ПАРИЖ ОЛИМПИАДАСЫ: ОРТАЛЫҚ АЗИЯ СПОРТШЫЛАРЫНЫҢ ЖЕҢІСТЕРІ МЕН СӘТСІЗДІКТЕРІ

ПАРИЖ ОЛИМПИАДАСЫ: ОРТАЛЫҚ АЗИЯ СПОРТШЫЛАРЫНЫҢ ЖЕҢІСТЕРІ МЕН СӘТСІЗДІКТЕРІ

Олимпиада – жаһан жұртшылығы асыға тосар төртжылдықтың басты бәсекесі. «Олимпиадада кім жеңіске жетсе, әлемді сол билейді» деген әзіл-шыны аралас тәмсіл ежелден белгілі. Яғни, спорттық бәсекені жеңген ел төрт жыл бойы жаһанға өз өмірін жүргізеді. Төрт жыл қатарынан тұғырдан жеңіс туын желбіретіп тұратын болады. Әсіресе, спорттағы жеңіс саясат серкелері үшін үлкен мәртебе, өз сөзін өткізу үшін таптырмас стимул.

Мінеки, алдағы төрт жылда кімнің бәсі биік болады, әлемге қай мықты әмірін жүргізеді екен деп, табаны күректей 17 күн бойы Франция астанасының төрінде өткен спорт мерекесіне телміріп қарап, өз спортшыларымызға жанкүйер болып уақыт өткізуіміздің бір сыры осында. Жасыратыны жоқ, жұртшылық бұл ойындардан бір өзгеріс күтті, соңғы сәтке дейін тосты. Бірақ, ешқандай өзгеріс орын алмады. Олимпиада нәтижесі бойынша, АҚШ 123 медаль жиынтығын (40 алтын, 44 күміс, 42 қола) жеңіп алып, бірінші орынға жайғасты, сөйтіп, өзінің әлемдегі көшбасшылық орнын сақтап қалды. Ал, соңғы жиырма жылдан бері әлемдік сахнадағы өз орнын ойып тұрып алу үшін жан салып келе жатқан Қытай жалпы есепте 91 медаль олжалап, (40-27-24), тағы да екінші орында қалып қойды. Діні бір, ділі бір, тарихы ортақ бұл бес республика қашанда бірегей өркениеттер тоғысқан бір географиялық аймақта жатқанымен, олардағы саяси-экономикалық ахуал әртүрлі. Жабық саясат ұстанатын Түркіменстан сөнуге айналған жанартауға ұқсаса, анда-санда толқыған теңіздей асып-тасып алатын Қырғызстан белсенді сейсмикалық аймақ тәрізді. Аймаққа өзінің ағалығын бұлдағысы келетін Өзбекстан іштей үлкен мәдени жарылысқа дайындалып жүрген мина секілденсе, томаға-тұйықтау көрінетін Тәжікстан бәсеке-базардан асықпай өз жүлдесін күткен данагөй қарияны еске түсіреді. Тұрақтылыққа арқа сүйеген Қазақстан болса, негізінен тек өз ойын ережелеріне сүйенетін әккі ойыншы екенін дәлелдеп жүр. Осы бес елді біріктіретін Орталық Азия кеңістігі ежелден геосаяси және мәдени-рухани тұрғыдан бір-бірін толықтырып жатқан біртұтас аймақ. Сонымен бірге табиғи ресурсы мен адам капиталы мол, тарихи-рухани мұрасы бай өңір. Аймақтағы халықтар өткен тарихында түрлі өркениеттермен тіл табысып, соның арқасында Ұлы Жібек жолының және тұтастай алғанда бүкіл Еуразияның тарихында ерекше рөл атқарып келеді. Сондықтан болу керек, жоғарыда аты аталған бес елді біріктіретін Кіндік Азия аталатын осы үлкен аймақ бүгінде бүкіл үлкенді-кішілі елдердің көз құртына айналып отыр. Олай болса, осынау Орталық Азия елдері спортшыларының Париж Олимпиадасындағы үздік көрсеткіштері мен бағындырған биіктері, табыстар мен сәтсіздіктері де көпшіліктің қызығушылығын міндетті түрде тудырады деп ойлаймыз. Есіңізде болса, осыдан жиырма шақты жыл бұрын көпшілік Орталық Азия елдері туралы бірыңғай пікірде еді. Үш ғасырға жуық Ресей империясының боданында болған орталықазиялықтар тәуелсіздіктен кейін әрқайсысы өз жолымен әлемдік аренаға шығуға үміткер болатын. Және олар тоталитар елдің әбден іріп-шіріген саяси-экономикалық батпағынан әрқайсысы өз беттерінше жеке-жеке шығуға тиіс болды. Алайда, біреулер Орталық Азия республикаларының өз алдына мемлекет құрып, ел болып аяқтан тұрып кетеріне сенбеді. Тіпті, «орталықазиялықтар өзара ұрысып-жұлысып, қырқысқа түсіп, ақырында өздері-ақ аяғымызға келіп жығылды» деп қиялдағандар да болмай қалған жоқ. Шынында Орталық Азия республикалары айналдырған он шақты жылдың ішінде кездескен кедергілерді жеңіп, бүгінгі табысына жетеді деп ешкім де ойламаған еді. Бірақ, бәрі керісінше болып шықты. Оның дәлелін өткен аптада мәреге жеткен Париж Олимпиадасының нәтижелерінен көруге болады.

