Отызында орда бұзған басылымымыздың халқымызға берері таусылмасын!

Отызында орда бұзған  басылымымыздың халқымызға берері таусылмасын!

«Қазақстан-ZAMAN»  газеті тәуелсіздігімізден кейін іле-шала дүниеге келген соң, оның алғашқы қарлығашы ретінде әспеттеліп жүр. Газетіміздің 1992 жылы 17 қаңтарда шыққан тұңғыш нөмірінде Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Тұрғұт Өзал түркі елдерінің өзара достығының, қатынасының алтын көпірі болады деген сеніммен баталарын беріп, тұсауын кесті. Мінеки, сол ұлы оқиғаның болғанына да міне 30 жыл өтіпті. «Қазақстан-ZAMAN» халқымыздың үкілеген үмітін, сенімін ақтады деуге толық хақымыз бар. Осы жылдар ішінде газет жас мемлекетіміздің жаңаша һәм тәуелсіз ғұмырына етене араласты. Халқымыздың қиын да ауыр жылдарында да, толысқан кемелденген шағында да газет әрдайым алдыңғы сапта жүрді. Әрине, нарықтық экономика, дағдарыстар біздің газетімізді де айналып өткен жоқ. Шығармашылық тұрғыда газеттің шарықтауы мен саябырсыған шақтары болғанын да айтып кеткеніміз жөн. Қаржылық қиындықтардан екі рет жабылып, қайта ашылды.

Қазір газет-журналдар көбейіп, бәсекелестік күшейді. Халықпен бетпе-бет кездесіп, жүздесу арқылы газет беделін де, таралымын да көбейтуге болатынын іс жүзінде дәлелдеуге тура келді. Экспедициялар ұйымдастырдық. Бұқараның жанайқайына жіті құлақ түрдік. Қысқасын айтсақ, үнемі қозғалыста болдық. Сан алуан айдарларды іске қостық. Түркі дүниесіне сапар шектік. Ұлттық мүддені ту етіп көтердік. Шүкір, қазір басылымымызды билік те, парламент те мойындады, халық өзі іздеп келетін болды. Мемлекеттік тапсырыста да олжамыз жоқ емес. «Қазақстан-ZAMAN» газетінің шапанынан шыққан «Мөлдір бұлақ» журналы да биыл 20-ға толды. Балалар басылымдарының арасында маңдайы жарқырап оза шапқан журналымыз балалардың сүйікті журналына айналды. 

Қадірлі оқырман! Газетіміздің бұл мерейтойы тек ұжымның ғана емес, сіздердің де ортақ мерекелеріңіз. Мерейтойымыз құтты болсын! Бүгін біз биылғы жылдың 22 қыркүйектегі нөмірін осы мерейтойға арнағанды жөн көрдік. Өздеріңізден де, билік тарапынан  да, әріптестерімізден де, қаламгерлерден де, қарапайым еңбеккерлерден де құттықтаулар, жедел хаттар лек-лек келіп жатыр. Әуелде әр нөмірге шашу етіп біртіндеп береміз бе деп ойлағанбыз. Олардың алғашқы легін газет өмірге келген күні, нақтылай айтқанда 17 қаңтардағы биылғы нөмірімізге жариялап та жібердік. Құттықтаулармен қатар 30 жылғы газет бетінде жарияланған материалдардың қаймағы да бірге топтастырылып отыр.

Қадірлі оқырман, сонымен 30 жастағы бұла жігіттің бұлықсыған күш-қуатының тасып тұрған шағын, өмірбаян беттерін, халқымыздың ыстық лебіздерін газетіміздің беттерінде өздеріңіздің назарларыңызға ұсындық. 

Есіңізде ме, осыдан тура бір жыл бұрын көкшұнақ аязы ақырып тұрған қаңтар айында Сіздерге ып-ыстық сәлемімізді жолдағанымыз. Ол кезде шынымызды айтсақ, көп едік. Он бес мың оқырманымыз кіші жұма сайын газетімізбен арқа-жарқа қауышып, бізді рухтандырып, ұжымымызға күш-жігер, қуат беріп тұрушы еді. Өкінішке орай, айбынды оқырмандар армиямыз уақыт өткен сайын біртіндеп азая берді. Алдымен «Қойшы бұларды. Бір айға жазылайық та, алдай салайық», – деген ойлы оқырмандарымызбен қоштастық. Одан соң әртүрлі себептермен үш айға жазылған оқырмандарымыздың көбісі әрі қарай қайта жазылмағанын аңғардық. Алты айға жазылып, арқаны кеңге салғандардың біразы тағы да кіші жұмада өзінің сүйікті газетімен қауышу бақытынан айырылды. Міне, содан кейін ғана барып газет оқырмандарының саны тұрақтанды. Біздің газетіміздің тұрақты оқырмандары рухани дүниеден қаржысын аямай, бізге зор сенім артты. 

