Пәкістан арқылы Үнді мұхитына төте жол ашылмақ

Пәкістан арқылы  Үнді мұхитына төте жол ашылмақ

3-4 ақпан күндері  Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанға ресми сапармен барды. Мемлекет басшысы мінген борт Пәкістан әуе кеңістігіне енген сәттен бастап Әскери әуе күштерінің ұшақтары қапталдасып ұшты. Исламабад әуежайында Президентті Пәкістан Президенті Асиф Али Зардари мен Премьер-министр Шахбаз Шариф салтанатты түрде қарсы алды. Құрмет қарауылы сап түзеп, зеңбіректен 21 мәрте оқ атылды. 

Ақорда таратқан ақпаратқа сәйкес, сапар аясында екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланбақ. Қазақстан мен Пәкістан дипломатиялық қатынастарды 1992 жылы орнатқан. Екі ел арасындағы саяси диалог тұрақты сипатқа ие. 

Ел басшысының Пәкістанға мемлекеттік сапары аясында басты назар көлік-логистикалық ынтымақтастыққа аударылып отыр. Қазақстан үшін Үнді мұхитына тікелей шығатын баламалы бағыт қалыптастыру – стратегиялық маңызы зор мәселе. «Qazaqstan» телеарнасы таратқан ақпаратқа сенсек, бұл бастама екі ел арасындағы сауда-саттықты еселеп арттыруға жол ашуы мүмкін.

Қазіргі таңда Қазақстан мен Пәкістан арасындағы сауда айналымы былтыр екі есе өсіп, 100 миллион АҚШ долларына жеткен. Ел аумағында пәкістандық капиталдың қатысуымен 200-ден астам компания жұмыс істеп отыр. Дегенмен сарапшылар бұл көрсеткіш әлеуеттің аз ғана бөлігі екенін айтады. Пәкістандық бизнес өкілдерінің есебінше, сауда көлемін 14 миллиард долларға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Алайда бұған логистикалық шектеулер кедергі келтіріп отыр. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін «Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан» бағытындағы теміржол жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. Жылына 35-40 млн тонна жүк тасымалдауға қабілетті бұл бағыт жүк жеткізу уақытын қысқартып, тасымал шығындарын едәуір азайтпақ. Ең бастысы, Қазақстан үшін Үнді мұхитына төте жол ашылып, Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс және Африка нарықтарына тікелей шығуға мүмкіндік туады. Бұл – халқы 2 миллиардтан асатын ауқымды нарық.

Қазақстанның Пәкістандағы төтенше және өкілетті елшісі Ержан Қыстафиннің айтуынша, Қазақстан Үкіметі Ауғанстан аумағындағы теміржол инфрақұрылымына инвестиция салуға дайын. Жобаның құрылысы шамамен бес жылға созылады деп күтілуде. Сонымен қатар Пәкістан энергетикалық ресурстарға – мұнай, газ, көмірге, сондай-ақ Қазақстанның астығы мен азық-түлік өнімдеріне үлкен қызығушылық танытып отыр.

Мемлекет басшысының сапары барысында Пәкістан Үкіметімен кеңейтілген келіссөздер өткізіліп, ел Президентімен жеке кездесу жоспарланған. Сондай-ақ екі елдің бизнес өкілдері қатысатын ірі форум өтуде. Бұл жиынға Қазақстаннан 150-ге жуық делегат, Пәкістаннан 180-нен астам компания қатысып жатыр. Сапар аясында 70-тен астам құжатқа, оның ішінде 20-дан аса коммерциялық келісімге қол қою көзделген.

Сарапшылардың пікірінше, аталған келісімдер транзиттік сауда мен кедендік өзара іс-қимылды жеңілдетіп, Қазақстан мен Пәкістан арасындағы экономикалық байланысты жаңа деңгейге көтеруге негіз болады.

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
05.02.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23073
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 22828
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 38854
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36365
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 40455