Отырар ауданында екі мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр. Осы бағытта аудан әкімінің міндетін атқарушы Жансұлтан Сейтжанов ауданда салынып жатқан құрылыс нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Ең алдымен Отырар ауыл округіне қарасты М.Шойманов ауылындағы 150 орындық мәдениет үйінің құрылысын көріп, мамандармен кездесті. Аталған нысан 2023 жылы басталған болатын. 2024 жылға өтпелі. Тапсырыс беруші мекеме аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімі. Облыстық бюджеттің қаржысымен салынып жатқан мәдениет үйінің құрылысын жүргізуші мердігер «IT Invest company» ЖШС-нің өкілі құрылыс жұмыстары биылғы жылдың тамыз айында толық аяқталатынын жеткізді.
Мұнан соң Ақтөбе ауылдық округіндегі ауыл тұрғындарының сұранысы бойынша салынып жатқан 150 орындық мәдениет үйінің құрылысының барысын көрді. Бүгінде Ақтөбе ауылындағы мәдениет үйінің ғимараты 80 пайызға аяқталған. Қазір құрылысшылар ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мамандар онда 150 адамға лайықталған көрермен залы мен 50 орындық кітапхана болатынын айтады.