Қадірлі оқырманым! «Газет шығару оңай емес!» – деп кезінде Алты алаштың ірі тұлғаларының бірі Міржақып Дулатов айтқан екен. Газет шығару қазір де оңай емес. Халықты шаршатқан нарық журналистерге де оңай тиіп жатқан жоқ... Барлығы қымбаттады. Әсіресе, жарнамасы мен «крышасы» жоқ қазақ баспасөзі әзер кеудесін көтеріп, алға жылжып келеді. Шүкір, «көп түкірсе – көл» дегендей, Сіздердің көмектеріңіз, шынымызды айтсақ, бізді рухтандырып, қанаттандырды. Қаншама қиналсақ та, газет бағасын аспандатпай шама-шарқымыз жеткенше төмендетуге тырыстық. Өйткені, біздің оқырмандарымыздың дені қалтасы жұқа ауылдан ғой. Әрине, биыл азын-аулақ тендер беріп көмектескен Мәдениет және ақпарат министрлігіне рақметімізді айтамыз.

Сенімнен артық ештеңе жоқ. Біздің газетіміздің ұжымы әп дегенде-ақ ұлттық мүддені, халқымыздың жағдайын ең бірінші орынға қойдық. Бұны көзі қарақты оқырмандарымыз әрбір нөмірімізден байқаған да болар деп ойлаймын. Естеріңізде ме, алғашқы нөмірімізде шу дегеннен «Тіл майданы: оян, қазақ?» деп «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа заң жобасын қабылдамаған үкіметпен байланысқа шықтық. Бір топ тіл ғалымдарын бастаған белгілі қоғам қайраткері Амангелді Айталы ағамыздың буырқанып айтқан пікірлерін бірінші беттен бастап айқара бетке бердік. Амангелді ағамыздың айтуынша, бұл топтама ащы пікірлерді біраз газеттерге апарған екен, баспапты. «Тіл біздің жанымыз емес пе? Әбеке-ау, бұл пікірлерді газетімізге жарияламасақ, біздің кім болғанымыз?» – деп жауап бердік. Әрине, бұл мақтаныш емес. Бірақ осы батылдығымыздан кейде таяқ та жейтініміз рас.

Ұлттық рухымыздың екінші қанаты – дін. «Дін туралы» Заңымыздың да солқылдақ екені білініп қалды. Шетелдерден қару-жарағын асынып келген жүздеген секталар топ-тобымен кіріп, қазақты жаулап жатыр. Бұл өзекті мәселені жыл бойынша бір сәт те естен шығармай, дүркін-дүркін көтеріп келеміз. 

30 жылда шыққан қат-қат тігінділерді ақтара отырып, газеттің өткеніне шолу жасадық. Газетке бас редактор болып тағайындалғаныма биыл 17 жыл толыпты. Біле білген адамға бұл уақыт аз да емес, көп те көрінуі мүмкін. Бірақ бір адамға есептесек, аз уақыт емес. «Елу – ердің жасы» дегендей, 52 жасымда осы газеттің табалдырығын аттадым. Жалпы мен 1971 жылы мектеп бітіре сала алғашқы еңбек жолымды аудандық газеттен бастаппын. Есептей беріңіз, содан бері бір Алланың мейір-шапағатымен үзбей қалам тербеп келемін. Шүкір, шүкір! ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң, «Спорт» газетінде аз уақыт істеп, іле-шала республикалық «Лениншіл жас» газетінде қызмет еттім. Одан кейін «Қазақ әдебиеті» газетінде 4-5 жыл жұмыс істеген соң, «Ана тілі» газетінде 15 жылдай жұмыс атқардым. Мұны айтып отырған себебім, «Қазақстан-ZAMAN»-ға мол тәжірибемен келдім.