Сонымен Париж Олимпиадасында командалық есепте Орталық Азия елдері арасында ең үздік нәтиже көрсеткен Өзбекстан құрамасы екенін білдік: Ол 13 орында! Өзбекстанның басты бәсекелесі Қазақстан құрамасы 43-сатыға тұрақтап, әріптесінен 30 сатыға қалып қойды. Әрине, ала тақиялы ағайындардың жетістігі орасан табыс. Шын ықыластан қол соғамыз. Ал, қазақ намысын жыртуға барғандарға... айтуға сөзіміз жоқ. Жасыратын не бар, көршілердің бұл жетістігіне алғыс айтып, бірге қуанудың орнына, оған кездейсоқтық деп қарап, мұрын шүйіріп жатқандар да аз емес. 

Мұны әркімнің өз ішкі мәдениеті мен талғам талқысы шешеді десек те, мұндай төрткүл дүние түгел көз тіккен додадағы жетістік, орталықазиялық тәуелсіз елдердің жүйесіндегі негізгі айырмашылықты да көрсете алады, тым болмағанда солай тануға стимулятар болады. Егер мұны бейнелей жеткізсек, ала тақиялы ағайындардың Париж шаршысында көрсеткен керемет бокс хореографиясы мен негізгі мәні мен стилі ескірген, сөйтіп есесі кеткен қазақ боксының шығармашылық хаосын салыстырғанмен бірдей. Ойындар қарсаңында америкалық Sports Illustrated (SI) журналы Олимпиадада сарапқа салынатын 329 медальдар жиынтығы қай елдердің қанжығасына байланатынына жорамал жасап көргенде, Орталық Азия елдері жайлы да болжам жасаған болатын. Сонда спорт сарапшылары биылғы Олимпиадада Орталық Азия елдері Рио мен Токио додасында көрсеткен көрсеткішінен артық нәтижеге қол жеткізбейді деген болатын, Қазақстан ең аз медаль алатын елдің қатарына жатқызылып, Өзбекстан 8 жыл бұрынғы Рио-де-Жанейрода бокстан көрсеткен жетістігін қайталай алмайды деген. Қырғызстан ел тарихындағы алғашқы алтынына қол жеткізуі мүмкін деп жорамалдаған. Осы болжам шындыққа айналғанда, бұл Қырғызстан елі үшін ең үздік Олимпиада көрсеткіші болып тарихқа жазылар еді. Әттең, сәл сәттілік жетпеді. Алайда, орталықазиялық спортшылар алғашқы күнгі жарыстардан-ақ жақсы ойын өрнегін көрсетіп, SI сарапшылары жасаған болжамдардың шындыққа сәйкеспейтіндігін дәлелдеді. Өз мықтылықтарын дәлелдеп қана қоймай, үздік көрсеткіштерімен мамандарды қайран қалдырды.

