Қарағанды облысының жас кәсіпкерлері бұқаралық спортты дамытуда, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектеседі, медициналық және білім беру қызметтерін көрсетеді, азық-түлік пен құрылыс материалдарын өндіреді. Өңір әкімі Жеңіс Қасымбек істі жаңа бастаған кәсіпкерлерге өз ісін ашуға және дамытуға гранттар тапсырды.
ҚарТУ 2-курс студенті, қарқаралылық Саламат Абдоллаев мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектескісі келеді, сондықтан ол имитрон жасауды қолға алды.
– Имитрон – мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған тренажер. Ол инсульт, ауыр операциялар және т. б. зардап шеккендерге көмектеседі. Біреуін жасап қойдық. Есептеулер бойынша айына төрт тренажер жасай аламыз. Менімен бірге дәнекерлеуші және құрастырушы жұмыс істейді. Грантқа металл, серіппе және дәнекерлеу аппаратын сатып алуды жоспарлап отырмыз, – деді Саламат Абдоллаев.
Бұқар Жырау ауданының жас кәсіпкері Қасымхан Айтбеков өзінің туған Көкпекті ауылында 50-ден астам баланы жаттықтырады. Оның шәкірттері каратеден облыстық және республикалық жарыстарда жеңіске жетеді. Қасымханның жобасы бұқаралық спортты дамытуға бағытталған, сондықтан ол грантқа Ботақарада зал ашқысы келеді. Ол әр ауылда таланттар бар екеніне сенімді, оларды ашу үшін сүйікті спорт түрімен айналысуға мүмкіндік беру керек.
Қарағандылық Наурызбек Муслимовтың жоспарында емшара кабинетін ашу. Медицина университетінің интерні көптеген клиникаларға қарамастан, адамдар мейірбике қызметін алу үшін кезек күтуге тура келеді деп санайды.
– Қазір жастардың өз ісін ашуына үлкен қолдау бар, сондықтан мен осы мүмкіндікті пайдалануды шештім, – дейді Наурызбек Муслимов.
Биыл жастар бизнесін қолдауға 100 миллион теңге бөлінді. Комиссия 306 бизнес-идеяның ішінен 100 неғұрлым перспективалы идеяны іріктеп алды. Жеңімпаз жобалар қоғамдық тамақтану, білім беру және медициналық қызметтер, туризм саласынан жиһаз, құрылыс материалдары мен ірі қара мал өсіру саласына дейін алуан түрлі.
– Мен сіздермен үлкен мерекелер – Тұңғыш Президент күні және Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында кездесуге қуаныштымын. Сіздер осындай жас кездеріңізде табысты және перпективалысыздар. Ал грант – бұл бірінші қадам. Болашақта сіздерде «Қарапайым заттар экономикасы», «ЖҚЖК» және т. б. бағдарламаларды грант иегерлері ретінде пайдалану мүмкіндігі бар. Сіздер өз істеріңізді дамытуларыңыз керек, ал біз Сіздермен бірге боламыз, – деді облыс әкімі жаңадан бастаған кәсіпкерлерге.
Биыл өңірде барлық 100 жоба үшін тәжірибелі бизнесмендер мен облыстық мәслихат депутаттары арасынан 10 ментор анықталды, олар ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге кеңес береді. Жеңіс Қасымбек қала және аудан әкімдеріне грант иелеріне жобаларын қолдауға көмектесуді тапсырды