Кітаптың кіріспесінде басылым директоры Сәуле Мешітбайқызы тәтеміз газеттің тарихын терең толғап жазды. Мен оған тоқталмаймын. 2005 жылы осы газетке келіп, не тірлік жасағанымыз жайлы азын-аулақ сыр шерткім келді. Ол кезде газеттің директоры, журналист, түрік бауырымыз Ахмет Аляз болатын. Қазақшаға судай, мақалдап, әдемі шешен сөйлейді екен. Газетті де, журналды да жақсы біледі. Журналдың таралымы жаман емес. Ал газеттікі өте төмен деңгейде. Мыңнан әзер асады. Негізінен басылымды асырап отырған түрік фирмалары мен кәсіпкерлері жарнаманы жақсы береді. Бір жақсы жері қаланың дәл ортасында кеңсесі бар болып шықты. Екі қабат жер үй. Кейін олар уәдесінде тұрмай, бізден теріс айналды. Жарайды, бүгінгі мерейтойда ондай көлеңкелі жайға тереңдемей-ақ қоялық. 

Ахмет Алязбен ақылдаса отырып, газет өміріне мынадай жаңалықтар енгізуге шешім қабылдадық. Біріншіден, газеттің фирмасын, атауын өзгерттік. «ZAMAN-Қазақстан» енді «Қазақстан ZAMAN» болды. Екіншіден, газеттің ішкі жағындағы түрік тіліндегі қосымша «ZAMAN» газетін бөлек шығардық. Үшіншіден, газет форматы да өзгерді. А-3 форматын А-2 еттік. Әрине, шығармашылық құрылымды да басқаша жасадық. Бірнеше өткір жазатын тілшілер алдық. Газет тілшісі Жанбақыт Борантаевты бас редактордың орынбасары қызметіне жоғарылаттық. Белгілі журналист Ермек Сахариев келді. Иә, осындай жігіттер мен қыздар газеттің беделін де, абыройын да көтерді. Ұлттық мәселелерді көтеріп, дөңгелек үстелдерді жиі жасап жаттық. Газеттің безендірілу мәнері жақсарды. 

Жаңа айдарлар дүниеге келді. Соның бірі де бірегейі – «Ауыл» экспедициясын аштық. Бұл тың әрекетіміз халықпен тікелей байланысқа шығарды. Облыстарды, аудандарды, ауылдарды аралап, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдауды және тыңдап қана қоймай, ол елдімекендердегі проблемаларды билікке жеткізуге тырыстық. Жаз кезінде тұңғыш рет шыққан біз Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе, Торғай, Қарағанды, Жезқазған, Алматы өңірлерін араладық. Қоңыр күзде қалған облыстарды аралап, елдің тыныс-тіршілігімен таныстық. Оның бәрі тасқа басылып, газет бетінде тарих болып жазылды. Ауылдың проблемалары, кемшіліктер шаш етектен екен. Бұл мәселелерді біз ащы көтергенмен, оның нәтижелі болуы қиын соқты. Бірде-бір газеттің тарихында мұндай экспедиция бұрын-соңды болған жоқ. Кейін ұжымымызға Сәуле Мешітбайқызы келген соң, «Нұр Отан» партиясына шығып, бірлестік. Одан соң іле-шала Ауыл шаруашылығы министрлігі де бізге қосылды. Бұл экспедициямыздың мән-маңызын күшейтті. 17 жылдың тарихы бар экспедициямыз әлі де жұмыс істеп тұр. 

Содан кейінгі жедел қолға алынған мынадай айдарлар іске қосылды. Олар «Облыс әкіміңіз қандай адам?», «Министрлік, қазақшаң қалай?», «Қамшыбасар-тұжырым», «Аймақтар айнасы», «Жанайқай», «Намысың қайда, қазағым?», «Тіл майданы», «Оян, қазақ!», «Табиғат-анаңды аяла!», «Имандылық нұры», «Удан тазар, қазағым!» т. б. көп ауқымды жұмыстар атқарылды. (16 мың). Оқырмандарымыз газетті іздейтін болды. Әрине, бұған сол кезде жұмыс істеген журналистер көп еңбек сіңірді. Мәселен, Жанбақыт Борантаев, Төлеген Ильяшев, Шаяхмет Құсайынұлы, Ирина Советжан, фототілші Ғалым Құраш пен Костян, Гүлбану Әниятқызы, Сандуғаш Серікқали, Гүлжанат Шонабай, Мира Майшығұлова, Нұрила Бектемірова, Кәмшат Айдарханова, Нұргүл Жамбылқызы, Априза Айтпаева, Серік Жұмабеков, Жұлдыз Тойбек, Бауыржан Карипов, Бейбітбек Бүркітбаев, Светлана Муньянова, Айша Өтепова, Қанат Әбілқайыр, Мұхан Исахан, Хусейн Гүнгөр, Болат Салықбаев, Болат Жаппар, Болат Мәуленов, Шадияр Молдабек, Рахымбек Ханалы, Нұрсайын Шәріп, Қасым Аманжол, Жетпісбай Жанахметов, Айзат Рақыш, Шәрипа Битаева, Мұхаммет-Шәріп Кенжебай, Ермек Сахариев, Сүйеубай Байқадиұлы, Кеулімжай Құттиев, Құралай Есенқұлова, Қанат Есжан, Сейілбек Асанов, Мирас Кесебаев, Бауыржан Мұқанов т. б. аттары аталмай қалғандар болса, кешірім өтінем. Бұл аталған журналистердің біршамасы қазір арамызда жоқ. Ол кісілердің жатқан жерлері жайлы, имандары жанында, жандары жаннатта болғай! 