Айыр қалпақты қырғыз ағайындар Парижге спорттың бес түрі бойынша өнер көрсететін «сен тұр, мен атайын» 16 спортшысын апарды. Осы 16 спортшының алтауы Олимпиада медалін жеңіп (2 күміс, 4 қола) алып, ел мерейін асырды. Бір қызығы, қырғыздар 57 келіде сынға түскен былғары қолғап шебері Мұнарбек Сейітбекұлы салған күмістен басқасының бәрін спорттың күрес түрлері бойынша жеңіп алды.

Атап айтқанда, әйелдер күресінен Мейірім Жұманазарова (68 келі) күміс жүлдегер атанса, осы күрес түрінен тағы бір балуан қыз Айсұлу Тыныбекова, грек-рим күресінен Жоламан Шаршенбеков (60 келі), Ақжол Махмұдов (77 келі), Үзір Жузіпбеков (97 келі) қолаға қол жеткізді. Сөйтіп, қырғыз бауырлар 2008 жылғы Бейжіңдегі (1 күміс, 2 қола) және 2020 жылғы Токиодағы (2 күміс, 1 қола) табысынан екі есе асып түсті. Бұл – ел тарихында бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Осы жүлделердің денін балуандар олжалады. Олардың жігіттері қарулы, қыздары өжет келетінін мойындамасқа лажымыз жоқ. Спорттың бұл түрінен Қазақстанға жалғыз ғана жүлде бұйырса, көршілеріміз бес мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Бұл нені көрсетеді? Күресте шоң бауырлардың мықтылығын көрсетеді. Ал, көрермендер көзайымына айналған Мұнарбек Сейітбекұлы туралы әңгіме мүлде бөлек. Парижге Қазақ елінің жеті жуан жұдырықты жігіттерінен басқа, топырлаған атқосшы мен бапкерлер, дәрігерлер аттанғаны белгілі. Барлығы улап-шулап жүріп жалғыз жүлдеге әрең қол жеткізді. Қырғызстанға ше – бір ғана жолдама бұйырып, Франция астанасына екі адам сапар шекті. Олар – Мұнарбектің өзі және ұлттық құраманың бас бапкері. Өйткені, боксшыны олимпиадаға дайындаған жеке жаттықтырушысының өзіне аккредитация берілмеді. Бірақ, Сейітбекұлы еш сасқан жоқ. Алатаудың жуан жұдырықты ұлы шаршы алаңда жасындай жарқырады. Ол кубалық Сайдел Орта, америкалық Жамал Харви, болгариялық Хавсер Ибаньес сынды қарсыластарын жолдан ығыстырған қырғыз финалда өзбек жұлдызы Әбдулмәлік Халоковпен кездесіп, аз ғана ұпай айырмашылығымен жол берді. Сөйтіп бүкіл Қырғызстан боксының атынан жалғыз өзі сынға түскен Мұнарбек күміс жүлдеге қол жеткізіп, бір өзі қырғыз боксындағы жаңа тарихтың бетін ашып берді десе болады. Еске салып өтсек, айыр қалпақты ағайындар дербес ел ретінде Олимпиада ойындарында 1996 жылдан бері қатысып келеді. Париж Ойындары – Қырғызстан өнер көрсеткен сегізінші Олимпиадасы. Осы аралықта Қырғыз елінің олимпиадашылары 11 медаль олжаласа, соның 4-і күміс, 7-і қола жүлде. Осы қолға кіріткен медальдардың 10-ын күрес түрлері бойынша жеңіп алған. Осындайда Қырғыздың даңқты ауыр атлеті, 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Қаныбек Османалиев