балаңа бірде сөзің өтіп, бірде өтпей жататыны өтірік пе? Ағайын-туысыңа да солай. Кейде жағасың, қас-қабағын бағасың. Кейде ұнамай қаласың. Осыны біз әркез еске алып жүрсек, көп жерде ұтарымыз анық.
«Базардағы бағаны нарық бұзады» демекші, ол жақтағы сананы да түрлі идеялар өзгеріске түсіруі әбден мүмкін ғой? Ішкі-сыртқы саясат пен белгілі бір кландар арасында бітіспес майдан жүріп жататынын әлеуметтік желідегі шулаған жұрт, біз, қайдан білеміз? Білсек те бер жағын ғана қарпимыз. Тереңірек сүңги алмаймыз. «Тисе тереке, тимесе бұтаққа» деп билікке қарата тас ата беру жақсылық нышаны емес, ағайын.
Екінші Президент екі оттың ортасында отыр қазір. Өзіне дейінгі қордаланған проблемалар мен жаңадан бой көтеріп жатқан түйткілді мәселелер қаншама?
Халықтың тұрмысына алаңдайтыны әр сөзінен аңғарылады. Елді жайлаған қымбатшылық, өзге де көкейкесті мәселелер толғантпайды деймісің? Оңай емес!
Кім не демей жатыр қазір? Ақ ит кіріп, көк ит шығып жатыр ауыздардан. Біреудікі нысанаға дөп тисе, енді бірінікі лағып кетуде. Құдайшылығын айтайық, Тоқаевқа дейін кім шетелдік журналиске «халық көшеге кедейліктен шықты» деп айта алды? Демек, шындықтың жүзіне тура қарай алатын адам – Тоқаев!
Қазақта қосақ арасында кетіп қалатын адамды «тұзы жеңіл» деп жатады. Мен де Президент Тоқаевты сол қатарға жатқызар едім.
Елде болған көптеген апаттар мен келеңсіздіктер осы кісіні күтіп тұрғандай алдынан шыға келеді. Оған орман өрттері мен тасыған сулар, қираған шахталар мен құлаған ғимараттарды айтсақ та жетер.
Ең бастысы халыққа деген ниеті түзу! Олай болса, халқының қамсыз тіршілігін ойлап, бүгінгі қиын жағдайда елінің тарыққанын қаламай, әлеуметтік салаларға миллиондап қаржы бөліп жатқан мемлекеттер бізден бай емес.
Иә, көзі ашық, көкірегі ояу Президент Тоқаевқа да халқы үлкен сеніммен қарап отыр. Күйзелген елдің күйін күйттесе, жүзі де жарқын, ісі де берекелі боларын «қырық кісінің ақылы болады» деп дәріптелетін Президенттің білмеуі мүмкін емес қой.
Иә, ғаламды дағдарыс «елесі» кезіп жүр. Бұл да біздің билікке «Арық атқа қамшы ауыр» болғалы тұр. Әсіресе мұнай бағасының құбылып, доллар бағамының шарықтап кетуі де қайбір жақсылық дейсің! «Өткелден өтерде ат ауыстырмайды» деген сөз бекер айтылмаса керек. Бұл жайт біздің басқа да туып тұр.
Сонау жылдары Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында сөйлеген сөзінде «Бұл дағдарыс біз үшін, билік үшін сынақ...» деген еді. Сол сынақтан әлі шыға алмай келеміз. Демек, Ел Президенті ел ішіндегі көп жайдан хабардар. Сыртқы жаулардың да пиғылы таныс оған.
Осындай қысылтаң сәтте Президентке мүмкіндік беріп, тың қадамдарға баруына қолдау білдіру елге сын! «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дейді бабалар даналығы. Ендеше елдік мұрат жолында бірге болайық! Сонда бізді жау да алмайды, дау да алмайды.