Газет директоры болған, он шақты жыл бірге жұмыс істеген Ахмет Аляз інімнің орны бөлек. Тағы бір директор Серкан Хастүрк қандай ғажап жан еді. Бұл бауырларымыз да көп еңбек сіңірді. Қазіргі директорымыз Сәуле Мешітбайқызының ерең еңбегі, әлі де жасап жатқан тірліктері, газетке шынайы жаны ашуы бөлек. Бұл тәтеміз біздің газетке келмей тұрып-ақ таралымымыздың көбеюіне зор үлес қосты. Мені ұстаз санайтын мұғалім тәтеміздің журналистикада жаңа қыры ашылды. Қазір Сәуле тәтеміздің бойында журналиске тән қасиеттердің бәрі бар десем, қателеспеймін. Ізденгіш, еңбекқор, жаңашыл жан. Жастар Сәуле Мешітбайқызынан үлгі алуы тиіс. 

Экспедицияда және газеттің күнделікті өмірінде қиындықтар көп болды. Далада қалған кездеріміз де жоқ емес. Редакцияда бір тиын ақша болмай, талай тығырыққа да тірелдік. Бірақ Аллам бізді әрқашан қолдап, ұжымды жалақысыз қалдырған айымыз жоқ. Айлық демекші, механикалық, экономикалық, қаржыгерлік тұрғыда жұмыс істеген, газеттің шығуына өлшеусіз үлес қосқан, әлі де үлес қосып жүрген қызметкерлер көп болды. Гауһар Тұрарова, Айман Исаева, Гүлфия Елемесова, Күміс Қалтыкей, Гүлшат Абуова қарындастарым әлі көш басында. Қаншама інілеріміз бен қарындастарымыздың жасаған еңбектерін ерекше атап өткім келеді. Сіздерді мен сүйемін, жақсы көремін. Сіздерге зор рақмет! Аз жалақымен жұмыс істеп, көп іс тындырдыңыздар! Ұжымызда ынтымақ-бірлік болды. Ең бастысы көктем самалындай жылылық соғып тұратын. Жиі-жиі табиғат аясына шығып, қазан қайнатып, шашлык жеп, доп ойнаған сәттер мен шақтар қазір сағынышқа айналған. Сағыныш сезімі! Қазір бізден кетіп сыртта жүргендер бізбен кездескенде сағынып қауышады. Олар біздің ұжымды ешқандай ұжыммен салыстырмайды. 

Наурыз мейрамын дүрілдетіп қалай өткізгеніміз жайлы кейін үнемі еске аламын сүйсініп. Ол кезде ұжымымыз үлкен болатын. Жанбақыт бастаған, кейін Рысқұл мен Гауһар қолдаған отырыстарымыз, мерекелеріміз әнсіз, күйсіз, бисіз өтпейтін. Футболдан өткізетін Республикалық журналистер турнирін әріптестерім әліге дейін еске алады. Жалпы айтатын, жазатын мәселелер, қызықтар көп. 

Енді алда да газетіміз өмір сүре береді деген үмітіміз бар. Үнемі ұлт мәселесін қозғап келе жатқан басылымымызды әлі де талай асулар, жақсы күндер күтіп тұрғаны сөзсіз. Аллам қолдасын! Тойымыз жақсы өтсін! Ұжымымыздан жылылық пен береке-бірлік кетпесін! Еліміз аман болсын! 

Ертай Айғалиұлы, «Qazaqstan dauiri» газетінің Бас редакторы
22.09.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 244
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 240
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 742
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 865
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 778

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8935
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8329
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11557
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9314
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10541