еріксіз еске түседі. Париждегі додада Орталық Азия елдерінің спортшылары өздерінің үздік көрсеткіштерімен сенсациялық жаңалықтар жасап, көрермендерді таңғалдырды десе болады. Сөйтіп, Олимпиада тарихының жаңа парақтарын ашты. Бұл әңгіме ең бірінші кезекте әрі бауырлас, әрі қандас, әрі аймақтағы мәңгі бәсекелес елдер Өзбекстан мен Қазақстанға қатысты. Бұл ойындарға 94 жолдама жеңіп алған Қазақстан атынан 80 спортшы қатысып, спорттың 25 түрі бойынша ел намысын қорғаса, 97 жолдама олжалаған Өзбекстан спорттың 21 түрі бойынша 86 спортшыға сенім артты. Нәтижесінде Қазақстан – 1 алтын, 3 күміс, 3 қоламен (медальдың жалпы жиынтық саны – 7 ) командалық есепте 43-орынға жайғасты. Ал, Өзбекстан – 8 алтын, 2 күміс, 3 қола жүлдемен (13 медаль) 13-сатыдан көрінді. Керемет көрсеткіш, толағай табыс! 11 салмақ бойынша бақ сынаған бокстағы бас жүлденің бесеуіне ие болған оңтүстіктегі көршілеріміз жалпы есепте жеке-дара көш бастады (SI сарапшылары Өзбекстан 3 алтын алады деп болжаған болатын). Қытай бокс құрамасы 3 алтын, 2 күміспен (5 медаль) екінші орынға жайғасса, үздік үштікті 1 алтын, 3 қола жүлдемен (4 медаль) Тайвань түйіндеді. Ал, Қазақстан құрамасы жалғыз күміспен 10-сатыда қалып қойды. Басқасын айтпағанда, бір алтын олжалаған Алжир біздің алдымызды орап кетті. Әйелдер боксы бойынша қола алған Назым Қызайбайдың жүлдесін айтпағанда, 80 келіде айқасқан Нұрлыбек Оралбайдың жалғыз күмісінен басқа қазақ боксына бірде-бір медаль бұйырған жоқ. Тым болмаса 1 алтын олжалайды деген жігіттеріміз шаршы алаңда түк қайрат көрсете алмады. Әрине, мұндайда кінәні өзімізден емес, өзгеден іздейтініміз бар емес пе. Ойын өрнегінде төрешіден де, қарсыласыңнан да бір бас жоғары тұрып, мойындата алмаған соң, өтіп кеткен іске өкінгеннен не пайда?! Таеквондо спортынан да өзбекстандық шеберлер қазақтардың алдын орап кетті. Осы спорт түрінен өзбек халқының арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Ұлықбек Рашитов (Ол бұл атақты 2016 жылы Рио Ойындарында жеңіп алған) Париж татамиінде 68 келіде сынға түсіп, екінші рет жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. Осылайша, 22 жастағы өрімдей өзбек жігіті тек Өзбекстан емес, бүкіл Орталық Азия елдері арасынан шыққан екі дүркін тұңғыш Олимпиада чемпионы деген аса мәртебелі атаққа ие болып отыр. Сонымен бірге таеквондоны жанына серік еткен тағы бір өзбекстандық спортшы қыз Светлана Осипова 67 келіде кілемге шығып, қоржынға күміс салғанын айта кетуіміз керек. Біз бұл спорт түрінен де кенжелеп қалғанымыз үшін ұяттымыз! Қазекеңдер әлі сол 2008 жылы Бейжіңде Арман Шылманов жеңіп алған қоланы көңілге медет тұтып жүрген сияқты. Сөз жоқ, дзюдошы қыз Диора Келдиерованың жарқын жеңісі Өзбекстан спортының жаңа парағы болып тарихта қалды. Негізі бұл спорт түрінен де өз-ағаңдар бізден алда тұр. Спорттың бұл түрінен өзбекстандық ерлер командасы да жаман өнер көрсеткен жоқ. 100 келіде жарыс жолына шыққан Музафарбек Туробаев пен ауыр салмақта ел намысын қорғаған Алишер Юсупов қола медаль олжалады. Әрине, қазаққа жалғыз алтын сыйлап, қуанышқа бөлеген дзюдошы Елдос Сметов Париж Олимпиадасының қаһарманы екені даусыз. Францияның бас шаһарының биігінде Қазақ елінің әнұранын шырқатқан Тараздың тарланбозы елімізден шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы ретінде тарихта аты алтын әріптермен жазылып қалды. Осының өзі 31 жастағы спортшы үшін аз жетістік емес. Биылғы ойындар 57 келіде кілемге шыққан Ғұсман Қырғызбаев үшін де сәтті аяқталды деуге болады. Ол өзінің қажырлы еңбегі мен табандылығының арқасында лайықты жеңіске қол жеткізді, ол Олимпиаданы үздік үшінші межеде аяқтады. Парижде грек-рим күресінен екі елден де төрт-төрт балуаннан бақ сынады. Осы «классиктердің» арасынан жалғыз қазақ балуаны Демеу Жадыраевтың ғана жолы болды. Ол өзінің спорттық мансабындағы ең қомақты табысына дәл осы Олимпиадада қол жеткізді. Бірінші белдесуде Колумбия балуаны Хамр Алексис Куэроны айқын басымдылықпен ұтқан қазақ оғланы екінші кезеңде қырғыздың мақтанышы, Токио ойындарының күміс жүлдегері Ақжол Махмұдовтан жердің астын үстіне шығарып, жеңісті жұлып алды. Жартылай финалда даңқы Әзербайжан арыстаны Санан Сүлейменовты сан соқтырып кетті. Ал, ақтық сында Жапонияның жас үміті Нао Кускамен жолдары түйісті. Жапон балуанына Демеудің әлі жетпеді. Осылайша, Жадыраев 44 жыл бұрын Мәскеу Олимпиадасында жасындай жарқыраған Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіковтің жеңісті жолын қайталаған үшінші қазақ оғланы атанатын тарихи мүмкіндікті уыстан шығарып алды. Бір кем дүние! Тәуелсіз Қазақстанның «классиктері» арасынан Демеудің есімі Олимпиада ойындарында жеңіс тұғырына көтерілген алтыншы балуан ретінде тарихта қалды. Оған дейін бұл спорт түрінен мұндай бәсекеге Юпий Мельниченко (1996) – алтын, Георгий Цурцумия (2004) мен Нұрбақыт Теңізбаев (2008) – күміс, Мхитар Манукян (2004) мен Даниял Гаджаев (2012) қола жүлдені мойындарында жарқыратқан еді. Кейінгі екі Ойында отандастарымыз олжасыз оралғанымен, өзге мемлекет туы астында сынға түскен қандастарымыз нәтижелі өнер көрсетті. Атап айтсақ, Өзбекстан атынан жарысқа шыққан Елмұрат Тасмұратов (57 келі) Риода (қазір бұл жігіт Өзбекстан грек-рим күресінің бас жаттықтырушысы қызметін абыроймен атқарып жүр) және Қытай атынан сынға түскен Уәлихан Серікұлы Токиода үздік үштіктен көрінді.

Бірақ, «классикадан» олжа салмаған өзбек жігіттері есесіне еркін күрестен екі жүлде жеңіп алды. 57 келі салмақ дәрежесінде кілемге шыққан Аманжон Абдуллаев қолаға қол жеткізсе, 74 келіде өнер көрсеткен Разамбек Жамалов алтыннан алқа тағып, Франция астанасында өзбектің әнұранын қалықтатты.

Қазақстандық гимнаст Нариман Құрбановтың күмісін ерекше бөліп айту керек. Осыған дейін әртүрлі деңгейдегі жарыстарда ғана дараланып жүрген 26 жастағы алматылық сайыпқыран Парижде мен деген талай мықтылардың алдын орап кетті. Нариман ақтық сайыста тек әлемнің екі дүркін жеңімпазы ирландық Рис Маккленганды ғана алға жіберді, қалған жұлдыздардың бәрін шаң қаптырды. Бір нәрсе анық: тек тәуелсіз Қазақстан емес, тұтас Орталық Азия елдері тарихында Құрбановқа дейін спорттық гимнастиканы серік еткен сайыпқыран жігіттердің бірде-біреуі мұндай тұғырға көтерілмегені анық. Нысана көздеу – Олимпиаданың ең басты және ежелден келе жатқан спорт түрі. Сондықтан, бұл жарысқа әлемнің атақты мергендері үлкен дайындықпен келеді. Басқа-басқа дәл осы нысана көздеу спортынан қазақстандық жас мергендер Ислам Сәтбаев пен Александра Леден үздік көрсеткіш көрсетеді деп ешкім күтпеген еді. Алайда, ақтық сында қос саңлақ жігерлік танытып, ел үшін маңызды алғашқы жүлдені қоржынға тоғытты. Осы орайда күні бүгінге дейін қазақтың (орталықазиялық халықтардың да) бірде-бір мерген баласы төртжылдықтың басты додасында мұндай жеңіс тұғырына көтеріле алмағанын айта кетуге тиіспіз. Сол көшті Ислам Сәтбаев бастады. *** Париж Олимпиадасы – Орталық Азия халықтарының арасында ежелден келе жатқан туыстық, қарындастық, достық, бауырмалдық, өзара құрмет сыйластығы бар екенін паш етті. Ауызбіршілік бар екенін көрсетті. Жанашырлық сезілді. Бірінің жеңісіне екіншісі қуанды, жеңілсе бірге мұңайды. Жеңіске бірге жету, бірге қуану, жіберілген қателіктер болса, бірге іздеу – қандай биік бауырмалдық! Спортшыларымыз жеңіс тұғырында бірге тұрып, әрқайсысы өз ана тілдерінде сөйлегенде, қазақ баласы үшін өзбек тілін, өзбек баласы үшін қырғыз тілін, қырғыз баласы үшін қазақ тілін, түркімен, тәжік тілін түсіну еш қиындық тудырмайтынын көріп қуандық, көзімізге жас алдық; Айқас алаңында абдырап қалған қырғыз боксшысына кеңесші болып, дем беріп, жеңіске жетелеген өзбек бапкерін көріп, оның ағайынгершілігіне, адамгершілігіне тәнті болдық, қол соқтық; Бауырлас, кардаш Орталық Азия мемлекеттерінің тулары биікте қатар желбірегенде балаша бірге мәз болдық; Осы бауырластық, ағайындық, бірлік жеңісі баршамызға мәңгілік мүбәрак болсын! Әрине, өз-ағаңдардың арасынан дүркін-дүркін чемпиондар шығып, мемлекеттік әнұранын аспанда қалықтатып жатқанда, өзіміздің арамыздан осындай дүркін-дүркіндер неге шықпайды деп қынжылық; Өзбек ағайындар бұдан кейін де дүркін-дүркіндерді балалатып, әлемді еш күмәнсіз бағындыра беретінін сезіндік, олардың рухы мен ауызбіршілігінің мықтылығын, ағайынға деген кең құшағы мен ықыласын өз көзімізбен көрдік. Қырғыз бауырлар Қазақстан мен Өзбекстан сияқты жүздеп жолдама жеңіп алып, сексеннен спортшылар апарғанда, Манас батыр ұрпақтарының Олимпиададағы мүмкіндігі бұдан екі-үш есе зор болатынына сендік, сендірді. Әгәрәки, биылғы ойындардан жеңіп алған медальдар жиынтығын жалпы халық саны мен жарысқа қатысқан спортшылардың пайыздық санына шағып есептесе, олар екі көршісінің алдын сөзсіз орап кетер еді. Ендеше, тірісінде тобасы ортақ, өлісінде моласы ортақ көршілерімізге ақ жол!

P.S: Айтпақшы, төрткүл дүние түгел теледидардан Олимпиада ойындарын тамашалап отырғанда, Қазақстан астанасында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының ҮІ Консультативтік кездесуі өтті. Жоғары дәрежелі кездесуде тарихы ортақ, дүниетанымы ұқсас халықтардың рухани келбеті қалыптасқан аймақтың алдағы даму бағыты айқындалып, оның жаңа заманауи имиджін қалыптастыру, Орталық Азияны келешекке ұмтылатын әрі мол мүмкіндіктер мекені ретінде танытып, жаһандық сын-қатерлерге бірлесіп қарсы тұру мүддесі байыпталып, сараланды. Орталық Азия президенттерінің бұл кездесуі Олимпиада ойындарымен қатар келуі арасында бір кездейсоқтық болуы мүмкін дегенге сенесіз бе? Бұл жайында не ойлайсыз, құрметті, оқырман?

 

Болат ШАРАХЫМБАЙ
29.08.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 74
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 596
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 712
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 625
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 635

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8767
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8166
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11395
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9149
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10380